Соғыс және кино
Соғыс және кино
«Біз соғысты көрген жоқпыз». Тіпті, біздің әкелеріміз де соғысқа барған жоқ. Бірақ олардың әрқайсысы соғыс жылдары дүниеге келген ұрпақ еді. Тылдағы қиындықтың қандай екенін там-тұмдап болса да, бастан кешірді. Көзбен көрді. Сезінді. Ал бүгінгі жастарға соғыс тақырыбы тіпті таңсық. Көркем әдебиет пен фильмдерден аз-аздап көргені болмаса, ІІ дүниежүзілік соғыстың шынайы бейнесін бойға сіңіре алған жоқ. Олар кеңестік идеология негізінде жазылған шығармалар арқылы ғана тарихтан хабардар болды. Нағыз қаһармандар туралы шындық айтыла қой­мады. Батырлардың ерлігі елеусіз қалды. Ұмытылды. Шаң басқан архивтерде қалып қойды. Бертінде ғана бұл тақырып көтеріле бастады. Оған себеп болған жанның бірі – Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғалиұлы. «Ұмытылған қаһармандар» кітабы – соның нақты дәлелі.  

Әлия мен Мәншүктің кинодағы келбеті

«Ұмытылған қаһармандар» де­мекші, бізде соғыс батырларын ұлықтаған шығармалар кемде-кем. Жоқтың қасы деуге болады. Қаһар­мандардың кинодағы об­ра­­зын табу қиын. Соғыс туралы бар-жоғы бір­неше фильм ғана бар. Оның өзі кеңес дәуірінде түсірілген. «Мергендер» фильмін тү­сірген – қырғыз режиссері Болотбек Шәмшиев. Әлия рө­лінде қырғыз актрисасы Айтұрған Темірова ойнайды. Кеңес Одағының Батыры, қа­зақ­тың мерген қызы Әлия Молдағұлованың соғысқа өз қа­­лауы­мен сұранып, әскердің алдың­­ғы шебінде болған сәтін, Ле­нин­град­ты азат ету ұрысында ерлік­­пен қазақ тапқанын су­реттей­­тін бірден-бір фильм. Ал Мән­шүк­тің образын кинода қал­дырған та­лантты режиссер Мәжит Бегалин еді. Фильм 1980 жылы түсіріл­ді. Оның сценарийін Андрей Михалков-Кончаловский жазған. Мәншүктің рөлін Наталья Арынбасарова сомдады. «Мәншүк туралы жыр» фильмі Беларусь жерінде түсірілді. Бегалин бол­маса, Мәншүктің бейнесі кино тарихында қалмас па еді, кім білсін?! Одан бөлек, Мәжит Бегалин түсірген тағы бір фильм бар. Ол қаһарман Бауыржан Момышұлына арналады. «Мәскеу үшін шайқас» фильмі – КСРО-ның төл туындысы. Картина «Волоколамск тасжолы» повесі негізінде түсірілді. Фильм 1967 жылы шыққан. Ал тағы бір қаһарманымыз Қасым Қайсенов туралы туынды бертінде ғана дүниеге келді. Оны үш бірдей мем­лекет бірігіп түсірді. Қа­зақстан, Ресей мен Украинаға ор­тақ туынды 2013 жылы экранға шықты. «Таңдауға құқық жоқтың» режиссері – Леонид Белозорович, Қасым бейнесін белгілі актер Қуандық Қыстықбаев сомдады. Соғыс келбетін көрсететін тағы бір туынды бар: ол – «Анаға апа­рар жол» фильмі. Оның режиссері – Ақан Сатаев. Бұл фильм 2016 жылы түсірілген. Соғыс кейіп­керлері туралы түсірілген ат төбе­ліндей фильмдер осы ғана.  

Хиуаз бейнесі неге көркем образға айналмады?

Қазақтың тағы бір батыр қызы – ұшқыш Хиуаз Доспанова. Ол Оңтүстік майданда, яғни Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Беларусь, Польша, Германия аспанындағы шай­қасқа қатысқан. Ол кездегі авиа­циядағы штурманның ат­қаратын рөлі ерекше маңызды болатын. Олар ұшақты алдын ала анықталған жау құрамаларының дәл төбесіне әкеліп бомбалайтын. Сондай-ақ олар ұшаққа жау тара­пынан шабуыл жасалғанда әуе шайқасын да жүргізеді. Ал эки­паж командирі алда-жалда мерт болса немесе жаралана қалса, штурман өзі отырған жерінен ұшақты да басқарып, әуедегі шайқасты жалғастыра береді. Әуеде қарша бораған оқтың ара­сында жүріп, осындай бірнеше міндетті бір адамның атқаруы екінің бірінің қолынан келе бер­мейтіні анық. Ал Хиуаз анамыз осы міндетті абыроймен, тіпті асқан шеберлікпен атқара білді. Ол 300-ден астам маңызды тап­сырмаға жіберіліп, барлы­ғында да ерлік көрсетті. Батыр қызға Халық Қаһарманы атағы 2004 жылы берілді. Оның ерлігін бағалаған да тәуелсіз қазақ елі болатын. Өкінішке қарай, Хиуаз бейнесі көркем образға айнала алмады. Не көркем шығарма жа­зылған жоқ, не фильм түсірілмеді. Әттеген-ай дейтініміз де осы.    width=  

«Қатардағы Райанды құтқару»

Бұл фильм 1998 жылы түсіріл­ген екен. Стивен Спилбергтің со­ғыс тақырыбына түсірген осы бір тамаша картинасында Райанды құтқаруға аттанған сарбаздар өмірі баяндалады. Бір сарбаздың өмірін құтқару үшін бірнеше жауынгер қаза табады. Америкалықтар со­ғыс тақырыбына мүлдем жаңа бағытта келген. Мұнда ұрыс-керісті, жауынгерлік ерлікті, көз­сіз батырлықты суреттеуді мақсат тұтпаған. Режиссер бұл фильмге гуманизм тұрғысынан келгені анық. Мұндай оқиғалар қазақта өте көп. Соғыс жылдарында қа­ралы қағаз алмаған қазақ шаңы­рағы кемде-кем. Бір отбасынан төрт бірдей азаматын соғысқа аттандырып, төртеуінен бірдей айырылып, қара жамылып қал­ғандар да жетерлік. Жазушы Әлібек Асқаров «Алтай, алтын бесік, ата жұрт» кітабында: «Фильмнің гуманизмі сонда, қаза болған солдаттар туралы «қа­­рақағаз» жазып отырған қара­пайым машинистка әйел бір ананың үш ұлына бірдей «қара­қағаз» толтырғанын бай­қап қа­лады. Машинистка бұл мә­се­лені өзінің сержант басты­ғы­­на баяндайды. Сержант – кіші офицерге, кіші офицер – үл­кеніне, үлкені – генералға, гене­рал одан жоғарыға баян етеді. Ал­дымен үш ұлдың бірдей қаза­сын анаға қалай жеткізу тура­сында мәселе тұрады. Үш арысы­нан қатарынан айырылған ана жүрегі мұндай қасіретті қайтіп көтерер екен? Кейін оның кенже ұлы барын, ол да ағалары сияқты майданда жүргені анықталады. Мұны естіген қолбасшы дереу кенже ұлды майданнан алып, аман-есенінде үйіне қайтару жөнінде бұйрық береді. Сөйтіп, бір бөлімше солдат кенже ұл Райанды іздеп шығады. Фильм финалында бө­лімше түгелдей қаза болады, бірақ кенже ұлды анасына аман-есен қайтарады. Ал Қабырғаның қасындағы обелискідегі, қалың тізімнің орта тұсындағы қатарынан төрт ағайын­ды азаматтың атын оқы­ғанда жүре­гің мұздайды. Тұмарбаев Қалым Тұмарбаев Қабанбай Тұмарбаев Түсіп Тұмарбаев Құсайын Бір түтіннен төртеу кеткен... Бір шаңырақтан төрт бірдей арыс кеткен. «Қазақтың қасіретінің өл­шеміндей, қайтпапты төрт баласы Тұмарбайдың». (Ғафу) Дариға-ай десеңші, тым бол­маса кенже ұлды құтқарып қалу ешкімнің ойына келмегенін қа­рашы!» деп жазады. Қасірет пе, қасірет! Бұл біз білетін қасіреттің бір парасы ғана.  

Көркем фильм неге жоқ?

Әлия үшін, батыр қыздың ерлігін көркем туындыға арқау еткені үшін Шәмшиевке қарыздар шығармыз. Бегалин де кеңестік идеология құрсауында отырып, Мәншүк туралы жыр жазды. Момышұлы туралы көркем фильм түсірді. Қасым Қайсеновті жазу­шы қылған партизандық өмірі. Ол да айрықша фильмге жүк болуы тиіс еді. Кеңес Одағы Қасым Қайсеновті, Рахым­жан Қошқарбаевты, Хиуаз Доспанова­ны, Төлеген Тоқ­таровты елеусіз қалдырды. Тарихи шын­дық көр­кем туындыға айнала алмады. Одан бөлек, қаншама батыр­лар, қаһар­мандар ескерусіз қалды.    P.S.  

Бұл соғысқа Қазақстаннан 1 миллион 200 мыңнан астам ұл-қыз қатысты. Әрбір екінші отан­дасымыз майданнан орал­мады. Із-түзсіз жоғалғандар қан­шама! 530 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Тәуелсіз Қазақстан тұсында Елбасы Жарлығымен 9 майдангер батырға «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Олардың әрқайсысының ерлігі бір-бір фильмге сұранып тұр. «Қатардағы Райанды құтқару» секілді көркем туындылар неге түсірілмеске?! Әттең дерсің...

 

Гүлзина БЕКТАС