Чемпиондар лигасы 2019: Финал туралы қызық деректер
Чемпиондар лигасы 2019: Финал туралы қызық деректер
259
оқылды

Кеше түнде футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының финалы өтіп, «Ливерпуль» «Тоттенхэмнен» 2:0 есебімен басым түсті.

Мерсисайдтықтар үшін бұл жеті жылдан бергі алғашқы трофей ретінде тіркелді. Соңғы рет 2012 жылы Англия лигасының кубогының финалында «Кардифф Ситиді» пенальтиден жеңген еді.

Юрген Клопп «Ливерпульде» 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Ол соңғы рет 2014 жылы дортмундтық «Боруссиямен» Германия Суперкубогын жеңіп алған. Содан кейінгі трофейі – осы Чемпиондар лигасы.

«Ливерпуль» қорғаушысы Вирджил ван Дейк 64 матчта қатарынан қорғаныста өте мығым ойнады. Ол өзіне қарсы ойнаған шабуылшылардың бірде бірін өткізбеген. Соңғы рет Ван Дейкті 2018 жылдың 3 наурызында «Ньюкасл» жартылай қорғаушысы Микель Мерино алдап өткен еді.

«Ливерпуль» 12-ші еурокубоктық жетістікке жетіп, ағылшын клубтары ішінде көш бастауды жалғастырды. Олар алты рет Чемпиондар кубогын, үш рет Еуропа лигасын және үш рет УЕФА Суперкубогын жеңіп алған.

«Ливерпуль» шабуылшысы Дивок Ориги ЧЛ-дың соңғы алты финалында алаңға алмасып шыққаннан кейін гол соққан бесінші футболшы.

«Ливерпуль» қақпашысы Алиссон кешегі матчта тіке бағытталған сегіз соққыға да тосқауыл болды. Осылайша, ол 2011 жылы «МЮ» қақпашысы Эдвин ван дер Сар орнатқан рекордты қайталады.

Маурисио Почеттино «Тоттенхэм» тізгінін ұстағалы бері екі рет ірі финалда ұтылды. 2015 жылы ол Футбол лигасының кубогы финалында «Челсиден» жеңілген еді.

«Тоттенхэм» өз тарихында тұңғыш рет ЧЛ финалына шығып отыр. Осылайша, бұл турнирдің финалына шыққан сегізінші ағылшын командасы атанды.

«Ливерпуль» ойын бойы допқа иелік ету көрсеткіші бойынша қарсыластан жеңіліп, бірақ матчта жеңіске жеткен алғашқы команда.

Бұл матчта бас төреші ешкімге ескерту қағазын берген жоқ.

Ойын кезінде үстіне қара түсті жүзу киімін киген қыз алаңға жүгіріп шықты. Оны қауіпсіздік қызметкерлері қолтықтап дереу алып кетті.

Енді «Ливерпуль» Еуропа лигасын жеңіп алған «Челсимен» бірге УЕФА Суперкубогын сарапқа салады. Аталған матч 14 тамызда Стамбұлда өтпек.