Мылтықсыз майдан ардагерлері
Мылтықсыз майдан ардагерлері
269
оқылды
Соғыс жылдары тылда еңбек еткендердің еңбегі өлшеусіз. Олар алғашқы жылы мемлекетке 100 млн пұт астық  тап­сырды. Колхозшылар мен совхозшылар өз еркімен жұмыс күнін ұзартып, күні-түні тынбай еңбек етті. Бәрі жоспарды асыра орындауға кірісті. Мұндай дәстүр Ш.Берсиев, Ы.Жақаев, Ким Ман Сам, Зәуре Баймулдина және тағы басқа еңбек озаттарын шығарды. Мәселен, 1942 жылы елімізде 6 809 колхоз болса, онда 491 мыңнан аса ер адам мен 593 мыңнан астам әйел жұмыс істеді. 1943 жылдан бастап егін даласы қысқарып, ел картоп, қант қызылшасы мен бау-бақша егу қамына кірісті. Қазақстанның түкпір-түк­пі­рінде еңбек майданы қызып жатты. Бәрі қолынан келгенінше көмектесіп, жауды жеңуге үлес қосқысы келді. Кәрі-жас, ер-әйел демей еңбек етті. Астық егу, жинау, мал бағу мен мал санын көбейтуге ден қойды. Жоғарыдан қандай үкім келсе де, артығымен орындауға кірісті. Жұртпен қолда барын бөлісіп, артығы болса майдан даласына жіберді. Осындай қиын-қыстау кезеңнің ауыртпалығын Әжібек Даулыбаев пен Тұрсын Халилұлының әңгімесінен сезіне білдік.  

Өгіз үстінде өткен балалық

...Ерте жастан еңбекке аралас­қасын, оның үстіне соғыс кезінде жұмыс таңдау жоқ-ты. Нені бұйырады, соны істейсің. Өгізге, тайға мінесің, кейде жаяулатып мал жаясың. Отар қойды әкеліп, қозыларын көгендеп, қой сауамыз. Сүтті қолмәшинемен тартып, ірім­шік, сүзбе жасаймыз. Егін да­ласында да жұмыс көп. 2-3 адам бірі­гіп сиырларын жегіп, қол­­соқамен жер жыртады. Дән себеміз. Егіннің көтерілгенін күте­міз. Жаз бойы егістікте жүріп, күз­де мектепке барамыз. Арасында қойкезек бар. Одан қалса қолмен орылған егіннің қалғанын жинау жұмысы күтіп тұрады. Балалармен кім көп масақ теретініне бәстесіп, жарысамыз. Сол уақытта еңбегімізге би­дай береді. Бидайды қуырасың, талқандайсың. Оны қолдиірменге тартып, ұн жасаймыз. Киіз үйдің жанында табаға от жағып, әжем нан пісіреді. Ыстық нанның иісіне тойып, қуанатынбыз. Таба нанды бірнеше күн талғажау етуге тырысамыз. Кейде апам­нан еккен егіннің қайда кете­ті­нін сұрайтынмын. Сонда апам «жеңіске жету үшін, сенің келе­шегің мен келер ұрпақ үшін» дей­тін. Осы сөзді есіме түсірсем қолым ауырғанша қолдиірменді айналдыратынмын. Бір сиырымыз болды. Бір сиырға 60 келі ет, 9 келі май салық салады. 9 келі майды күзге дейін өтеу керек. Соның әуре­сімен жүріп, күз келгенін бай­қамай қаламыз. Аудан орталығында интернатта оқыдым. Қолым қалт еткенде ата-апама келіп, көмектесетінмін. Балалығым тыл даласында апам­ның соғысқа кеткен ұлын күтумен өтті. 7 класс бітіріп, қалған клас­ты кешкі мектепте оқыдым. Тель­ман ауданындағы училищеден трак­торшы, комбайншы мамандығын алдым. Ең алғаш комбайнға отыр­ғанда ауылым еске түсті. Міндетті түрде Ақтоғайға барып, егін оруды қаладым. Кезінде қолмен орған егін даласын комбайн үстінен бақылағым келді. Содан тың игеру басталып, ауыл шаруашылығы саласында қызмет еттім. Артынша үйленіп, бала-шағалы болдым. Бірінші жұбайым қайтыс болды. 9 баланы тәрбиелеп өсірдім. Қазір бәрі бір-бір азамат болды. Ал апам 80 жасқа келгенше ұлын күтті. Күдерін үзген жоқ. Іргелес киіз үйде тұратын 2 азамат соғыстан оралды, апамның ұлы сол күйі хабар-ошарсыз кетті. Апамды өзім ақтық сапарға шығарып салдым. Ұлын көрмей өмірден өткеніне іштей қынжыламын. Соғыс бізді ерте есейтті. Бәріне, бірігуге үйретті. Бейнеті көп жыл­дарды емірене еске аламыз.  

Амалсыз атқа мінген кез

Қазақстанның әр қиырындағы жағдай осындай еді. Балалар ерте еңбекке араласып, қолғанат болатын. Келесі кейіпкеріміз Тұрсын Халилұлы да Әжібек ақса­қалдың құрдасы. Ол да тыл дала­сындағы еңбек майданында ержеткен. ... Жаркент жерінде еңбек май­даны қызып тұрған шақ. Әкем соғысқа кеткенде 7-8 жастағы баламын. Сталинград майданына қатысқанын, Харьков жеріндегі шайқаста жараланып, қаза тапқанын кейін білдім. 1943 жылы әкемнің артынан қарақағаз келді. Сонда әкімшілік адамдары ауылға келіп, мені ортаға алып, әкемнің ерлігін баяндады. Ел алдында еңсем көтеріліп, қарақағаздың қайғысын бір сәт ұмытқандай болдым. Жиналыс барысында басшымыз «сен де әкеңдей Отанға қызмет етіп, еңбегіңмен таныл» деді. Естіген жалынды сөз әлі есімде. Кейде ойлап отырып, көзіме жас келеді. Сондағы жігерлі сөз әр кез жадымда, ұмытқан жоқпын. Қарап отырсам, мойымай, ертеңгі күннен үміт үзбеуге үйреткен естелік екен. Біз барымызды соғысқа бердік. Шешелеріміз күн-түн демей еңбек етті. Егіс даласында, мал соңында, қала берді үй шаруасын да дөңгелетіп әкететін. Ол кезде комбайн атымен жоқ. Ел егінді қолмен егіп, оратын. Әпкелеріміз сепкен егіннің үстіне тырма салатын. Киетін резеңке етік жоқ, жалаңаяқ жүріп жұмыс істейтін. Қарасаң аяқтары қан жоса. Нәзік жанбыз демей, ештеңені елемей ерлермен қатар жүргені бізге күш беретін. Соларға қарап, жанымыз ауырса да жасымауға тырысатын­быз. Егіс даласы ауылдан 3 шақырым жерде-тін. Сондықтан түскі үзілісте үйге бармай, егіс басында тамақ ішетінбіз. Тамақ дегенде бір кісіге 200 грамм нан мен көже береді. Сонда шешеміз нанның жартысын бізге бөліп беретін. Бірде аш, бірде тоқ жүрдік. Осындай жанкешті еңбектің арқасында соғысты жеңдік. Байқасам, сол тұста тыл­дағы адамдар екінші флотта тұрып жаумен шайқасқан екен. 10 жасар бала болсақ та бер­ген тапсырманы бұлжытпай орын­дауға тырысамыз. Бірде маған жылқы бағуға бұйырды. Ауылдағы жылқыны соқаға жегеді, мініс аттар бар. Қалғанын алдыма үйіріп айдаймын. Аттың үстіне алғаш мінгенде қатты қобалжыдым. 10 жастағы балаға үйір жылқы дес бермейтіні тағы бар. Амалын тауып жүріп, қайыратынмын. Күндіз өзім, кешке Жұмаш аға бағатын. Кезекті өткізіп бергенше жаным қалмайтын. Қолдан келгенше үлкен кісі­лерге көмек бердік. Мектепті жүрдім-бардым оқыдық. Жағдай сондай-ды. Әупірімдеп жүріп 6 класс бітіріп, әскерге кеттім. 1958 жылы жүргізуші куәлігін алып, ауылда жұмыс істедім. Еңбегімді елеп, бригадир сайлады. Солай 20 жыл бойы бел шешпей еңбек еттік. Тың игеруге қатыстық. Кіш­кене кезімізден жұмысты тал­ғамай істегеннен бе, бәріне икемді болдық. Өмір үйретті. Иә, олар қолдан келгенін ая­нып қалған жоқ. Таңсық кәсіпті меңгер дегенінде «білмеймін емес, үйренемін» деп жауап бер­ді. ҚазірҰлы Отан соғысы ардагер­лерімен қатар тыл ардагерлерінің де қатары сиреді. Алды 90 жасты алқымдады. Қазір елімізде 109 мыңнан астам тыл ардагері бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов баспасөз мәслихатының бірінде соғыс жылдары еңбек еткен тыл еңбеккерлеріне 30 мың теңгеден кем емес материалды көмек берілетінін мәлімдеген-ді. Төлем барлық аймақта жүр­гізі­летінін, 7 өңірде сыйақы үлестірілгенін айтқан еді.  

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ