Қазақтың қайсар ұлы Қасым Қайсенов
Қазақтың қайсар ұлы Қасым Қайсенов
1,253
оқылды
«Мен тумысымда қатал емес едім. Жұртты аяғыш едім. Бала ке­зім­де далада жат­­қан жас шыбықты да, «түн­де қор­қады ғой» деп аяп, ұйық­­­­та­ғанда қойныма алып жа­та­тын­мын. Кісі өлтіре­тін­дей қаты­гездік менің бо­йым­да жоқ еді. Соғыс бізді қаты­гез­дікке үй­ретті, кекті оят­ты. Атыс­та аяу­шылық болмайды екен. Со­ғыс заңы – қатал. Жас кезде жа­­са­ған кейбір тен­тектігімді есі­ме ала­мын да, ой­ланамын». Иә, Екінші дүниежүзілік со­ғыс­тың даңқты жауынгері, атақ­ты партизан, жазушы, Халық Қа­һар­маны Қасым Қайсеновтің тағ­дыры өзі жазып кеткендей тікелей совет-герман соғысымен тікелей байланысты. Алғаш 1939 жылы әскер қатарына шақырылған 21 жастағы жігіт Мәскеу маңындағы арнайы барлау диверсия мектебіне жіберіледі. Нақты орналасқан жері мен атауының өзі құпия болған оқу орнында шетелде қызмет атқарып келген кәсіби барлаушылар дәріс береді. Кейіннен батырдың жеке хатшысы болып қызмет еткен бел­гілі суретші Еркін Нұразханның айтуынша, курсанттар олардың шын аты-жөндерін де білмеген екен. Қасым Қайсенов осы мектепте күшті дайындықтан өтіп, барлық жағынан шыңдалып шығады. Осы бір ерекше мектепте екі жылдай оқыған Қасымның өзі де барлаушылардың жазылмаған заңы бойынша «Вася» деген лақап атты иеленеді. Бұл есімді ол әкесінің ауыл­дағы досы Василийдің құрметіне таңдаған деседі. Осылайша, жалған құжат арқылы соғысқа Василий Михайлович Булатов есім-сойын арқалап кірген жас жігіттің майдан­дағы өмірі басталады. 1941 жылдың қара күзі. Барлау ісінің қыр-сырын бір жылдан аса уақыт меңгерген соң, құпия мек­теп­тің арнайы курсынан өткен жауынгерлерді жалғыз күнде ит тұмсығы өтпейтін жыныс тоғайға әкеп тастайды. Қарамағындағы он жауынгермен бірге парашютпен түскен бетте, аяқтары жерге тимей жатып қалың жаудың қоршауында қалған Қасым қасындағы серікте­рі­нен түгел айырылады. Өзі он шақты күн бойы ну орманның ішінде бой тасалап, нәр сызбай, аштықта жан сауғалайды. Қасымның өзі қару-жарақты жетік меңгерген, өте қарымды жауынгер болған. Ол пышақ лақтыру, кездік қадау, жекпе-жек ұрыстың түрлі әдістерін игеріп, әбжіл қимылдайтын. Қас-қағым сәтте қарсыластың дымын шығармай, оп-оңай мерт қылады екен. Бұл жайында кейіннен батыр­дың өзі «Мен адам өлтірудің 120 тәсілін білдім. Үлкен жаттығудан өтіп, соғыс тәсілін меңгеруімнің ар­қа­сында көп шайқаста аман қа­лып, сытылып шығып жүрдім» деп жазыпты.  

ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛҒАН ЕРЛІК ІСТЕР

Қасым 1941 жылдың қарашасы мен 1943 жылдың қыркүйегі аралы­ғын­да яғни, екі жылдың ішінде екі адамнан бастап 7 мың жауынгерге дейін жеткен ірі партизан тобының құра­мына еніп, өзі №6 отрядтың ко­мандирі болады. Осылайша, Украинаның ну ормандары оның екінші үйіне айналады. Қасымның қас батырлығы ту­ра­лы аңызға бергісіз ақиқат өте көп. Солардың бірі 1943 жылдың 21-22 қыркүйек күндері болған. Қасым Қайсенов басқаратын 120 мүшесі бар партизан отряды түн қараңғылығында тұтқиылдан ұрыс сала жүріп Григорьевка, Луковицы, Заруби­нцы хуторларынан неміс­тер­ді түгел қуып, ауылдарды бо­са­тып алады. Осы шайқаста Ке­ңес әскерлері шабуылға шық­қан­ша бір­неше елді мекенді жан­кеш­ті­лік­пен қорғап қалған отрядтың жүзге жуық партизаны ерлікпен қаза табады. Кеңес әскерлері Днепрдің оң жағалауына өткенде Қасым отря­­дынан 20 шақты адам ғана тірі қал­ған еді. Тарихшы Қанат Еңсе­нов­тің зерттеуінше, Отан соғысы жылдарындағы Сталинград пен Курск шайқасынан кейін үшінші ірі майдан Днепр бойында Кеңес әскерінен 1,5 млн адам, немістен 1,6 млн адам қаза тапқан. «Осы шайқаста ерлік көрсеткен Қасым Кеңес Ода­ғы­ның батыры атағын алуы ке­рек болған. Бірақ қиян-кескі ұрыс­та оны өлдіге санаған басқа отрядтың командирі Александр Тканко Харь­ков қаласында отырған Хру­щевтің шта­бына жағдайды ха­барлап, «ерлік» жасағанын мәлім­дейді де, Кеңес Ода­ғының батыры атағын иеленеді», – дейді Қанат Еңсенов. Осы­лай­ша, Днепр үшін болған шай­қаста Бук­рин плацдармын да­йын­­дау үшін ар­палысқан Қасым Қайс­еновтің ұлы ерлігі мүлде еске­ру­сіз қалады. 1944 жыл. Қасымның қайсарлығы сыналған тағы бір ұрыс. 700-ге жуық соғыс тұтқыны қамалған «Белая Таня» концлагеріне Қасым Қайсенов бастаған отряд шабуыл жасайды. Жау лагерьге баратын жолдың барлық бағытын түгелдей миналап, шегініп жатса лагерьді жарып жі­беруге дайын отырған. Ержүрек Қа­сым бастаған партизандар тап­сырманы тап-тұйнақтай етіп орын­­дайды. Бұл ғажайып ерлік КСРО Қорғаныс министрі болған мар­шал А.Гречконың «Карпаттан асу», генерал В.Лавриненковтың «Ас­пан­ға қайтып оралу», әскери тарих­шы Г.Уткиннің «Шығыс жота­сына шабуыл» еңбектерінде жан-жақты жазылған. Жалпы, партизан Қасым Қай­се­нов 1941 жылғы қараша мен 1944 жылғы маусым аралығында жау тылына төрт рет десантпен түсі­ріл­ген. Әуелі 1941 жылы 19 қара­ша­да Украинаға, 1943 жылдың со­ңында Молдавия жеріне, 1944 жыл­дың басында Румынияға, соңғы рет 1944 жылдың маусым айын­да Карпат тауына парашютпен түскен. Со­ның барлығында да жанын­да­ғы майдандас достары әртүрлі жағдайда өлім құшса, кейде санаулы достарымен, кейде жеке өзі аман қалып отырған. «Мен соғыс кезiнде ажалдың ал­дына күн сайын неше барып, неше қайтқан адаммын. Перiштем қақты ма, әлде су iшкiлiгiм болды ма, соның бәрiнде аман қалдым. Ал алғаш шабуылға шыққан күнi-ақ бiрiншi оққа ұшқан бейшаралар аз ба?! Солардан менiң қай жаным артық едi. Ендеше мына көрiп жүр­ген күндерiмдi «олжа» демей не дей­мiн?», – деп жазады партизан жазу­шы кейіннен.  

ҚАРУДЫ ҚАЛАМҒА АЙЫРБАСТАҒАН ПАРТИЗАН

1945 жылы өздері Вася атап кет­кен Қасымды Украина басшылы­ғы еліне жіберуге құлықсыз болады. Сөйтіп, оған бір кеңшардағы ет ком­би­натына директор болуға ұсыныс жасайды. Сол кезде қазақтың тағы бір партизан ұлы, ақын Жұмағали Саин Украинада жүрген Қасымды кездейсоқ кездестіріп қалады да, оны Алматыға ертіп келеді. Сұра­пыл соғыс жылдары от кешіп, қан май­дан­нан оралғанымен, бол­мы­сынан батыр мінезді Қасым бейбіт өмірге бірден бейімделіп кете алмайды. Соғыс жаңа біткен, ел есін жия қой­маған кез, жұмыс жоқ. Ыңғайлы жұмыстың табылмауы, пәтерден-пәтерге көшіп, күнкөрістің қиындап кеткені батырдың жанына қатты бата­ды. Қасымның қиналып жүр­генін сезген майдангер достарының бірі, партизан ақын Жұмағали Саин оған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хат­шысы Жұмабай Шаяхметовтің қабылдауына кіруге кеңес береді. Осылайша, Қасым Жұмабай Шаях­ме­товтің нұсқауымен Жоғарғы Кеңес­тің ақпараттық-статистикалық бөлімінің референті боп қызметке орналасады. Алайда мемлекеттік қызметке мойынсұна алмаған кешегі жауынгер 1945 жылы бір емес, екі мәрте соғысқа қашады. Екеуінде де вокзалда ұсталып қалады. Ақыры айт­қандарына көндіре алмаған соң, оны Орталық комитет арнайы жол­д­а­мамен партия мектебіне оқуға жібереді. 1950 жылдардың басында Қасым Қайсенов баяғы майдангер досы, партизан ақын Жұмағали Саин арқылы әдебиетшілермен араласа бастайды. Майдан даласынан от кешіп келген офицер қаламгерлер Қасым Аманжолов, Хамит Ерға­лиев, Сырбай Мәуленов, Мұзафар Әлім­баев­тармен танысады. Солардың ықпалымен әдеби ортаның табал­ды­­рығын аттайды. Партизан соғыс­та­рын ауызша әңгімелеп жүрген Қасымға сол кезде қаламдас достары естеліктерін қағазға түсіру туралы кеңес береді. Кейіннен партизандық өмір жолын, қарулас жолдастарының қаһармандығын бейнелейтін «Жас партизандар», «Ажал аузында», «Жау тылындағы бала», «Партизан соқ­пақтары», «Днепрде», «Жау ты­лын­да», «Елімнің ертеңіне сенемін», «Ес­теліктер мен жазбалар» секілді көп­теген кітаптарын құнарлы тілмен оқырман жүрегіне жеткізеді. Қасым Қайсенов Екінші дүние­жү­зілік соғыстағы ерлігі үшін Отан соғы­сының бірінші дәре­же­лі ор­де­ні­мен, үш рет Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесінің Құрмет гра­мо­тасы­мен және көптеген медальмен ма­ра­патталған. Бірақ Кеңес Ода­­ғы­ның ба­тыры атағы мен жазу­шы­лық қы­рымен танылған кездегі ең­бек­те­ріне Мемлекеттік сыйлық беріл­мей­ді. Есесіне, қас батыр Қасым – ерлікті аңсаған жас ұрпақтың ең сүйікті кейіпкері. Тек қазақ азат ел болған тұста Президент Жар­лығымен 1995 жылы Қасым Қай­се­нов Тәуелсіз Қазақстанның Халық Қа­һарманы атағы мен «Отан» орде­нін алғашқылардың бірі болып кеу­де­сіне тағады. Жаһанды тітірткен соғыстың біт­­кеніне биыл – 75 жыл. Бұл аз уа­­қыт емес. Адамзат тарихындағы ең сұра­пыл соғыстың аяқталғанына жар­ты ғасырдан асса да, ұрпақ май­­дангерлердің ерлігін ешқашан ұмыт­пайды. Олардың қайсарлығы мәңгі жұрт жадында.  

Бауыржан БАЗАР