«Мен тумысымда қатал емес едім. Жұртты аяғыш едім. Бала кезімде далада жатқан жас шыбықты да, «түнде қорқады ғой» деп аяп, ұйықтағанда қойныма алып жататынмын. Кісі өлтіретіндей қатыгездік менің бойымда жоқ еді. Соғыс бізді қатыгездікке үйретті, кекті оятты. Атыста аяушылық болмайды екен. Соғыс заңы – қатал. Жас кезде жасаған кейбір тентектігімді есіме аламын да, ойланамын». Иә, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, атақты партизан, жазушы, Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің тағдыры өзі жазып кеткендей тікелей совет-герман соғысымен тікелей байланысты. Алғаш 1939 жылы әскер қатарына шақырылған 21 жастағы жігіт Мәскеу маңындағы арнайы барлау диверсия мектебіне жіберіледі. Нақты орналасқан жері мен атауының өзі құпия болған оқу орнында шетелде қызмет атқарып келген кәсіби барлаушылар дәріс береді. Кейіннен батырдың жеке хатшысы болып қызмет еткен белгілі суретші Еркін Нұразханның айтуынша, курсанттар олардың шын аты-жөндерін де білмеген екен. Қасым Қайсенов осы мектепте күшті дайындықтан өтіп, барлық жағынан шыңдалып шығады. Осы бір ерекше мектепте екі жылдай оқыған Қасымның өзі де барлаушылардың жазылмаған заңы бойынша «Вася» деген лақап атты иеленеді. Бұл есімді ол әкесінің ауылдағы досы Василийдің құрметіне таңдаған деседі. Осылайша, жалған құжат арқылы соғысқа Василий Михайлович Булатов есім-сойын арқалап кірген жас жігіттің майдандағы өмірі басталады. 1941 жылдың қара күзі. Барлау ісінің қыр-сырын бір жылдан аса уақыт меңгерген соң, құпия мектептің арнайы курсынан өткен жауынгерлерді жалғыз күнде ит тұмсығы өтпейтін жыныс тоғайға әкеп тастайды. Қарамағындағы он жауынгермен бірге парашютпен түскен бетте, аяқтары жерге тимей жатып қалың жаудың қоршауында қалған Қасым қасындағы серіктерінен түгел айырылады. Өзі он шақты күн бойы ну орманның ішінде бой тасалап, нәр сызбай, аштықта жан сауғалайды. Қасымның өзі қару-жарақты жетік меңгерген, өте қарымды жауынгер болған. Ол пышақ лақтыру, кездік қадау, жекпе-жек ұрыстың түрлі әдістерін игеріп, әбжіл қимылдайтын. Қас-қағым сәтте қарсыластың дымын шығармай, оп-оңай мерт қылады екен. Бұл жайында кейіннен батырдың өзі «Мен адам өлтірудің 120 тәсілін білдім. Үлкен жаттығудан өтіп, соғыс тәсілін меңгеруімнің арқасында көп шайқаста аман қалып, сытылып шығып жүрдім» деп жазыпты.
ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛҒАН ЕРЛІК ІСТЕР
Қасым 1941 жылдың қарашасы мен 1943 жылдың қыркүйегі аралығында яғни, екі жылдың ішінде екі адамнан бастап 7 мың жауынгерге дейін жеткен ірі партизан тобының құрамына еніп, өзі №6 отрядтың командирі болады. Осылайша, Украинаның ну ормандары оның екінші үйіне айналады. Қасымның қас батырлығы туралы аңызға бергісіз ақиқат өте көп. Солардың бірі 1943 жылдың 21-22 қыркүйек күндері болған. Қасым Қайсенов басқаратын 120 мүшесі бар партизан отряды түн қараңғылығында тұтқиылдан ұрыс сала жүріп Григорьевка, Луковицы, Зарубинцы хуторларынан немістерді түгел қуып, ауылдарды босатып алады. Осы шайқаста Кеңес әскерлері шабуылға шыққанша бірнеше елді мекенді жанкештілікпен қорғап қалған отрядтың жүзге жуық партизаны ерлікпен қаза табады. Кеңес әскерлері Днепрдің оң жағалауына өткенде Қасым отрядынан 20 шақты адам ғана тірі қалған еді. Тарихшы Қанат Еңсеновтің зерттеуінше, Отан соғысы жылдарындағы Сталинград пен Курск шайқасынан кейін үшінші ірі майдан Днепр бойында Кеңес әскерінен 1,5 млн адам, немістен 1,6 млн адам қаза тапқан. «Осы шайқаста ерлік көрсеткен Қасым Кеңес Одағының батыры атағын алуы керек болған. Бірақ қиян-кескі ұрыста оны өлдіге санаған басқа отрядтың командирі Александр Тканко Харьков қаласында отырған Хрущевтің штабына жағдайды хабарлап, «ерлік» жасағанын мәлімдейді де, Кеңес Одағының батыры атағын иеленеді», – дейді Қанат Еңсенов. Осылайша, Днепр үшін болған шайқаста Букрин плацдармын дайындау үшін арпалысқан Қасым Қайсеновтің ұлы ерлігі мүлде ескерусіз қалады. 1944 жыл. Қасымның қайсарлығы сыналған тағы бір ұрыс. 700-ге жуық соғыс тұтқыны қамалған «Белая Таня» концлагеріне Қасым Қайсенов бастаған отряд шабуыл жасайды. Жау лагерьге баратын жолдың барлық бағытын түгелдей миналап, шегініп жатса лагерьді жарып жіберуге дайын отырған. Ержүрек Қасым бастаған партизандар тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындайды. Бұл ғажайып ерлік КСРО Қорғаныс министрі болған маршал А.Гречконың «Карпаттан асу», генерал В.Лавриненковтың «Аспанға қайтып оралу», әскери тарихшы Г.Уткиннің «Шығыс жотасына шабуыл» еңбектерінде жан-жақты жазылған. Жалпы, партизан Қасым Қайсенов 1941 жылғы қараша мен 1944 жылғы маусым аралығында жау тылына төрт рет десантпен түсірілген. Әуелі 1941 жылы 19 қарашада Украинаға, 1943 жылдың соңында Молдавия жеріне, 1944 жылдың басында Румынияға, соңғы рет 1944 жылдың маусым айында Карпат тауына парашютпен түскен. Соның барлығында да жанындағы майдандас достары әртүрлі жағдайда өлім құшса, кейде санаулы достарымен, кейде жеке өзі аман қалып отырған. «Мен соғыс кезiнде ажалдың алдына күн сайын неше барып, неше қайтқан адаммын. Перiштем қақты ма, әлде су iшкiлiгiм болды ма, соның бәрiнде аман қалдым. Ал алғаш шабуылға шыққан күнi-ақ бiрiншi оққа ұшқан бейшаралар аз ба?! Солардан менiң қай жаным артық едi. Ендеше мына көрiп жүрген күндерiмдi «олжа» демей не деймiн?», – деп жазады партизан жазушы кейіннен.ҚАРУДЫ ҚАЛАМҒА АЙЫРБАСТАҒАН ПАРТИЗАН
1945 жылы өздері Вася атап кеткен Қасымды Украина басшылығы еліне жіберуге құлықсыз болады. Сөйтіп, оған бір кеңшардағы ет комбинатына директор болуға ұсыныс жасайды. Сол кезде қазақтың тағы бір партизан ұлы, ақын Жұмағали Саин Украинада жүрген Қасымды кездейсоқ кездестіріп қалады да, оны Алматыға ертіп келеді. Сұрапыл соғыс жылдары от кешіп, қан майданнан оралғанымен, болмысынан батыр мінезді Қасым бейбіт өмірге бірден бейімделіп кете алмайды. Соғыс жаңа біткен, ел есін жия қоймаған кез, жұмыс жоқ. Ыңғайлы жұмыстың табылмауы, пәтерден-пәтерге көшіп, күнкөрістің қиындап кеткені батырдың жанына қатты батады. Қасымның қиналып жүргенін сезген майдангер достарының бірі, партизан ақын Жұмағали Саин оған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтің қабылдауына кіруге кеңес береді. Осылайша, Қасым Жұмабай Шаяхметовтің нұсқауымен Жоғарғы Кеңестің ақпараттық-статистикалық бөлімінің референті боп қызметке орналасады. Алайда мемлекеттік қызметке мойынсұна алмаған кешегі жауынгер 1945 жылы бір емес, екі мәрте соғысқа қашады. Екеуінде де вокзалда ұсталып қалады. Ақыры айтқандарына көндіре алмаған соң, оны Орталық комитет арнайы жолдамамен партия мектебіне оқуға жібереді. 1950 жылдардың басында Қасым Қайсенов баяғы майдангер досы, партизан ақын Жұмағали Саин арқылы әдебиетшілермен араласа бастайды. Майдан даласынан от кешіп келген офицер қаламгерлер Қасым Аманжолов, Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов, Мұзафар Әлімбаевтармен танысады. Солардың ықпалымен әдеби ортаның табалдырығын аттайды. Партизан соғыстарын ауызша әңгімелеп жүрген Қасымға сол кезде қаламдас достары естеліктерін қағазға түсіру туралы кеңес береді. Кейіннен партизандық өмір жолын, қарулас жолдастарының қаһармандығын бейнелейтін «Жас партизандар», «Ажал аузында», «Жау тылындағы бала», «Партизан соқпақтары», «Днепрде», «Жау тылында», «Елімнің ертеңіне сенемін», «Естеліктер мен жазбалар» секілді көптеген кітаптарын құнарлы тілмен оқырман жүрегіне жеткізеді. Қасым Қайсенов Екінші дүниежүзілік соғыстағы ерлігі үшін Отан соғысының бірінші дәрежелі орденімен, үш рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және көптеген медальмен марапатталған. Бірақ Кеңес Одағының батыры атағы мен жазушылық қырымен танылған кездегі еңбектеріне Мемлекеттік сыйлық берілмейді. Есесіне, қас батыр Қасым – ерлікті аңсаған жас ұрпақтың ең сүйікті кейіпкері. Тек қазақ азат ел болған тұста Президент Жарлығымен 1995 жылы Қасым Қайсенов Тәуелсіз Қазақстанның Халық Қаһарманы атағы мен «Отан» орденін алғашқылардың бірі болып кеудесіне тағады. Жаһанды тітірткен соғыстың біткеніне биыл – 75 жыл. Бұл аз уақыт емес. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың аяқталғанына жарты ғасырдан асса да, ұрпақ майдангерлердің ерлігін ешқашан ұмытпайды. Олардың қайсарлығы мәңгі жұрт жадында.Бауыржан БАЗАР