Батырлар жайлы антология көрсетіледі
Батырлар жайлы антология көрсетіледі
158
оқылды
Алдағы мереке  күндері «Ас­тана» телеарнасынан «Қа­зақстандықтар – Кеңес Ода­ғының Батырлары» де­рек­ті бейнеантологиясы көр­се­тіледі. Бұл туралы Nur Otan партиясы Төрағасының Бі­рін­ші орынбасары Бауыр­жан Байбек Facebook желісіндегі парақшасында айтты.  «Құрметті достар! Сіздерді Жеңіс­тің 75 жылдығы қарсаңында «Ас­тана» телеарнасында «Қа­зақ­стан­дықтар – Кеңес Одағының Ба­тырлары» деректі бейнеан­то­ло­гиясы көрсетіле бастайтыны ту­ралы хабардар етпекпін. Ұлы Отан соғысына Қазақ­стан­ның 1 миллион екі жүз мың­нан астам ұл-қызы қатысты. Әр­бір екінші отандасымыз май­дан­нан оралмады. 530 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасының жарлығымен Ұлы Отан соғысының тағы 9 қа­тысушысына «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Даңқты қаһарман­да­ры­мыз­дың ерлік тарихы таңбаланған 70 деректі фильмнен тұратын бұл ки­нотуындылар желісі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тап­сыр­ма­­­сымен 2015 жылы түсірілді. Бұл үшін «Ардагерлерді ардақтайық» пар­тиялық жобасының аясында ау­қымды архив материалдары жи­нақталды. Сонымен бірге мұн­да майданнан жазылған хаттар мен жеке жазбалар да қамтылды. Алдағы мерекелік демалыс күн­дерін ескерсек, қазақ­стан­дық­тарға Бауыржан Момышұлы, Ра­қымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Әлия Мол­дағұлова, Сергей Луганский, Мән­шүк Мәметова, Сағадат Нұр­ма­ғам­бетов, Нұркен Әбдіров сын­ды аты аңызға айналған қаһар­мандарымыз бен басқа да ба­тырларымыздың ерлігі, олар­дың соғыстан кейінгі өмірі тура­лы тағы да бір еске түсірудің ке­ре­­мет мүмкіндігі ұсынылып отыр. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын сұрапыл соғыста қан төк­кен, майданның бар қажетін қам­тамасыз ету үшін тылда жан ая­май еңбек еткен ардагерлеріміздің қатары сиреп барады. Ел тәуелсіздігінің тұғырын ны­ғай­ту барысында еш қиын­дық­қа қарамастан, Елбасының сын­дар­лы саясатының арқасында тұ­­рақ­тылық, бейбітшілік пен ке­­лісім сақталды. Сондықтан біз, әсі­ресе жас буын, бүгінгі бейбіт те еркін өміріміз үшін басын бәй­геге тігіп, сол жолда жанқияр­лық­­­пен шайқасқан қазақстандық қаһар­ман­дарымыздың ұлы ерліктерін ешқашан ұмытпауымыз керек. Аға буынның ерлігі мен намы­сы, ержүректігі мен адалдығы, дос­­тығы мен отаншылдығы бү­гін­гі және болашақ Отан қор­ғау­шы­ларымызға үлгі болуға тиіс. Баршаңызды алдағы Отан қор­ғаушылар күнімен және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жыл­дығымен құттықтаймын!» деп жаз­ды Бауыржан Байбек. Айта кетейік, аталған фильм­дер­ді «Астана» телеарнасының эфи­рінен бөлек, YouTube-тегі ар­надан және  әлеуметтік желі­лер­дегі @Astana.TV парақша­лары­нан да тамашалауға болады.  

 Клара НАҚЫП