Қазақстанда тіркеуден өте алмаған жаңа саяси партиялардың нақты санын жария етті
Қазақстанда тіркеуден өте алмаған жаңа саяси партиялардың нақты санын жария етті
Фото: Интернеттен алынды
Қазақстанда жеті жаңа саяси партия тіркеуге тұра алмады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Әділет вице-министрі Наталья Пан мәлім етті. «Өкілетті орган ретінде Әділет министрлігі саяси партиялардың мемлекет тіркеуінің статистикасын жүргізеді. Осы орайда 2017-2018 жылдармен салыстырғанда, 2019 жылда саяси белсенділіктің жоғарылағаны байқалды. Бүгінде тіркелмеген 7 ұйым бар», – деді Наталья Пан. Ол саяси партиялар не себепті тіркелмегенін де айтты.
«Тіркеуден бас тартудың себебіне тоқталсақ, жетеудің бесеуі бастамашы топтардың тізімін ұсынбауына қатысты. Біреуінде ұйымдастыру комитеті қызметінің мерзімі өтіп кеткен, заңда алты айлық мерзім қарастырылған. Бұл тұрғыда Әділет министрлігі тіркеуден бас тартуға мәжбүр болады. Тағы бір бірлестік тексеруден өтіп жатыр, яғни оның мүшелері шетел азаматтары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметші, судья болмауы керек. Осындай шектеулер бар. Осы ретте жалпы жеті бірлестік бар», – деді Әділет вице-министрі Наталья Пан.
Біз бұған дейін Парламенттік оппозиция институтын құру заңмен бекітілгенін хабарлаған болатынбыз.