Қос майданды өткерген
Қос майданды өткерген
291
оқылды
Өмірдің тарихи кезеңі үнемі жаңғырып, жаңаланып отыра­ды. Десе де, адамзат ғұмырында ұмытылмайтын, ескірмейтін тарихи оқиғалар жетерлік. Соның қатарындағы Екінші дүниежүзілік соғыс тарих бедерінде мәңгі сақталды. Өйткені сұм соғыста Отан үшін от кешкен жауынгерлер адам айтса сенгісіз күндерді басынан өткерді. Сол ерлердің арқасында биыл Жеңіске 75 жыл толады.  Ал бір емес, қос майданды басынан өткерген адам бар десе, сенер ме едіңіз? Әйгілі жазушы Эрих Мария Ремарк пен Эрнест Хемингуэй шығармаларында екі соғысты көрген сарбаздар жайлы айтыла­тын. Қан майдандағы небір сұ­ра­пыл оқиғалардың басы-қа­сын­да жүрген осындай қазақ аза­маттары да бар. Солардың бірі Сыр өңірінен майданға аттанған Досқали Тұрлыбекұлы хақында әңгіме етпекпіз. Тереңөзек ауданына (қазіргі Сырдария ауданы) қарасты Бес­өзек елді мекенінде 1909 жы­лы, «күріш біткенде» (нақ­ты күні белгісіз) дүние дида­рын аш­қан Досқали Тұрлы­бекұлы­ның тағдыры теперішке толы болған десек, артық айтқандық емес. Әсіресе, Досқалидың тәр­бие­сінде әжесінің рөлі зор. Бас­тауыш мектепте білім алғаннан кейін бала Досқали еңбекке ерте араласып, тез есейген. Осы­дан кейін ол балғын шақта әке-ше­ше­сінен айырылды. Со­дан бастап қиыншылық ке­зең­­дер­ге тап болып, ерте жастан небір нәубетті бастан өткерді. Алды­мен Қазан төңкерісінің жалғасы болған Азамат соғысына қа­тыс­­қан екен. Азамат соғысы бас­­­тал­ғанда бай-шонжарлар әке-ше­шеден ерте айырылған 13 жастағы баланың құжатын «1902 жылы туған» деп өзгертіп, бай­дың баласының орнына со­ғыс­қа аттандырыпты. Сөйтіп, жас­­тайынан Азамат соғысын­дағы қанды қырғынды көреді. Азамат соғысынан кейін қа­зақ даласын тағы бір нәубет бас­қан еді. Айтпағымыз, 1930-1932 жылдардағы ашаршылық бола­тын. Бұл кезеңде Досқали Тұрлыбекұлы аянбай еңбек етіп, қиыншылықты қатар көр­ген ауыл тұрғындарына қол­дан кел­ген көмегін көрсетіп бақ­ты. Оның игілікті ісін ауыл тұр­ғын­­­­дары «елде нанның тапшы ке­зінде бір уыс бидайдан үйді-үйге таратып беретін» деп еске ала­ды. Сондай ізгі қасиетімен ол елге танылды. Осындай ерлердің ар­қа­сында сол бір нәубетті арып-ашы­са да, халық аман-есен еңсе­ріп, ауыл тұрмысы қайта жан­дан­ды. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз өлмейді» деуші еді халқымыз. Ашаршылықтан ке­йін қазақ жұрты тағы бір қиын кезеңге тап болды. Екін­ші дүниежүзілік соғыстың өрті тұ­танды. Епті деген ер жігіттер­дің бәрі майдан даласына ат­тан­­ды. Отан үшін оқ пен от­тың ортасында жүріп, жауға қар­сы шықты. Сол сап түзеген жауынгерлер арасында Досқали Тұр­лыбекұлы да болды. Ол 1941 жылы Тереңөзек аудандық әс­кери комиссариат арқылы әс­­кер қатарына шақырылып, май­дан шебіне жіберілген. Сұра­пыл соғыста жаяу әскер құра­мында болған. Дон өзені жаға­­лауындағы ұрыста ерлік көр­сетіп, Украинаны азат ету май­­данына қатысады. Сол ұрыс­та зеңбіректен атылған оқ оның көзі мен қолын жаралаған. Осы жара­қа­­тынан кейін соғысқа қатыса алмай, 1944 жылы елге оралады. Майдан даласындағы көрсеткен ерлігі үшін «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталған. Елге келгеннен кейін егін егумен айналысады. «Шалқайып елден сұрағанша, еңкейіп жерден сұра» деген тәмсілді ұғып, ата кәсіппен айналысқан Досқали Тұрлыбекұлы бұл салада да ай­тар­лықтай жетістікке жеткен. Аудан бойынша күріш өнімін өндіруден жоғары межеге жетіп, «Ерен еңбегі үшін» медалін кеу­десіне таққан. Сол егін даласына су жіберу үшін қатарлас азамат­тар­мен бірге канал қазған. Осы ең­бегінің белгісі ретінде көп­ші­лік атап кеткен «Досқали шлюзі» ата­латын тоған әлі күнге дейін бар. Майдангер өмірлік серігі Айым­­торы Байкенқызымен 3 ұл, 3 қызды тәрбиелеп өсір­ген. Осын­ша нәубеттен кейін май­дан­гер 1987 жылы 78 жа­сын­да дү­­ниеден озды. Ұл-қызда­ры со­­­ғыс жайлы сұрағанда «Жаман­дық жай­лы айтпайды» дейді екен қа­рия. – Атамды ес білгелі көр­ген емеспін. Тек үйдегілер қар­тай­ған шағында бос бесікті тер­­бетіп, «шаңыраққа өзіме ұқса­ған ұл келеді» деп айтады екен. Атамның көзі көк екен, балаларының көзі ұқсамады да, менің көзім көк болды. Соғыста снаряд тиген бір жақ көзі пласт­мас­са еді. Сол атамның ізін жал­ғап өзім де ауылшаруашылық сала­сында жұмыс істеп келемін. Жыл сайын егін егеміз. Кезінде күріштен мол өнім алып, «Еңбек Ері» атанар тұста орденнен бас тартып, ауылдағы егін егетін басқа әйелдерге бергізіпті. Осын­дай адамшылығын естіген соң, өзіміз де адал жүруге тыры­са­мыз, – дейді ардагердің неме­ресі Жасұлан Тұрлыбеков. Қан майданда Отан үшін от кешіп, ерлік көрсеткен, бей­біт өмірде ерен еңбек үлгі­сін көрсеткен майдангердің өмір жолы көпке өнеге. Арда ұлдар­дың жасаған ерлігі ұмытыл­масы хақ.  

Мадияр ТӨЛЕУ