Өмірдің тарихи кезеңі үнемі жаңғырып, жаңаланып отырады. Десе де, адамзат ғұмырында ұмытылмайтын, ескірмейтін тарихи оқиғалар жетерлік. Соның қатарындағы Екінші дүниежүзілік соғыс тарих бедерінде мәңгі сақталды. Өйткені сұм соғыста Отан үшін от кешкен жауынгерлер адам айтса сенгісіз күндерді басынан өткерді. Сол ерлердің арқасында биыл Жеңіске 75 жыл толады. Ал бір емес, қос майданды басынан өткерген адам бар десе, сенер ме едіңіз? Әйгілі жазушы Эрих Мария Ремарк пен Эрнест Хемингуэй шығармаларында екі соғысты көрген сарбаздар жайлы айтылатын. Қан майдандағы небір сұрапыл оқиғалардың басы-қасында жүрген осындай қазақ азаматтары да бар. Солардың бірі Сыр өңірінен майданға аттанған Досқали Тұрлыбекұлы хақында әңгіме етпекпіз. Тереңөзек ауданына (қазіргі Сырдария ауданы) қарасты Бесөзек елді мекенінде 1909 жылы, «күріш біткенде» (нақты күні белгісіз) дүние дидарын ашқан Досқали Тұрлыбекұлының тағдыры теперішке толы болған десек, артық айтқандық емес. Әсіресе, Досқалидың тәрбиесінде әжесінің рөлі зор. Бастауыш мектепте білім алғаннан кейін бала Досқали еңбекке ерте араласып, тез есейген. Осыдан кейін ол балғын шақта әке-шешесінен айырылды. Содан бастап қиыншылық кезеңдерге тап болып, ерте жастан небір нәубетті бастан өткерді. Алдымен Қазан төңкерісінің жалғасы болған Азамат соғысына қатысқан екен. Азамат соғысы басталғанда бай-шонжарлар әке-шешеден ерте айырылған 13 жастағы баланың құжатын «1902 жылы туған» деп өзгертіп, байдың баласының орнына соғысқа аттандырыпты. Сөйтіп, жастайынан Азамат соғысындағы қанды қырғынды көреді. Азамат соғысынан кейін қазақ даласын тағы бір нәубет басқан еді. Айтпағымыз, 1930-1932 жылдардағы ашаршылық болатын. Бұл кезеңде Досқали Тұрлыбекұлы аянбай еңбек етіп, қиыншылықты қатар көрген ауыл тұрғындарына қолдан келген көмегін көрсетіп бақты. Оның игілікті ісін ауыл тұрғындары «елде нанның тапшы кезінде бір уыс бидайдан үйді-үйге таратып беретін» деп еске алады. Сондай ізгі қасиетімен ол елге танылды. Осындай ерлердің арқасында сол бір нәубетті арып-ашыса да, халық аман-есен еңсеріп, ауыл тұрмысы қайта жанданды. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз өлмейді» деуші еді халқымыз. Ашаршылықтан кейін қазақ жұрты тағы бір қиын кезеңге тап болды. Екінші дүниежүзілік соғыстың өрті тұтанды. Епті деген ер жігіттердің бәрі майдан даласына аттанды. Отан үшін оқ пен оттың ортасында жүріп, жауға қарсы шықты. Сол сап түзеген жауынгерлер арасында Досқали Тұрлыбекұлы да болды. Ол 1941 жылы Тереңөзек аудандық әскери комиссариат арқылы әскер қатарына шақырылып, майдан шебіне жіберілген. Сұрапыл соғыста жаяу әскер құрамында болған. Дон өзені жағалауындағы ұрыста ерлік көрсетіп, Украинаны азат ету майданына қатысады. Сол ұрыста зеңбіректен атылған оқ оның көзі мен қолын жаралаған. Осы жарақатынан кейін соғысқа қатыса алмай, 1944 жылы елге оралады. Майдан даласындағы көрсеткен ерлігі үшін «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталған. Елге келгеннен кейін егін егумен айналысады. «Шалқайып елден сұрағанша, еңкейіп жерден сұра» деген тәмсілді ұғып, ата кәсіппен айналысқан Досқали Тұрлыбекұлы бұл салада да айтарлықтай жетістікке жеткен. Аудан бойынша күріш өнімін өндіруден жоғары межеге жетіп, «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне таққан. Сол егін даласына су жіберу үшін қатарлас азаматтармен бірге канал қазған. Осы еңбегінің белгісі ретінде көпшілік атап кеткен «Досқали шлюзі» аталатын тоған әлі күнге дейін бар. Майдангер өмірлік серігі Айымторы Байкенқызымен 3 ұл, 3 қызды тәрбиелеп өсірген. Осынша нәубеттен кейін майдангер 1987 жылы 78 жасында дүниеден озды. Ұл-қыздары соғыс жайлы сұрағанда «Жамандық жайлы айтпайды» дейді екен қария. – Атамды ес білгелі көрген емеспін. Тек үйдегілер қартайған шағында бос бесікті тербетіп, «шаңыраққа өзіме ұқсаған ұл келеді» деп айтады екен. Атамның көзі көк екен, балаларының көзі ұқсамады да, менің көзім көк болды. Соғыста снаряд тиген бір жақ көзі пластмасса еді. Сол атамның ізін жалғап өзім де ауылшаруашылық саласында жұмыс істеп келемін. Жыл сайын егін егеміз. Кезінде күріштен мол өнім алып, «Еңбек Ері» атанар тұста орденнен бас тартып, ауылдағы егін егетін басқа әйелдерге бергізіпті. Осындай адамшылығын естіген соң, өзіміз де адал жүруге тырысамыз, – дейді ардагердің немересі Жасұлан Тұрлыбеков. Қан майданда Отан үшін от кешіп, ерлік көрсеткен, бейбіт өмірде ерен еңбек үлгісін көрсеткен майдангердің өмір жолы көпке өнеге. Арда ұлдардың жасаған ерлігі ұмытылмасы хақ.
Мадияр ТӨЛЕУ