Алматы облысының әкімдігі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орай #ешкімдеештеңедеұмытылмайды хэштегімен қазақ және орыс тілдерінде акция-челлендж бастады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Жоба шеңберінде облыс әкімі баспасөз қызметінің Instagram әлеуметтік желісіндегі ZhetysuPress ресми парақшасында осы шараға қатысуға ниет білдірген облыс тұрғындарының бейне құттықтауы жариялануда. Қазір бейнероликтердің саны 50-ден асты. Бұл жоба жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге, бірліктің маңызын насихаттауға, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне, сол зұлмат соғыс жылдарының ауыртпалығын қайыспай көтерген барша жанға алғыс білдіруге бағытталған. Шартына сәйкес аталған акция-челленджге облыстың кез келген тұрғыны қатыса алады. Ниет білдірушілер ардагерлерге алғыс айтып, Ұлы Жеңіс күніне орай құттықтау тілегін арнап, ән салып, өлең оқып, соғысқа қатысқан туыстары туралы естеліктер айтуда. Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі кезде парақшаға облыс тұрғындарының 50-ден астам бейнежазбасы орналастырылған. Олардың ең кішкентайының жасы 4-5-терде. Бейнероликтердің жалпы қаралымы 40 мыңнан асты. 1 мыңнан астам пікірлер жазылды, соның ішінде жекелеген роликтер 1 700-ден астам рет қаралған. Бейне құттықтаулар әлі де көптеп түсуде. Акция 8 мамырға дейін жалғасады. Оның қорытындысы бойынша ең көп қаралым жинап, танымалдыққа ие болған бейне құттықтау 9 мамыр күні акция-челленджге белсене қатысқаны үшін алғыс білдіріліп, парақшаға қайта орналастырылатын болады.