Ауданда қалған жалғыз жеңіс жауынгері
Ауданда қалған жалғыз жеңіс жауынгері
205
оқылды
Биыл – Ұлы Жеңістің 75 жылдығы. Осынау қанды май­дан­да толарсақтан су кешіп, оқ пен оттың ортасында Ота­­нын  қасық қаны қалғанша қорғаған  батырлар саны бү­гін­де сиреп барады. Ал Жамбыл облысы  Мойынқұм ау­да­нында, тіпті  жалғыз соғыс ардагері қалды. Сағаш Әбдіров биыл 98-ші көк­­темін қарсы алып отыр. Құ­лақтың естуі нашарлағаны бол­­маса, қарияның қимылы ши­рақ. Ол 1922 жылдың 1 қаңта­рын­­да Мойынқұм ауданы Бурыл­байтал ауылында дүниеге келген. Аудан экономикасын көтеруге бір кісідей атсалысқан Ұлы Отан соғысының ардагері 13 жасынан бастап еңбекке етене араласты. 1939-1942 жыл­да­ры сауатсыздықты жоюға белсенділік танытып, 1942-1946 жылдары Кеңестік әскер қатарына алынады. Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігі – «Кав­каз­ды қорғағаны үшін» Мар­шал Жуковтың 100 жылдық және барлық мерекелік медаль­да­рымен, ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы және «Жеңіс» орден­дері­мен марапатталған. Адамзат ба­ласына ауыр қасірет алып кел­ген қанқұйлы соғыстан аман оралған Сағаш ата 1947 жы­­лы Тараз қаласындағы Абай атын­дағы педагогикалық учи­ли­щені аяқтайды. 1946-1975 жылдар аралығында мек­теп­те мұғалім, оқу ісінің мең­­ге­ру­шісі, мектеп директоры қыз­­­­меттерін абыроймен атқа­рып, жас ұрпақ тәрбиесіне де елеулі үлес қосады. 1954 жы­лы «Қазақ ССР білім беру үзді­гі» ата­нып, 1955 жылы Алма­ты қа­ла­сы Абай атындағы педаго­ги­калық институтының тарих факу­льтетін бітіреді. Сөйтіп, бі­лім көкжиегінің кеңеюіне өзін­дік үлесін қосады. 1975-1984 жылдар аралығында Шы­ға­нақ кенттік Кеңесінің төра­­ғасы қызметінде жүріп зей­нет­­ке шыққанымен, еңбек ету­ден қол үзбей, 1985-1988 жыл­­дары Оңтүстік Қазақстан об­лысы ГРЭС-те азаматтық қор­ғаныс басшысы болып жұ­мыс істейді. Өмірін еңбекпен өрбіт­кен қазыналы қарттың бар ғұмырының басым бөлігі бола­шақ ұрпаққа тәрбие, білім беруге арналған. Зайыбы Әлипа анамыз еке­уі 10 бала тәрбиелеп, өсір­ді. Тамырын тереңге тарт­қан Са­ғаш Әбдіровтің шаңыра­ғы­нан жо­ғары білімді, саналы ұл-қыз­да­ры түлеп ұшты. Майдангердің өзі кейін­гі ұрпаққа соғыс өртін көрсет­пе­сін деп тілейді.
– Біздің көргендерімізді сіз­дер­дің бастарыңызға жазбасын. Соғыс бай, әлде кедей, әйел не­месе еркек деп таңдамайды. Бәрін бірдей жалмайды. Мен май­данға аттанарда майдан дала­сын көз алдыма басқаша елес­теткен едім. Алайда соғыс өртін көргенде бойымды қор­қы­­ныш пен Отанды жаудан қорғау керек деген сезім қатар кер­неді. Қазір өмір көшімнің біраз жолын жүріп өттім. Мұн­дай сәтте кейінгі күндерді еске алғың да келмейді. Ең бас­тысы, бүгінгі бейбіт күнді баға­­­ла­ңыз­дар. Егеменді еліміз­дің ас­па­нында әрқашан күн сөн­бе­сін! – дейді қазыналы қария.
Иә, қанды соғыс қазақтың сүйегі мен жанына жара сал­ға­­ны даусыз. Ал Сағаштай май­дангерлердің ерлігі ұрпақ жа­дын­да мәңгі жатталары анық. Күн санап қатары сиреп бара жатқан жеңіс жауынгерлерін бү­гінгі ұрпақ құрметтеп, олар­­­дың ерлігін кейінгілерге жет­кізуі парыз.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы