Батырға қолғанат болған қыз
Батырға қолғанат болған қыз
257
оқылды
Екінші дүниежүзілік со­ғыс­та қазақтың қаракөз қыздары да ерлермен қатар қан май­данда от кешті. Солардың бірі – №178 гвардиялық ат­қыш­тар авиация полкінің мас­тері, гвардия сержанты Мәдина Ысқақова. Ол Кеңес Одағының үш мәрте батыры атанған авиация генерал-полковнигі Иван Кожедубтың жеке бортмеханигі болған. Мәдина Ысқақованың құ­жаттарын Қазақстан Қарулы Күштері Әскери-тарихи музейіне тапсыруға атсалысқан едім. Сол музейде еңбек ете жүріп, қа­зақ­тың қайсар қызы туралы зерттеу жасадым. Батыр қыздың есімін тарихта қалдыру мақсатында Үкіметке бірқатар ұсыныс жа­са­дық, одан бері көп жылдың жүзі бол­ды. Биыл Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында «Халық Қаһарманы» атағы берілсе деген тілегіміз бар. Мәдина Ысқақова Ақмола облысының Сандықтау ауданына (бұрынғы Көкшетау облысы, Балкашин ауданы) қарасты Зверовка ауылында туып-өскен. 1941 жылы соғыс өрті тұтанғанда Мәдинаның ағалары Әбілқасым, Әбілқасен, Құсайын майданға аттанады. Мәдина ол кезде 16 жаста. Арада бір жыл өткенде 17 жас­қа жаңа толған Мәдина төл­құжатындағы жасына үш жас қосып жаздырып, Көкшетау әскери комиссариатына келеді. Комиссариаттағы әскери қызметші оған ағалары майданда жүргенін айтып, соғысқа барудан бас тартуға үгіттегенімен, Мәдина көнбепті. Сөйтіп, 1942 жылы 17 мамырда майданға аттанған Мәдина Ыс­қақованы тағдыр Кемероводағы авиаторлар даярлайтын екі жыл­­дық училищеден бір-ақ шы­ғарды. Онда да ұшқыш емес, ұшақты оттегімен жабдықтайтын мастерлер дайындайтын бөлімге тап болады. Училищенің екі жылдық бағ­дарламасын тоғыз айда мең­геріп, мастер-механик, бөлімше ко­мандирі, сержант атағын алып шыққан Мәдина бір топ құрбысымен Иваново қаласына аттанады. Онда жаңадан №240 истребительдер авиаполкі құры­лып жатқан еді. Мәдина осы полктің бірінші эскадрильясына оттегімен жабдықтау мастері және ұшақ құралдарының мастер-технигі болып тағайындалады. Эскадрилья командирі Иван Кожедуб екен. Жүзі сұсты болса да, Мәдинаны жылы қар­сы алды. Мәдина күн сайын ас­панға бірнеше рет көтерілетін Кожедубтың «қырғиына» жан бітіретін шеберіне айналды. Ұшақ саймандарын сайлап, дайындауды былай қойғанда, қаһарман ұш­қыштың қыңыр мінезіне төзу де оңай емес. Ал өнегелі тәрбие көрген қазақтың қызына бұл аса қиын болмады. Атақты ұшқыш Кожедуб 330 рет ұрысқа кіріп, жаудың 62 ұшағының көзін жойған даңқты тұлға. Генерал-полковник Иван Кожедуб соғыстан кейін өз экипажымен кездескенде «менің көктегі ерлігімнің тамырын жердегі Мәдинаның өлшеусіз еңбегінен іздеңдер» деген екен. Гвардия сержанты Мәдина Ысқақова Украинаны, Молдованы, Прага, Будапешт, София мен Вена қалаларын азат етуге қатысты. Соғыста үш рет жараланады. Бірде оны жақын жерге жарылған бомбаның дүмпуі ұшырып түсіріп, топырақтың астында қалады. Жолдастары келіп, топырақтан аршып алғанда ол ес-түссіз, тіршілік нышаны болар-болмас қана білініп жатыр еді. Кейінгі шайқаста ол басынан жарақат алады. Емделіп, авиаполкіне қайта оралады. Гвардиялық полк атағын алған №240 авиаполктің құрамында Молдованы фашист басқыншыларынан азат етті. Брно, Прага, Будапешт, София, Вена қалалары үстінде болған кескілескен әуе шайқастарына куә болды. Соғысты Прага қаласында аяқтады.1945 жылы Жеңіс ше­руіне ІІ Украина майданының құрамында қатысып, туған жер­ге оралды. Ақмола әскери трибу­налында хатшы болып қызмет істеді. Кейін көп жыл бойы туған жерінде сауыншы болып еңбек етті. Көкшенің батыр қызы жайлы Естай Мырзахметов кітап жазды, ақын Еркеш Ибрагим поэма ар­нады. Соғыс салған жара ізсіз кетпеді, Мәдина Ысқақова ұзақ ғұмыр сүрмеді. 1985 жылы мамырда сал­танатты түрде Отан соғысы ор­денімен марапатталады, ал тамыз айында дүние салды. Осыдан біраз бұрыс «Арқа Ажары» газетінде Мәдина Ыс­қақова­ның әскери тағдыры жай­лы мақала жарияланып, оған «Халық Қаһарманы» атағын беру туралы ұсыныс жасалды. М.Ысқақованың қызы Аягөз Ши­катаева КСРО Қорғаныс ми­нистр­лігінің растайтын құжат­та­рын ұсынғанымен, мәселе сиыр­құйымшақтанып ұзаққа созылып кетті. Өкінішті бір жағдай, 1986 жылы Көкшетау қаласының жер­гілікті музейі М.Ысқақованың барлық марапатын алып кеткен екен, ал 90-жылдары ғимаратты су басып, сақталған жәдігерлер бү­лінген. Бүгінде Мәдина Ысқақо­ваның әскери мұрасының жұрнағы ҚР ҚК Әскери-тарихи музейінде ғана сақтаулы. Батыр қыздың ұрпақтары, қала халқы 20 жылдан астам уақыт бойы Көкшетау қаласының билігінен қала көшелерінің біріне Мәдина Ысқақованың есімін беру туралы мәселені көтеріп келеді. Алайда бұл өтініш әлі орындалған жоқ. Айта кететін тағы бір жайт, Мәдина Ысқақова еліне Сталин сыйлаған қаруымен оралған. Бірақ соғыстан кейінгі қиын жылдары отбасын асырау үшін атаулы қаруды бір қап астыққа айырбастап жіберген екен. Өзі үшін бағалы затты бір қап астыққа айырбастап жіберетіндей, М.Ысқақова неге мемлекет тарапынан қолдау көр­меген деген ой келеді. Туған ауылындағы 20 жыл ауыр еңбектен кейін Мәдина Ысқақоваға соғыстың қатысушысына тиесілі жеңілдіктерсіз, аз ғана зейнетақы тағайындайды. Оның соғысқа қатысып қана қоймай, еліне батыр болып оралғанын ешкім елемеді. Мәдина Ысқақова – қазақтың атақты ханы Абылайдың тікелей ұрпағы. Оның ақсүйектік тегі КСРО партия органдарының шешіміне ықпал етуі мүмкін бе деген де сұрақ туындайды. Сонымен қатар Мәдинаның әкесі молда болған. Сонау бір қиын заманда оны намаз оқып отырған жерінен тұтқындап, белгісіз жаққа алып кеткен екен. Нағыз ерлікті мойындау – әділ­дікті қалпына келтіру. Қан­ша адамды жалмаған қанды қырғынның аяқталғанына 75 жыл болса да, батырлықтың мерзімі ескірмейді. Қазақстанда Мәдина Ысқақова сияқты біз білмейтін батырларымыз қаншама? Қолына қару алып, ерлермен қатар со­ғысқан, қанды қырғынды көрген әр қазақ қызына батыр атағын берсе, артық болмас еді. Өйткені соғыс әйел адамның ісі емес. Екінші дүниежүзілік соғыс тарихының көлеңкелі жағын зерттеп, тарихи әділдік орнату керек. Көкшенің қарлығашы, белгісіз батыры Мәдинаның ерлігі Әлия, Мәншүк, Хиуаз сынды батыр қыздарымыздың қатарынан өзінің лайықты орнын алып, туған жері Көкшетау қаласына ескерткіш қойылып, көшеге аты беріліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.  

Тұрар ШӘКЕН, тарихшы