Алматы облысының Ескелді ауданында әке-шешесін зар жылатып, екі оқушы қыз бала қаңтардың 21-і күні із-түзсіз жоғалып кетті. Ата-анасы, туған-туыстары ғана емес, бүкіл аудан болып жұмыла іздеді. «Балалар табылды!» деген сүйінші хабарды естігендер олардың Алматы қаласынан бір-ақ шыққанын білді. Олар мектептен кейін үйге қайтпай қалу себебін Алматы қаласын көргіміз келді деп түсіндірген екен. Бұл қуанышты хабар болғанымен: «Бұл жас балалар қалаға қалай жетті? Мегаполиске кіммен келді? Қайда және кіммен тұрды?» деген сұрақ әркімнің миын тұмшалағаны рас. Иә, бұл оқиға сәтімен аяқталды. Ал үйінен шығып, қайта оралмағандар қанша?
Қанша адам іздестірілуде?
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің хабарлауынша, хабар-ошарсыз жоғалған 2 247 адам іздестірілуде екен. Жалпы, қазіргі уақытта 11 133 адамға іздеу салынған, оның 2 247-сі хабар-ошарсыз кеткен: Алматы қаласында – 328, Шығыс Қазақстанда – 221, Алматы облысында – 309 және Қарағанды облысында 221 адам із-түзсіз кетіпті. Көбіне түрлі жағдайда 30-49 жас аралығындағы ер адамдар (76%) жоғалатын көрінеді. Комитет мәліметінше, үйінен кетіп оралмағандар – 1 723, автокөлікпен жоғалғандар – 74, жұмыстан соң жоғалып кеткендер саны – 36 адам. Ал елімізде тергеуден және соттан жасырынған 2 453 адамға, яғни ең көбі алаяқтық (451), ұрлық жасау (270) және кісі өлтіргені (166) үшін іздеу салған. Олардың көбі Алматы (245) және Шығыс Қазақстан облыстарында (203) іздестіріліп жатыр. Негізінен 89 пайызын 31-40 жас аралығындағы ер адамдар құрап отыр.Жоғалғандарды кім іздейді?
Елiмiзде дерексiз кеткен адамдарды iздестiрумен iшкi iстер органдарындағы iздестiру бөлiмiнiң қызметкерлерi айналысады. – Полиция қызметкерлері азаматтардың жоғалғаны туралы түскен әрбір арыз бен хабарлама бойынша дереу анықтау шараларын қабылдайды. Атап айтқанда, іздестіру кезінде адамның жоғалу мән-жайы, өмір сүру салты, туыстық және өзге де байланыстары, оның түр-әлпетінің белгілері, жоғалған адамның соңғы болған орны туралы мәлімет жинайды. Сонымен қатар жоғалған адамдарды іздеу кезінде аурухана, мәйітхана мен басқа да арнайы мекемелер тексеріледі, – дейді ІІМ баспасөз қызметі. Дегенмен хабар-ошарсыз кеткендердi жылдар бойы iздей беруге мүмкiндiк жоқ. Азаматтық кодекстің 28-бабына сәйкес хабар-ошарсыз кетті деп тану үшін заң бойынша бір жыл уақыт керек. Егер осы уақыт ішінде адам табылмаса, хабар-ошарсыз кетті деп есептеледі. Ал үш жылдан кейін, жақындарының өтінішімен сот шешімі арқылы өлді деп жарияланады. Егер сот қайтыс болды деп таныған адам табылып жатса, сот шешiмi қайта бұзылады.Еріктілер ерігіп жүрген жоқ!
Қазақстандықтардың арасында әлеуметтік желіде танысқан соң із-түссіз жоғалып кету деректері жиі кездеседі. Жастар, әсіресе кәмелет жасқа толмағандар танысу үшін арнайы сайттарға кіріп, кездесуге барады. Олар бұл жайлы ата-аналарына айтпай кетіп қалады екен. Арты іздеу, көз жасы пен жұқарған жүйке... Сонымен бірге әлеуметтік ауыртпалық пен отбасындағы ұрыс-керіс және азаматтардың ішкілікке, құмар ойындарға және өзге де жағымсыз әдеттерге салынуы да жоғалғандар санының ұлғаюына «үлес» қосуда. 2015-2019 жылдар аралығында жалпы 13 мыңға жуық адамға іздеу жарияланған болса, оның 1000-нан астамының мәйіті табылыпты. Осы 5 жыл ішінде 92 жеткіншек үйінен кетіп, оралмаған. Құқықтық статистика комитеті мен еліміздің Бас прокуратурасы мәліметінше, іздеу салынған жандар көп жағдайда еріктілердің көмегімен табылатын көрінеді. Айта кетсек, еліміздің 30-дан астам қаласында филиалы бар бір ғана Лидер.кз еріктілер қозғалысы 2019 жылдың өзінде 190 адамды табуға көмектескен екен.Елін тастап қашқандар
«Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дегендей, мемлекеттің халық салығынан жиналған миллиардтарын ашкөздікпен жеп қойып, артынан тергеу басталғанда, тірнектеп емес ұрлап жинаған қаржымен мұхит асқан шенеуніктер жетерлік. Бүгінге дейін кейбірі елге экстрадицияланған. Дегенмен аттары елге мәлім, бірнеше қашқын басқа елдің жерін басып, ауасын жұтып жүр. Олар кімдер? Соған тоқтала кетейік. Энергетика, индустрия және сауда министрі, БТА банкі директорлары кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған М.Әблязов өз жақтастарымен бірге оффшор арқылы 10 миллиард долларға дейін қаражатты қалтаға басты деп айыпталды. Қазақстаннан бөлек, кәсіпкерге Ресей мен Украина да іздеу жариялаған. «Қазатомөнеркәсіп» АҚ бұрынғы вице-президенті Рүстем Тұрсынбаев ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оны басқарды, басқаның ірі көлемдегі мүлкін талан-таражға салды, салықтан жалтарды деп айыпталды. Мағзұм Абдралиев – «Қорғас ісі» бойынша қылмыстық топтағы басты фигуранттардың бірі. Швейцариялық Rothschild Bank Zurich банкінен Мағзұм Абдралиевке тиесілі 1,3 миллион доллар табылған болатын. Ал «Гүлнар Тур» туристік компаниясының директоры Әли Исмаилов 609 миллион теңгені қалтасына басты деп айыпталды. Талапкер Иманбаев міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің күйреуіне кінәлі, сонымен қатар оған 900 миллион теңгеден астам қаржыны үптеп кетті деп іздеу жарияланды. Атырау облысының әкімі болған Бергей Рысқалиевке мемлекетке 72 миллиард теңге залал келтірді деген айып тағылды. 1994-1997 жылдары Қазақстанның премьер-министрі болған Әкежан Қажыгелдинге «қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды, бопсалаушылықпен айналысты және аса ірі көлемде пара алды, мемлекеттің қазынасына бірнеше миллион теңге залал келтірді» деген айыптар тағылды. Алматы қаласы және Шығыс Қазақстан облысының әкімі, Төтенше жағдайлар министрлігін басқарған Виктор Храпунов мемлекетке 250 миллион доллар сомасында шығын келтірген. Осыған қарамастан Виктор Храпуновтың Швейцарияда тұрғылықты өмір сүруге рұқсат алғаны жайлы хабарланған болатын. Мәжіліс депутаты болған Ерқанат Тайжанов, «Азбука жилья» құрылыс компаниясының басшысы болған кезінде салымшылардың 40 миллиард теңгесін қалтасына басып, ол қашты.
ТҮЙІН. Бейбіт заманда біреу баласын, інісін, анасы не әкесін жоғалтуы өте ауыр жағдай. Сонда адамдардың жоғалуы неге тоқтамайды? Бұған бірнеше себеп бар: жыл сайын адам саудасы өрістеп барады, ішкілік ішіп, қаңғыбастыққа салынатындар көбейді, адам ағзасын сату да үлкен табыс көзіне айналды, екі аяқты пенделердің түсініксіз ағымға, сектаға кіруі жиіледі, әлеуметтік желі де кері әсерін тигізуде. Ал өз елін, өзінің туған жерін тонап, шетелге қашқандарды сонда кім дейміз?!