Мерекелік концертті онлайн өткізеді
Мерекелік концертті онлайн өткізеді
140
оқылды
Мамыражай мамыр мере­кеге толы ай. Алда мемлекеттік мей­­рам 7-мамыр – Отан қор­ғау­шылар күні мен 9-мамыр – Жеңіс­тің 75 жылдығын атап өте­міз. Айтулы дата қар­са­ңын­да Қа­зақстан Қарулы Күш­тері Радиоэлектроника және бай­ланыс әскери инженер­лік институты оркес­трі­нің му­зы­канты Айдын Калиланов­пен сұхбаттасудың сәті түсті. – Айдын Болатұлы, биылғы ме­ре­кеге дайындық барысы қалай? Көпшілік карантиндегі концерттік бағдарламаны тамашалай ала ма? – Мамыр айындағы мемле­кеттік мерекелер республи­ка­мыз­дың әс­кери азаматтарына тікелей қатысты болғандықтан, біз оған ерекше көңіл бөлеміз. Жыл сайын институт қа­бырғасында өнерпаз курсанттар мен әскери қызметшілер оркестр құрамымен бірігіп түрлі мерекелік концерттер ұйымдастырады. Осы жылы әлем­де болып жатқан қауіпті індет­тің алдын алу мақсатында елдегі жарияланған төтенше жағдайға байланысты жылдағыдай ашық алаңда, көпшіліктің тамаша­лауы­мен концерттік бағдарлама қойыл­майды. Дегенмен Қазақстан Қарулы Күш­тері Радиоэлектроника және бай­­ланыс әскери инженерлік инс­титутының басшысы генерал-майор Асқар Мұстабековтың рұқ­­­сатымен, сондай-ақ инс­ти­тут бас­­шы­сы­ның тәрбие және идео­­ло­­гия­лық жұмыстар жөнін­дегі орын­басары – басқарма бас­шысы, под­пол­ковник Дархан Үмбетовпен ақылдасып, онлайн түрде кеш өткізбекшіміз. Сол кез­де оркестрдің сүйемелдеуімен сазгер, әскери әндердің авторы, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қай­раткері, запастағы полковник Қайрат Жүнісов аға­мыздың «Сар­баздар әнін» ұжы­мымыздың бі­лікті мамандары, вока­лис­тері орындайды. Концерттік бағдар­ламада ҚР мәдениет қай­раткері Сәуле Ағыбаева, эстрада жұлдызы Есет Сәдуақасов, бірнеше конкурстардың лауреаты Исмайл Саниям және болашақ офицер, институтымыздың курсанттары Азамат Садықбеков, Әлихан Садықов сынды жезтаңдай ән­шілеріміз өнер көрсетеді. Қазіргі кезде шараға қызу дайындық жүріп жатыр. Бірер күнде өнерпаздардың өнерін интернет желісінен тама­шалай аласыздар. Карантин кезінде үйде отырған халыққа рух беріп, мерекеде тыңдармандарды әсем саздың сиқыры мен сырына куә қылмақшымыз. – Оқырмандар үшін осы ор­кестр­дің қалай құрылғаны қызық. Оркестрдің қысқаша құрылу та­рихын айтып берсеңіз. Өзге әс­кери оркестрлермен тәжірибе алма­сып, басқа да байланыс орнатып тұра­сыздар ма? – Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтының әскери оркестрі 1999 жылы 1 маусымда Әуе қорғаныс күштерінің Бас қолбасшысының бұйрығымен құрылды. Сол кезден бастап оркестр республикамыздағы барлық әскери шеруге тұрақты түрде қатысып келеді. Мерекелік іс-шараларда да төбе көрсетіп, барынша белсенділік танытып жүрміз. Жергілікті әкімдіктермен де тығыз байланыс орнаттық. Сон­дықтан маңызды шаралар кезінде олардан жиі шақырту аламыз. 1999-2017 жылдар аралығында оркестрді әскери дирижер, за­пастағы подполковник Андрей Синявский, 2018-2019 жылдары за­пастағы майор Жанат Әбілқасымов басқарды. Бүгінгі күні оркестрге білікті маман, музы­кант, офицер, аға лейтенант Арман Исалиев басшылық етуде. 21 жыл ішінде ұжымның өнер саласында қол жеткізген жетіс­тік­тері де мақтануға тұрарлық. Әскери оркестр – халықаралық үрмелі аспаптар әскери оркестрлер фестивальдарының бірнеше дүркін жеңімпазы. 2001 жылы оркестрлер арасында Лисаковск қаласында өткен жаз фестивалінің лауреаты атандық. 2006 жылы Бүкілармиялық әскери әндер фестивалінде, 2012 жылы ІІМ қолбасшысы жүлдесі байқауында ІІ орынды иелендік. Оркестр құра­мында ҚР еңбек сіңірген артисі Жайнап Мамбеков; ҚР еңбек сіңірген артисі Вениамин Ли сынды елге елеулі тұлғалар бол­ды. Бүгінгі таңда аталған ұжым ҚР мәдениет қайраткерлері Жәмила Серкебаева, Қанат Ахметов, Александр Беляков, Жеңіс Ысқақова және өзге де өнер майтал­­ман­­дарымен бірлесе жұмыс істеуде. Тағы бір айта кетерлігі, біз Қор­ғаныс министрлігінің жоғар­ғы кәсіби оркестрінің эстра­далық, джаз және ретро музыка­ларын орындап жүрген ұжымның қа­тарындамыз. Еліміздегі бар­лық өңірлік ор­кестр­лермен байла­нысымыз жақ­сы. Музыкалық қабілетімізді арттырып, кәсіби білімімізді жетіл­діріп, бір-бірі­мізбен тәжірибе ал­масып тұрамыз. Жыл сайын елор­дамыз Нұр-Сұлтан қаласында өтетін әскери шерулерде барлық оркестрмен жолығып, ұйымдасқан түрде бірге өнер көрсетеміз. – Енді өнерлі жастар туралы ай­тайық. Кейінгі кездері елімізде фольклорлық аспаптарда ойнайтын жастар саны едәуір артып келеді. Көне сазсырнай, шаңқобыз, жетіген, дауылпаз, шертер сынды музыкалық аспаптарымыздың трендке айналуы­ның сыры неде? – Иә, расымен дәстүрлі музы­калық аспаптарымызға қызығу­шылық күн өткен сайын арта тү­су­де. Жаңа заман жастарының бойында терең генетикалық дең­гей­дегі жадының қайта оянуы, төл аспап­тарымызда ойнауға деген қызығушылықтың артуы халқымыз үшін қуанышты жаңалық. Бүгінгі таңда біздің әскери оркестрдің де құрамына бірнеше талантты жас­тар топтасқан. Олардың қа­тарында өзім де бармын. Сондай-ақ институт қабырғасында кур­санттардан құралған фольклорлық ансамбль бар. Оған оркестріміздің концерт­мейстері Эльмира Қарсыбаева же­текшілік етеді. Ол кісі­нің же­тек­шілігімен фольклор­лық ан­самбль қо­бызбен халық аспаптар орындау­шы­ларының бірнеше компози­циясын орындай­ды. Үздіксіз дайын­дықтың арқа­сында әріптестеріміз өнер сайыс­тарында да жоғары жетіс­тіктерге жетіп, институттың атын шығарып жүр. – Сұхбатымыздың соңын мере­ке­лік тілекпен жалғасақ. – Қанша қиын нәубетті бастан кешірген халықпыз ғой. Еліміз бұл кезеңнен де сүрінбей өтер. Бастысы, сабыр таныту керек. Ка­ран­тин мерзімі біткен соң ұжы­мымыз да жаңа тыныспен білек сыбана алдағы жұмысқа кірісуге дайын. Жақсы жаңалығымызды сіздермен бөлісіп отырамыз. Барша қазақстандықтарды алдағы 7-мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9-мамыр – Жеңістің 75 жылдығымен құттықтаймыз. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Абылайхан ЖҰМАШ