Қазақстанның батыс қақпасын аралады
Қазақстанның батыс қақпасын аралады
175
оқылды

Үкімет басшысы Асқар Мамин Каспий жағалауында халықаралық деңгейдегі жаңа туристік кешен құрылысының басталу рәсіміне қатысты. Маңғыстау облысында ол Елбасы қойған міндеттердің және Мемлекет басшысының биылғы сәуірдегі жұмыс сапары барысында өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша берген тапсырмаларының орындалу барысымен танысты.

Премьер өңір активінің қа­тысуы­мен жұмыс кеңесін өткізді. Жиын­да Маңғыстау облысы әкімі Ера­лы Тоғжанов әлеуметтік-эко­но­микалық дамуды қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан ша­ралар туралы баяндады. 2019 жыл­ғы 4 айдың қорытындысы бойынша өңірде өнеркәсіптік өнім өндірісі­нің көлемі 943,6 миллиард теңгені құрады. Негізгі капиталға 121,8 мил­лиард теңге инвестиция салын­ған. Жалпы алғанда, биыл өңірдің инвестициялық қоржыны 1,6 триллион теңгеге бағаланған 44 инвестиция­лық жобадан тұрады. Олардың 67 мил­лиард теңгелік 22 жобасы биыл қол­ға алынбақ.

Кеңес барысында Ұлттық эко­номика вице-министрі Е.Алпысов, Индустрия және инфрақұры­лым­дық даму вице-министрі Б.Қа­ма­лиев, энергетика вице-министрі М.Мырзағалиев «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру, өңірде көлік инф­рақұрылымын және мұнай-газ ке­шенін дамыту туралы баяндады.

– Елбасы Маңғыстау облысы­ның дамуына ерекше көңіл бөледі. Тұң­ғыш Президентіміздің тап­сыр­масы бойынша «Нұрлы жол» бағ­дар­ламасы аясында бір­қатар стра­тегиялық маңызы бар ірі инфра­құры­лымдық жоба іске асы­рылды. Қазіргі кезде ол жобалар елі­міздің транзиттік және экспорт­тық әлеуе­тін дамытуға елеулі түрде ықпал етуде, – деді Асқар Мамин.

Ел Президентінің тапсыр­мала­рын орындау аясында өңірде Жаңа­өзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2025 жыл­ға дейінгі кешенді жоспарын іс­ке асыру жұмыстары басталды. 67 іс-шара жоспарланған, соның нә­тижесінде, 16,3 мың жұмыс орны ашылады.

Кеңесті қорытындылаған Асқар Мамин Маңғыстау облысы Қазақстанның батыс қақпасы еке­ніне тоқталып, өнеркәсіп және кө­лік-логистика салаларын, ту­ризм­ді одан ары дамыту қажетін атап өтті.

Премьер-министр Каспий теңі­зі жағалауында жаңа жоба са­лынатын жерде тас қалау рәсіміне қа­тысты. Аквапарк, спорт алаң­дары мен конгресс-холы болатын, 2 000 орынға шақталған 600 нөмірі бар туристік кешенді 2020 жылдың шілде айында пайдалануға беру жоспарланған. Бұл жобаны іске асыру облыста туризмнің дамуына сер­пін беруге тиіс. Мұнда 2 000-ға жуық жұмыс орнын ашу көзделген.

Арнайы әзірленген туризмді да­мыту мемлекеттік бағдарлама­сы­на сәйкес, Каспий теңізі жағалауы Қазақстанның басымдықты турис­тік аумақтарының үздік ондығына кіреді. Өңірде жаңа 45 қонақүй ке­ше­нін салу үшін жеке инвес­ти­ция­лар тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар жұмыс сапары ба­рысында Үкімет жетекшісіне «Ақтау теңіз порты» АЭА аймағын­да инвестицияларының көлемі 1,8 миллиард доллардан асатын мета­нол мен олефин өндіру зауы­тын салу жоспарлары таныстырыл­ды. Жо­ба импортты алмастыруға ба­ғыт­талған. Зауытта газ метанолға жә­не басқа да құрауыштарға өңде­леді. Осылайша, 40-тан астам өнім шығарылады деп күтілуде.


Елдос СЕНБАЙ