Әлемдік пандемия кезінде еңбегі ерекше бағаланып, құрмет құшағына бөленіп отырған саланың бірі – мемлекеттік медицина. Сөз жоқ, ақ халатты жандардың сіңіріп жатқан еңбегі ұшан-теңіз. Олардың ерліктері қандай мақтауға да лайық. Осы орайда, Жамбыл облысың әкімі Бердібек Сапарбаев коронавирус кеселімен күресіп, науқастарды емдеу жолында аянбай тер төгіп жатқан медицина қызметкерлеріне арнайы құрмет көрсетті. Аймақ басшысының Алғыс хаты мен сый-құрметін облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов салтанатты түрде табыс етті. Алғыс хатта: «Мемлекетіміздің басты байлығы – адам өмірін сақтап қалуда жанқиярлық көрсетіп, қауіпті індетті жеңу жолында қосқан өлшеусіз еңбектеріңіз үшін облыс тұрғындары атынан алғысымызды білдіреміз» – делінген. Иә, қауіпті індетпен күресте өз өмірлерін қатерге тіге отырып, өзгенің өмірін сақтап қалу қандай құрмет пен мақтауға да лайық. Айта кетейік, қазіргі таңда Жамбыл облысында 162 адам індет жұқтырған болса, 54 адам жазылып шыққан. 1 науқас аурудан көз жұмды.
Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы