Алматылық науқас коронавирустан көз жұмды
Алматылық науқас коронавирустан көз жұмды
© inform.kz
Елімізде коронавирус инфекциясынан 30-науқас көз жұмды. Бұл – 68 жасар алматылық ер адам. Марқұмның басқа да созылмалы аурулары болған. Бұл туралы Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Тілеухан Әбілдаев мәлім етті. «Пациент ұзақ уақыт бойы ауыр созылмалы аурулармен (вирустық гепатит, қант диабеті, артериялық гипертензия, жалғыз бүйректің созылмалы пиелонефриті, созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі, жүректің ишемиялық ауруы) ауырған және І топтағы мүгедек болған. Жедел шұғыл медициналық көмек ауруханасына науқас ауыр халде келіп түскен» дейді Тілеухан Әбілдаев. Науқас провизорлық госпитальда тексеруден өтіп, ПТР тест COVID-19 диагнозын растаған соң инфекциялық стационарға ауыстырылған. Пациентке инфекциялық стационарда COVID-19 диагностикалау және емдеу хаттамасына сәйкес қарқынды терапия жүргізілді. Жүргізілген емге қарамастан, жай-күйі күрт нашарлап, өкпені жасанды желдету аппаратында болды. Қайтыс-болуының негізгі себебі коронавирустық инфекция болып табылатыны туралы шешімді құрамына бейінді мамандар, оның ішінде пульмонологтар кіретін өліммен аяқталған жағдайларды зерттеу жөніндегі комиссия қабылдады. Қазіргі уақытта Алматыда коронавирустық инфекцияны жұқтырудың расталған 1392 жағдайы тіркелді. Стационарларында бүгінде 1156 пациент ем қабылдап жатыр. Сондай-ақ бүгін Алматы қаласы бойынша 17 адам коронавирустық инфекциядан сауығып, үйлеріне шығарылды. Оның ішінде Орталық қалалық клиникалық аурухананың 8 медицина қызметкері, Балалар қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының 2 қызметкері болса, 7-уі вирус жұқтырған науқаспен байланыста болғандар. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ