Алматылық ардагерлер ардақталды
Алматылық ардагерлер ардақталды
136
оқылды
Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан «#BizBirgemiz!» акциясын партияның Алматы қалалық филиалы мен әкімшілік, кәсіпкерлер және қоғамда болып жатқан жайттарға бей-жай қарамайтын санасы сергек жандар да қолдап отыр. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында осы игі дәстүр тағы да жалғасын тапты. «Біз майдан даласында фашистерге қарсы жан аямай соғысқандар мен тылда еңбек еткендерді батыр деп санаймыз. Біздің міндетіміз – олардың ерлігі мен өрлігін мәңгі есте сақтап, ардагерлерімізді ардақтау. Жеңіс күні қарсаңында «#BizBirgemiz!» акциясы аясында ардагерлерімізді құттықтауды жөн санадық. Естелік сыйлықтар мен мерекелік ас 1000-нан астам жасы 80-нен асқан жалғызбасты қарттарымызға тапсырылды. Олардың 46-сы Ұлы Отан соғысының ардагерлері» дейді ұйымдастырушы, «Nur Otan» партиясының мүшесі Айнұр Смағұлова. Қамқорлықты сезінген қариялар шын көңілімен алғыстарын білдіріп, тілегін білдірді. «Құттықтауларыңызға үлкен рақмет! Жастардың бізді ұмытпай, Жеңіс күнімен құттықтауы қуантады. Әр жылы 9 мамыр Жеңіс күнінде «Nur Otan» партиясы бізді назардан тыс қалдырған емес. Карантин кезінде де қамқорлықсыз қалған жоқпыз. Әр күн сайын түскі ас жеткізіп, санитарлық құралдармен қамтамасыз етіп отыр. Өте ризамыз. Осы сәтті пайдаланып қазақстандықтарды Жеңіс күні мерекесімен құттықтаймын және елімізге ашық аспан мен гүлдену тілеймін» дейді Ұлы Отан соғысы ардагері Владимир Белозёров. Осы акция аясында 27 наурыздан бері 80-нен асқан жалғызбасты қарияларға ыстық тамақ жеткізіліп келеді. Күн сайын 1000-ға тарта қарт ыстық тамақпен қамтылады. Еріктілер осы күнге дейін 33 мыңнан астам тамақ жеткізген. Гүлнар ТӘЖИЕВА