Тараз қаласында карантин режимі жеңілдетілмейді. Себебі қалада коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі жиілеп кеткен, - деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы. Аймақ бойынша қауіпті індетті жұқтырған 160-қа тарта адамнан анықталса, соның жартысына жуығы облыс орталығында тіркелген. Бүгінгі күнге дейін қалада 19 тұрғын үй карантинге жабылған. Қазіргі ахуалды жергілікті халық дұрыс түсініп отырған көрінеді. Тіпті 14 күндік карантинде болып көрген тұрғындар төтенше жағдай өмірлік сабақ болды дейді.
Қала бойынша коронавирус жұқтыру дерегінің жиілеп кеткенін қалалық ТКҚСҚБ басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Әбділдә да растаған. "Бізде қазір коронавирус инфекциясымен тіркелулер жиілеп кетті. Сол себепті жеңілдетілмей отыр. Қойгелдегі көшесіндегі тұрғын үй карантинге жабылған болатын. Ол жерде науқас анықталып, науқас бірден инфекциялық ауруханаға оқшауланды. Науқаспен жақын қарым-қатынаста болған адамдардың барлығы карантиндік стационарға жатқызылды", - дейді Ғабит Әбділдә. Айта кетейік, жалпы Жамбыл облысында 169 адам COVID-19 жұқтырса, оның ішінде 55-і айығып шыққан. Сондай-ақ облыс бойынша бір адам коронавирустан қайтыс болған.