Алматыда 3 мыңнан астам ардагерді құттықтады
Алматыда 3 мыңнан астам ардагерді құттықтады
137
оқылды
Әрбір қазақстандық үшін көптен күткен Жеңіс күні мерекесі де келіп жетті. Қиын эпидемиологиялық жағдайға  байланысты Жеңіс күнінің 75 жылдығына орай көпшілік қатысатын шаралар тоқтатылды. Алайда шектеулерге қарамастан мемлекет және Nur Otan партиясы тарапынан Ұлы жеңісті мерекелеу әрі қаһарман ардагерлерімізді Төтенше жағдай мен карантин жағдайында құттықтау бойынша бірқатар шара жоспарланған. Бүгін Елбасы, Nur Otan партиясы Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жалғасып келе жатқан #BizBirgemiz акциясы аясында партияның алматылық филиалы қалалық әкімдік пен кәсіпкерлердің қолдауымен 3000-нан астам ардагер мен тыл еңбеккерін құттықтады. Қаһармандарымызға тұрмыстық техника, азық-түлік себеттері, естелік сыйлықтар беріліп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, қала және партия басшылығының атынан құттықтау хаттар табысталды. Жасалып жатқан игі шараларға ардагерлеріміз ризашылықтарын білдіріп, алғысын айтуда. Алматы қаласында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері аса көп емес. Сол себепті қала тұрғындары, көршілері оларды өте жақсы таниды. Партиялықтар ардагерлерді құттықтауға бас сұққан үйлердің бәрінде көршілері «Біздің қаһарманымызды құттықтауға келдіңіздер ме?» деп сұрай бастайды. Көтеріңкі көңіл күйдегі олардың әрқайсысы көмектесуге асығып, пәтер немесе үй нөмірін көрсетіп жіберуге дайын тұрды. Олардың соғыс ардагерлеріне қаншалықты құрметпен қарайтыны осы әрекеттерінен-ақ анық аңғарылады. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа елімізде бейбітшілік, тұрақтылық орнатып, қарқынды дамуды қамтамасыз еткені үшін алғысымды білдіргім келеді. Тарихымызды ұмытпай, біз – ардагерлерге қоғамда да, мемлекеттік деңгейде де үлкен құрметпен қарайтыны көңілге жылу ұялатады. Біз елімізді мақтан тұтамыз. Қан бекер төгілген жоқ. Біз болашақ ұрпақ үшін көптеген құрбандыққа бардық. Жеңіс күні құтты болсын!» деді ардагер Бисет Мажағұлов. Сондай-ақ Almaty Birgemiz  қоры мен Nur Otan партиясы тарапынан Алматы қаласының 3000-нан астам ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген азаматтарға, 14 мыңға жуық тыл еңбеккеріне 50 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілген болатын. Жеңіс күні қарсаңында Алматы қаласы әкімдігінің, кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтардың қолдауымен 80 жастан асқан 1000-ға жуық жалғысбасты қартқа, оның ішінде 46 ҰОС ардагеріне мерекелік ыстық тағам жеткізіліп, естелік сыйлықтар табысталды. Гүлнар ТӘЖИЕВА