Ең алдымен шаштараз бен салонға келушінің арасы жарты метрден жақын болмауы керек. Бұл Германияның экономика және әлеуметтік мәселелер жөніндегі министрлігі бекіткен ереже. Би-би-си таратқан ақпаратқа сүйенсек, Германия мемлекеті карантиндік талапты жұмсартуды шаштараз қызметінің ашылуына рұқсат беруден бастаған. Ереже бойынша шаштаразға келген адам журналдарды парақтап, күтіп отырмауы тиіс. Шебер де тұтынушы да маска тағады және құрғақ шашты қиюға рұқсат жоқ. Ол үшін шаштараз қолына медицина қолғабын киіп келген адамның басын жуады. Егер шаш қиятын кезде қолғап кедергі келтірсе шешіп қоюына болады. Министрлік бекіткен ережеде қайшыны вирустан залалсыздандыру ең негізгі сақтық шарасына жатады. Сондай-ақ, шаштараз салонға келген адамның аты-жөнін, телефон нөмірін жазып қоюға міндетті. Бұл жаңадан індет жұқтыру тіркелген жағдайда өзгелерге тез арада ақпарат беру мақсатында жасалып отыр.
Германияның сұлулық салондары төмендегі ережені сақтауы тиіс: *Шаш қию тек алдын ала жазылу бойынша, салонда кезек күткендер болмауы керек. *Шаш қию кезінде бетпе-бет сөйлесуге тыйым салынған, тек айна арқылы сөйлесуге рұқсат. *Салонның ауасы сағат сайын жаңартылып тұруы тиіс. *Қайшы, тарақ және өзге де құралдарға дезинфекция жасалады. *Келген адам міндетті түрде қолын сабындап жуып барып, шаштараз орындығына отырады.Би-би-си тілшілері тілдескен Берлин қаласындағы шаштараз Рено Хармс карантин кезінде үйде отырып өз шашын өзі алғандар көп болғандықтан қазір түзетуге келіп жатыр. «Күлкілі жағдайға жиі тап боламыз. Кейбіреулері тіпті шашын қиып қана қоймай, өздігінен қалай болса, солай бояған. Солардың барлығын жөндеп, түзетіп жатырмыз», – дейді Рено.
Б.Базар