Өткен жылдың тамыз айында Қызылорда қаласында үш полиция қызметкері 17 адамды өрттен құтқарып қалды. Тәртіп сақшылары бұл ерліктерін өздерінің азаматтық міндеті деп санайды. Сол күні Қызылорда қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне облыс орталығы бойындағы Қорқыт ата көшесі мен Өсербаев көшелерінің қиылысында көп қабатты үйдің бірінде төртінші қабатта орналасқан пәтерден өрт шығып жатқаны жайында хабарлама түсті. Жедел қызметтер мамандарымен бірге полиция қызметкерлері Мақсат Жылқайдаров, Мақсат Хасенов және Бақытжан Досмағамбетов оқиға орнына келіп жетті.
«Біз оқиға орнына барған сәтте подьезден қою қара түтіннің шығып жатқанын аңғардық. Көп ойланып тұратын уақыт жоқ. Дереу әрекетке кірістік. Тұрғындарды дереу сыртқа шығарып үлгердік. Одан кейін өрт шығып жатқан пәтерді ашып, онда жалынға оранған дүниелерді өшіруге тырыстық. Пәтер иелері үйде жоқ екен. Осылайша адамдар өмірін аман сақтап қалдық. Біз өз міндетімізді орындадық», - дейді Мақсат Хасенов.Өрттің көрші пәтерлерге таралу қаупі бар екенін аңғардған Мақсат Хасенов пен Бақытжан Досмағамбетов өрт болған пәтердің есігін ашып, онда орын алған өртті сөндіруге кірісті. Ал Мақсат Жылқайдаров өткір түтін салдарынан пәтерлерінен шыға алмай қалған тұрғындарға көмектесті. Олардың арасында үлкендердің бақылауынсыз қалған балалар да бар еді. Өрт салдарынан жарық та сөніп қалған болатын. Осындай қиындықтарға қарамастан полиция қызметкерлері өз міндеттерін жоғары деңгейде атқарып шықты. Нәтижесінде барлығы 17 адам өрттен қауіпсіз аймаққа шығарылды.
«Полиция қызметкерлері өз өмірлерін қатерге тіге отырып, көп қабатты үй тұрғындарына көмектесті. Сол сәтте тұрғындарды құтқаруға белсене атсалысқан Мақсат Жылқайдаров, Мақсат Хасенов және Бақытжан Досмағамбетов сынды полиция қызметкерлері елдің алғысын алды. Олардың бірі полиция қызметінде он жылдан астам уақыттан бері қызмет атқарып келе жатса, енді бірі еңбек жолын бастағанына бір жылдан асқан. Олар өздерінің батыл істерімен жас ұрпаққа үлгі бола алады», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.Полиция майоры Мақсат Жылқайдаров ішкі істер органдарында 2008 жылдан бері қызмет атқарып келеді.Жұбайы - Алмағамбетова Айжанмен бірге 4 бала тәрбиелеп отыр. Ол спортты жақсы көреді. Ал полиция капитаны Мақсат Хасенов ішкі істер органдарында 2013 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Отбасылы, 2 бала тәрбиелеуде. Полиция лейтенанты Бақытжан Досмағамбетов ішкі істер органдарында небары 2 жылдай қызмет атқарып келеді. Отбасылы, 2 бала тәрбиелеуде.