2020-2022 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға екі конкурс жарияланды, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі. Конкурсты Ғылым комитеті ғылымды дамытудың сегіз басым бағыты бойынша іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер бойынша жариялады. Гранттық қаржыландырудың дәстүрлі түрлерімен қатар жаңа түрлері де енгізілді. Біріншіден, жеке немесе бес адамға дейінгі зерттеу топтарының жекелеген ғылыми міндеттерді шешуіне бағытталған, мерзімі 12 айға дейінгі шағын гранттар. Екіншіден, шетелдік ғалымдармен және ғылыми ұжымдармен ынтымақтастық аясында ірі ғылыми мәселелерді шешуге бағытталған 27 ай мерзімге берілетін халықаралық коллаборацияға арналған гранттар. Айта кетерлігі, биыл ғылыми жобаларға арналған гранттардың жаңа түрлері қарастырылған. Сонымен қатар, ғылымның нәтижелі болуын арттыру мақсатында ғылыми жетекшілер мен ғылыми және ғылыми-техникалық жобалардан күтілетін нәтижелерге қойылатын талаптар да артты. Конкурстық өтінімдер 2020 жылғы 11 мамыр мен 26 маусым аралығында мына сілтеме бойынша «ҰМҒТСО» АҚ ақпараттық жүйесі арқылы электронды түрде қабылданады.