Қылқалам шеберлерінің көрмесі
Қылқалам шеберлерінің көрмесі
176
оқылды

Шараның өткізілуіне мұрындық болған – «Есіл» балалар көркемөнер мектебінің шәкірттері. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген қағиданы ұстанған ұстаздар мен Тәуелсіздік сарайының ұжымы кішкентай таланттарды қолдау мақсатында осы шараны ұйымдас­тырып отыр. Шараның мақсаты – өс­келең ұрпақтың эстетикалық талғамы мен патриоттық тәрбиесін қалып­тастыру.

Көрмеге 5-16 жас аралығындағы өнерпаздардың көздің жауын алатын 120-дан астам туындысы ұсынылған. Олардың барлығы бейнелеу өнерінің түрлі жанрын қамтып жасалған. Жас суретшілер түрлі техниканы пайдала­нып, қағаз бетіне әсем көріністі ерекше талғаммен, асқан шеберлікпен өрнек­теген. Атап өтсек, мұнда кескіндеме, гра­фика, мүсіндеменің түр-түрі қаз-қа­тар тізіліп тұр. Жеткіншектердің тала­бы мен өнері қуантады. Көрмедегі әр туындының һас шеберлікпен орындал­ғаны сөзсіз. Оның дәлелі – көрмеге кел­ген қауымның ыстық ықыласы. Ша­раны тамашалауға келген кеш қонақтары таңданысын жасыра алмай, әр туындыны жоғары бағалап өтті.

– Көрмеде ұсынылған әр туынды – айрықша. Көрмеден ерекше әсер алдым. Себебі, әр жеткіншек туынды­сын өте жоғары деңгейде орындаған. Бояулар ашық, түстер композициясы үйлесімді. Бүлдіршіндерге айтарым, осы беттен қайтпай, көп еңбектеніңдер. Өнер жолында нәтиже еңбекпен келеді. Болашақта туындыларыңды әлемдік деңгейдегі көрмеден көрейік, – деді Суретшілер одағының мүшесі Еркінбек Есімов.

Көрмеде ұсынылған әр картинаның өзіндік мағынасы бар. Бірі Отанға деген махаббатты бейнелесе, екіншісі қорша­ған ортаның ғажап көрінісін суреттеген. Әр өнерпаздың ерекше қолтаңбасы бар. Десе де, оларды біріктірген ортақ дүние бар. Ол – өнер.

Ұйымдастырушылардың айтуын­ша, өткізілген көрме – ата-ана, ұстаздар және жас шеберлердің ортақ жемісі. Себебі, бұл бір күнгі еңбектің көрінісі емес. Осындай көрме өнерпазға моти­вация мен толассыз шабыт сыйлайтыны сөзсіз.

Иә, шынымен де, жас өнерпаздың көзінен «менің қолымнан келедіні», ата-анадан зор мақтанышты аңғармау мүмкін емес. Бүгінгі картина автор­ла­ры­ның ішінде Әбілхан Қастеев, Мол­дахмет Кенбаев сынды қазақ сурет өне­рі­нің алып тұлғаларының ізбасар­лары шығады деген сенімдеміз.


Iнжу БАЛТАБЕКҚЫЗЫ