Алдағы 3-6 айда кедей елдердің арасында коронавирусты жаппай жұқтырғандар саны артуы мүмкін. Бұл туралы БҰҰ бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Марк Лоукок мәлімдеді, деп хабарлайды РИА Новости.
"COVID-19 барлық елде тіркелді және әрбір адамға әсер етті. Бірақ дүниежүзіндегі кедей елдер індеттің салдарынан зардап шегеді", - деді Лоукок.Оның айтуынша, мұндай елдер екі мәселеге тап болады. Біріншісі - денсаулық сақтау саласындағы қауіп. "Алдағы 3-6 айда көптеген елде ауруды жаппай жұқтырғандар саны артады", - деді БҰҰ өкілі.
"Екіншісі - жаһандық құлдырау және ел ішіндегі вирусты тоқтатуға қабылданған шаралардың әсері. Қазір біз кірістің төмендеп, жұмыс орындарының қысқарғанын, азық-түлік қорының азайып, бағаның қымбаттағанын, балалар вакцина қабылдамай, сабаққа бармай жатқанын көріп отырмыз", - деді ол.Лоукоктың айтуынша, БҰҰ "дүние жүзіндегі санкция енгізген елдердің шектеу шаралары басқа елдерге коронавирус пандемиясымен күресуге кедергі келтірсе, санкциялар жеңілдетіледі" деп күтеді.
"Біз барлық мемлекетті пандемиямен күресте ынтымақтасуға және бір-бірін қолдауға шақырамыз. Барлық мемлекет өздері енгізген шектеу шараларын қайта қарап, шаралардың салдары болмауын қамтамасыз етеді деген үміттеміз", - деді БҰҰ бас хатшысының орынбасары.Американың Джонс Хопкинс университетінің 8 мамыр таңертеңгі деректеріне сүйенсек, дүние жүзінде COVID-19 жұқтырғандар саны 3,8 миллионнан асты. Қайтыс болған адамдар саны 269 564-ке жетті, 1 282 930 аурудан айықты.