Атыраудың ахуалын айтсақ...
Атыраудың ахуалын айтсақ...
144
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына іссапармен барды. Ол жақта мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңес мүшелерімен, зиялы қауым, ардагерлер, кәсіподақтар мен жастар ұйымдарының өкілдерімен, мемлекеттік қызметшілермен кездесті.

Президент өңір халқының әл-ау­қатын арттыруды қамтамасыз етуге, отандық өндірушілерді дамыту үшін мұнай-газ секторының әлеуетін барын­ша пайдалануға көңіл бөлді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке үш ірі жоба аясында өнімдерді сатып алу және қыз­мет көрсету ісіндегі отандық тауарлар мен жергілікті мамандардың үлесін кө­­бейту, шетелдік және отандық жұмыс­шыларды бірдей еңбекақымен қамта­масыз ету жөнінде жүйелі жұмыс жүр­гізуге тапсырма берді. «Атырау облысы – мәде­ни және адам әлеуеті мол аймақ. Өңірдің же­тістіктері жергілікті халық­тың өмір сүру сапасы мен табысының өсуіне ықпал етуі тиіс. Әкімдік, үкімет, бизнес – бә­ріміз осыған баса назар аударуымыз керек. Азаматтарымыз сапалы білім алып, жалақысы жоғары жұмысқа ор­наласуы үшін барлық жағ­дайды жасауы­мыз керек. Отандық кәсіп­керлерге де айтарым бар. Мемле­кеттің және кез келген компанияның ең басты байлығы адам екенін ұмыт­паңыз­дар. Бастысы, жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыс­шылардың жалақысын арттыру», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге, экономика саласын әртараптандыру, соның ішінде полиэти­лен, полипропилен өндіру және ба­лық шаруашылығын дамыту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру мәселелері де назардан тыс қалмады. Жергілікті экономиканың мұнай-газ және мұнай-химия кешендерінен басқа да салаларын дамыту қажет екені белгілі. Осы ретте Президент балық өнеркәсібін қалпына келтіріп, осы секторға инвесторлар тартуға тапсырма берді. Бүгінде қабыл­данған шаралар нәтиже бермей келеді. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдік бұл мәселеге баса назар аударуы тиіс екенін атап өтті.

Облыстағы тұрғын үй, экология жә­не көлік инфрақұрылымы мәселелері де шешімін күтіп тұрғаны белгілі. «Нағыз сапалы жол қандай болуы керек? Ең алдымен, сол жолды пайдаланатын тұрғындарды діттеген жеріне жылдам жеткізетін қауіпсіз жол болуы тиіс. Жөнделген жолдың саны емес, сапасы маңызды. Әкімдіктердің жұмысын осы талапқа сай бағалайтын боламын. Мысалы, қазір Индер мен Миялының арасындағы 120 шақырымды жүріп өту үшін 5 сағат керек. Ал жөндеуден кейін бұл аралықты 1,5 – 2 сағаттың ішінде жүріп өтуге болады», – деді Қазақстан Президенті. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ел бюджетін жоспарлау кезінде трансферлердің әділ бөлінуі мен жемқорлыққа қарсы жұмыстарды күшейту туралы да айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев атқарған мінсіз еңбектері үшін бірқатар азаматты алғысхатпен марапаттады. Олардың ара­сында Атырау облыстық аурухана­сының хирургия бөлімінің меңгерушісі А.Дүсіпов, «Болашақ К» қоғамдық бірлестігінің менеджері Г.Жұмабаева, мұнай және газ өңдеу цехының опе­раторы Н.Ерғалиев, «Амангелді атын­дағы» балық шаруашылығы өндірістік кооперативінің жетекшісі У.Есалиев және Атырау қалалық №17 орта мектеп лицейінің математика пәнінің оқыту­шысы С.Ерошенко бар. Кездесу соңын­да Мемлекет басшысы қатысу­шыларды мемлекеттік рәміздер күнімен және қасиетті Рамазан айының аяқталуымен құттықтап, табыс пен бақ-береке тіледі.

 

Айша ЕРСҰЛТАН