Қазақтың тұңғыш генералы Жансен Кереевтің туған жерінде ескерткіш мүсіні орнатылды
Қазақтың тұңғыш генералы Жансен Кереевтің туған жерінде ескерткіш мүсіні орнатылды
© Сурет ғаламтордан
308
оқылды
Ақтөбе облысы, Темір ауданында Жансен Кереевтің 90 жылдығына орай ескерткіш мүсіні орнатылды. Жансен Кереев Темір ауданы, Қайыңды ауылы, Бабатайда дүниеге келген. Мектеп бітірген соң әскери училищені, кейін Фрунзе атындағы әскери академияны алтын медальмен тәмамдады. Жерлестері қазақтың тұңғыш генерал-лейтенанты Жансен Кереевтің 90 жылдығына орай жастарға идеологиялық-патриоттық тәрбие беру мақсатында ескерткіш орнату жұмыстарын қолға алып, жобаны толық іске асырды.
«Әскерге шақырылып, Отан алдындағы борышын адал атқарды. Білім алған соң Чита қаласының іргесіндегі Песчанка елді мекеніндегі полкте взвод командирі болып қызмет атқарды. 1956 жылы Жансен Кереев Германиядағы кеңес әскерлерінің тобына танк бөлімінің мотоатқыштар ротасына взвод командирі болды. Лейтенант шенінен генералға дейін көтерілді. Оның еңбек жолы мен қайсарлығы, білімі мен біліктілігі өскелең ұрпаққа үлгі. Туған жеріндегі музейде оның жеке заттары қойылған. Ал ескерткіш Жансен Кереев атындағы көшеге әдейі қойылды», - деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрмұхан Өтепов.
Ескерткіштің ашылуына аудан әкімі бастаған бөлім, мекеме басшылары қатысып, гүл қойды. Төтенше жағдай кезінде қауіпсіздік ережесі, арақашықтық сақталды. Айта кетейік, Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық кентінде Жансен Кереев атында орта мектеп пен көше бар.