Мақтаарал: Мамандар әр өлген малдың фотосын түсіріп, актісін дайындап жатыр
Мақтаарал: Мамандар әр өлген малдың фотосын түсіріп, актісін дайындап жатыр
Фото: Интернеттен алынды
268
оқылды
Мақтаарал ауданында жалпы көлемі  7639 гектар ауыл шаруашылығы жерлері зақымданған. Ал мал шығыны – 297. Қазір барлық шығын есептеліп, Үкіметке ұсынылды. Алдағы уақытта өтемақы жасалатын болады. «Ауданда 11 елді мекеннің егістігі зақымданған. Жалпы 1 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тізімі жасақталды. Біз 7 639 гектар егістіктің шығынын 4 млрд 1 млн теңге көлемінде есептеп, Үкіметке ұсындық. Комиссия шешімі бойынша әр дақыл түріне орай өтемақы жасалады. Ал ветеринариялық жағдай бойынша 297 мал зардап шеккен: 58 бас сиыр, 227 қой-ешкі, 16 жылқы, 2 түйе және 227 үй құстары суға аққан. Барлығын жою жұмыстары жүріп жатыр. Мал шығынын өтеу үшін нарықтағы баға бойынша 32 млн теңге шығынды есептеп, Үкіметке ұсынып отырмыз», – деді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов. Басқарма мамандары өлген әр малдың фотосын түсіріп, актісін дайындауда. Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, мал мен егіннің өтемақылары төтенше жағдайға байланысты ашылатын азаматтардың жеке шотына аударылады. Қосымша шот ашудың қажеті жоқ. Су тартылғаннан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігінен арнайы мамандар келіп, жердің құрамын, зақымданған күйін тексереді.