Жамбылдық өнерпаздар – Жизақта
Жамбылдық өнерпаздар –  Жизақта
220
оқылды

Мұндағы қазақ халқы шоғыр­лан­ған Гагарин ауылындағы Өзбек-Қазақ мәдениет орталығында салта­натты қарсы алу шарасы өтіп, Жизақ облысы мәдениет басқарма­сы­ның басшысы Камол Фахродов келген қонақтарға ыстық лебізін білдірді. Достық деле­гациясын бастап барған Жам­был облысы әкімдігі мәдениет, архив­тер және құжаттама басқар­ма­сының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев іс-шараның маңызына тоқталып, екі ел арасындағы жүзеге асып жатқан игі бастамалардың жастарды рухтандырып, отаны­на деген сүйіспеншілік пен жауап­кер­шіліктерін арттыратынын нық сенім­мен айтты. К.Әзірбаев атын­дағы Жамбыл облыстық филар­мо­ниясының «Алатау» фольклорлық ансамблі А.Малдыбаевтың «Көне Тараз», Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлерін орындаса, Д.Басы­қараев пен Д.Байзілдаев күй тартыспен халықты тәнті етті. Мәдениет саласының үздіктері О.Азаматова, Ж.Омаров және Д.Диханбаева халық әндері мен жер­гілікті композиторлардың ән­де­рін нақышына келтіре шыр­қап, Сарысу аудандық «Айжан қыз» халықтық би ансамблі биден шашу шашты. Ал Жуалы аудандық халық театры Бақыт Беделханның «Тағдыр тақтасы» атты А.Әші­мов­тың өмір тарихына құрылған поэтикалық драмасын ұсынды. Жам­былдық өнер шеберлері жи­зақ­тықтарға шеберлік сағаттарын өткізіп, тәжірибе алмас­ты. Мырза­шөл ауданына сая­хат ұйымдасты­ры­лып, жетіс­тік­терімен танысты. Қандас бауырлармен кездесіп, қариялар­дың алғысына бөленіп қайтты. Өз кезегінде Жизақ облысы бойынша Қазақ мәдени орталы­ғының төрағасы Өтеп Сейдаманов­қа Жамбыл облысының атынан сый-сияпат табыс етілді.

Ал облыстық кино орталығы­ның мамандары Ташкент қала­сын­дағы Алишер Науаи атындағы мәдениет сарайында кино күндерін өткізді. Аталған маңызды шараға Өзбекстанның киноиндустрия саласының белгілі мамандары, көп­теген фильмді әлемге таныт­қан тұлғалар арнайы қатысты. Облыстық кино орталығының директоры Сайлаубек Лесбаев Өзбекстанның орталық телеарна­ларына шараның мақсаты мен көрсетілетін фильмдер туралы қысқаша сұхбат беріп, көрермендер «Жаужүрек мың бала», «Біздің қаланың ханзадасы» атты көркем фильм­дері мен «Мұзбалақ» ани­ма­циялық фильмін тамашалады. «Өзбеккино» ұлттық агенттігінде өткізілген баспасөз конферен­ция­сында Облыстық кино орталығы тарапынан түсірілген қысқа­метражды және деректі фильмдерге өзбекстандық мамандар үлкен қызығушылық білдірді. Алдағы уақытта меморандум аясында екі­жақты бірлестік арқылы жобалар жасау келісілді.

Жамбылдық өнерпаздардың Жизақтағы мәдениет күндері Жизақ облыстық музыкалық драма театрында өткен гала концертпен түйінделді. Жизақ облысы әкімінің орынбасары Азиз­бек Эгамбердиев, облыстық мәде­ниет басқармасы­ның басшы­сы Камол Фахродов бауырлас екі ел арасындағы жүзеге асып жатқан игі іс-шаралар ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан мәдени байланысты одан ары нығайта түсетініне сенім білдіре отырып, жамбылдық деле­гацияға қасиетті Мекке мен Өзбекстанның ғажайып таби­ға­ты суреттелген сағатын сыйға тартса, Жамбыл облысы әкімдігінің атынан облыс шеберлерінің қолынан шыққан Жамбылдың бейнесі өрнектелген кілемше және «Көне – Тараз» картинасы табыс етілді. К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармония­сы­ның «Алатау» фольклорлық ансамблі мен Сарысу аудандық «Айжан қыз» халықтық би ансамблі Жизақ жұртшылығына жергілікті және Қазақстан композиторлары­ның күйлері мен әсем әндерін ұсынса, өңірлік айтыскер ақын, республикалық ақындар мен тер­ме­шілер қоғамының мүшесі Дидар Басықараев бауырлас өзбек еліне қазақтың қара домбырасымен ар­науын айтып, көрерменнің көңі­лі­нен шықты. К.Әзірбаев атын­дағы Жамбыл облыстық филармо­ния­сының әншісі, Мәде­ниет саласы­ның үздігі Оңал Азаматова өзбек халқының танымал «Кетма» әнін шырқап, көпшіліктің көңілін көтерді. Соны­мен қатар Қазақстаннан барған де­легация Жизақ облы­сының тарихи-мәдени орындарын тама­ша­лап, Орталық Азиядағы ең ірі және көне шаһар әрі Жібек жолы бойында тұрған ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгізілген Самарқанд қаласында орналасқан «Регистан» алаңы, Әмір Темір мен Биби Ханым кесенелері, Мырза Ұлық­бек обсерваториясы, «Ша­хин-Зинда» және «Хазірет Қызыр» ме­мо­риалды кешеніне және бірқа­тар ескерт­кішке экскурсия жасады.