Қырдағы үш киіз үй
Қырдағы үш киіз үй
Фото: Интернеттен алынды
      10 жасар бала былшық қатқан көзін ұқалаған күйі егін даласына жүгіріп барады. Бүгін көп ұйықтап қойған сияқты ма? Үрейленді. Ата-апасы, достары жұмысты бастап кеткен болар. Бүгін масақ жинайтын күн. Бұлар осы күнге қандай бейнетпен жетті. Сиырды соқаға жегіп, жер жыртты. Қолмен дән септі. Күтіп, баптады. Бітік шыққан егінді қолмен орды. Міне, қалғанын жинауға бара жатыр. Кейде апасына сұрақ қояды: «Мұның бәрі не үшін? Біз еккен егін мен сіз түні бойы көз майын тауысып тоқыған қолғап пен шұлық қайда кетеді?». Сонда алған жауабын ешқашан естен шығармауға серт еткен. Бала кезін есіне түсірсе, қатар тігілген 3 киіз үй ойға оралады. Үш үйдің үш ұлы соғысқа кеткен. Бәрінің қайғысы мен тілегі бір. Әкесі Әжібек Даулыбаевты 1945 жылы апасының тәрбиесіне берген. Себебі оның баласы соғысқа кетіп, оралмаған. 10 жасар бала қариялардың қолында тұрып, еңбек майданына қатысады. Әрі жалғызын соғысқа жіберген кейуананың көңілін аулайды. Ойласа, бейнеті мен тауқыметі таусылмайтын кезең екен...                                                             Өгіз үстінде өткен балалық ...Ерте жастан еңбекке араласқасын, оның үстіне соғыс кезінде жұмыс таңдау жоқ-ты. Нені бұйырады, соны істейсің. Өгізге, тайға мінесің, кейде жаяулатып мал жаясың. Отар қойды әкеліп, қозыларын көгендеп, қой сауамыз. Сүтті қол мәшинемен тартып, ірімшік, сүзбе жасаймыз. Егін даласында да жұмыс көп. 2-3 адам  бірігіп сиырларын жегіп, қол соқамен  жер жыртады. Дән себеміз. Егіннің көтерілгенін күтеміз. Жаз бойы егістікте жүріп, күзде мектепке барамыз. Арасында қой кезек бар. Одан қалса қолмен орылған егіннің қалғанын жинау жұмысы күтіп тұрады. Балалармен кім көп масақ теретініне бәстесіп, жарысамыз. Сол уақытта еңбегімізге бидай береді. Бидайды қуырасың, талқандайсың. Оны қол диірменге тартып, ұн жасаймыз. Киіз үйдің жанында табаға от жағып, әжем нан пісіреді. Ыстық нанның иісіне тойып, қуанатынбыз. Таба нанды бірнеше күн талғажау етуге тырысамыз. Кейде  апамнан еккен егіннің қайда кететінін сұрайтынмын. Сонда апам «жеңіске жету үшін, сенің келешегің мен келер ұрпақ үшін» дейтін. Осы сөзді есіме түсірсем қолым ауырғанша қол диірменді айналдыратынмын.  Бір сиырымыз болды. Бір сиырға 60 келі ет, 9 келі май салық салады. 9 келі майды күзге дейін өтеу керек. Соның әуресімен жүріп, күз келгенін байқамай қаламыз. Аудан орталығында  интернатта оқыдым. Қолым қалт еткенде ата-апама келіп, көмектесетінмін. Балалығым тыл даласында апамның соғысқа кеткен ұлын күтумен өтті. 7 класс бітіріп, қалған класты кешкі мектепте оқыдым. Тельман ауданындағы училищеден тракторшы, комбайншы мамандығын алдым. Ең алғаш комбайнға отырғанда ауылым еске түсті. Міндетті түрде Ақтоғайға барып, егін оруды қаладым. Кезінде қолмен орған егін даласын комбайн үстінен бақылағым келді. Сондан тың игеру басталып, ауыл шаруашылығы саласында  қызмет еттім. Ал апам 80 жасқа келгенше ұлын күтті. Күдерін үзген жоқ. Іргелес киіз үйде тұратын 2 азамат соғыстан оралды, апамның ұлы сол күйі хабар-ошарсыз кетті. Апамды өзім ақтық сапарға шығарып салдым. Ұлын көрмей өмірден өткеніне іштей қынжыламын. Соғыс бізді ерте есейтті. Бәріне, бірігуге үйретті. Бейнеті көп жылдарды емірене еске аламыз.                                                             Амалсыз атқа мінген кез Қазақстанның әр қиырындағы жағдай осындай еді. Балалар ерте еңбекке араласып, қолғанат болатын. Келесі кейіпкеріміз Тұрсын Халилұлы да Әжібек ақсақалдың құрдасы. Ол да тыл даласындағы еңбек майданында ержеткен. ...  Жаркент жерінде еңбек майданы қызып тұрған шақ. Әкем соғысқа кеткенде 7-8 жастағы баламын. Сталинград майданына қатысқанын, Харьков жеріндегі шайқаста жараланып, қаза тапқанын кейін білдім. 1943 жылы әкемнің артынан қарақағаз келді. Сонда әкімшілік адамдары ауылға келіп, мені ортаға алып, әкемнің ерлігін баяндады. Ел алдында еңсем көтеріліп, қарақағаздың қайғысын бір сәт ұмытқандай болдым. Жиналыс барысында басшымыз «сен де әкеңдей Отанға қызмет етіп, еңбегіңмен таныл» деді.  Естіген жалынды сөз әлі есімде. Кейде ойлап отырып, көзіме жас келеді. Сондағы жігерлі сөз әркез жадымда, ұмытқан жоқпын. Қарап отырсам, мойымай, ертеңгі күннен үміт үзбеуге үйреткен естелік екен. Біз барымызды соғысқа бердік. Шешелеріміз күн-түн демей еңбек етті. Егіс даласында, мал соңында, қала берді үй шаруасын да дөңгелетіп әкететін. Ол кезде комбайн атымен жоқ. Ел егінді қолмен егіп, оратын. Әпкелеріміз сепкен егіннің үстіне тырма салатын. Киетін резеңке етік жоқ, жалаңаяқ жүріп жұмыс істейтін. Қарасаң аяқтары қан жоса. Нәзік жанбыз демей, ештеңені елемей ерлермен қатар жүргені бізге күш беретін. Соларға қарап, жанымыз ауырса жасымауға тырысатынбыз. Егіс даласы ауылдан 3 шақырым жерде-тін. Сондықтан түскі үзілісте үйге бармай, егіс басында тамақ ішетінбіз. Тамақ дегенде бір кісіге 200 грамм нан мен көже береді. Сонда шешеміз нанның жартысын бізге бөліп беретін. Бірде аш, бірде тоқ жүрдік.  Осындай жаңкешті еңбектің арқасында соғысты жеңдік. Байқасам, сол тұста тылдағы адамдар екінші флотта тұрып жаумен шайқасқан екен. 10 жасар бала болсақ та берген тапсырманы бұлжытпай орындауға тырысамыз. Бірде маған жылқы бағуға бұйырды. Ауылдағы жылқыны соқаға жегеді, мініс аттар бар. Қалғанын алдыма үйіріп айдаймын. Аттың үстіне алғаш мінгенде қатты қобалжыдым. 10 жастағы балаға үйір жылқы дес бермейтіні тағы бар. Амалын тауып жүріп, қайыратынмын. Күндіз өзім, кеше Жұмаш аға бағатын. Кезекті өткізіп бергенше жаным қалмайтын.  Қолдан келгенше үлкен кісілерге көмек бердік. Мектепті жүрдім-бардым оқыдық. Жағдай сондай-ды. Әупірімдеп жүріп 6 класс бітіріп, әскерге кеттім. 1958 жылы жүргізуші куәлігін алып, ауылда жұмыс істедім. Еңбегіме елеп, бригадир сайлады.  Солай 20 жыл бойы бел шешпей еңбек еттік. Тың игеруге қатыстық. Кішкене кезімізден жұмысты талғамай істегеннен бе, бәріне икемді болдық. Өмір үйретті. Иә, олар есік алдында алаңсыз ойнаған баланы көрсе сүйсінеді. Ұрпақтың ертеңі үшін дұға жасайды. Шүкір етеді.  Қазір Әжібек Даулыбаев пен Тұрсын Халилұлы сексеннің сеңгіріне шықты. Бірі Қарағанды облысы Балқаш қаласының, екіншісі Алматы облысы Жаркент қаласының тумасы. Қос ақсақалдың тағдыры, еңбек жолы көпке өнеге. Салалы саусағында соғыс кезінің табы бар. Сондықтан бейбіт күндегі әр істің берекесі барын біледі. Екі қарияның тілегі бір: соғыс өрті тұтанбай, еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен...                                                                                                                                                           Әңгімелескен

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ