Алматыға жеке қорғаныс құралдары жеткізілді
Алматыға жеке қорғаныс құралдары жеткізілді
Еліміздің өзге өңірлеріне қарағанда қазіргі таңда Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны басым болып тұр. Осындай қиын сәтте Оңтүстік Корея мемлекеті ізгілікті көмек көрсету шеңберінде індетпен күрес мақсатында Алматы қаласының Қоғамдық даму басқармасына және Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне 1  125 бірлік жеке қорғаныс құралдарын тапсырды. Гуманитарлық көмектің жалпы құны – 45 мың АҚШ доллары. «MPK Clinic» корей компаниясының қолдауымен 1 125 дәрігер мен медицина қызметкерлеріне жеке қорғану құралдары ұсынылды. Shinhan Bank пен Lotte Rakhat компанияларының әрқайсысы құны 20 мың АҚШ долларына тең 500 бірлік жеке қорғаныс құралдарын ұсынса, SK E&C компаниясы құны 5 мың АҚШ доллары болатын 125 бірлік жеке қорғаныс құралдарын табыстады. Бұл жеке қорғану құралдары инфекциялық госпитальдардың медицина қызметкерлеріне бөлініп берілетін болады. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев коронавирус пандемиясы кезінде көрсеткен қолдауы үшін оңтүстіккореялық компаниялардың өкілдеріне алғысын білдірді.       «Қазіргі таңда бүкіл әлем жаһандық пандемиямен бетпе-бет келіп отырған осынау сын шақта бәрімізге де әрбір қолдау маңызды. Осылай бас біріктіріп, ниет тоғыстырып еңбек еткенде ғана қауіпті індеттің бетін қайтарамыз», – деді Т.Әбілдаев. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, бүгінде Алматы қаласында коронавирус бойынша жағдайды тұрақтандыру мақсатында эпидемияға қарсы және емдеу және аурудың алдын алудың кешенді шаралары қабылдануда. Ол қаланың Жедел штабының басшылығымен атқарылып жатқан алдағы іс-әрекеттер ахуалдың біртіндеп тұрақтануына, инфекция жұқтырғандар көрсеткішінің төмендеуіне әкелетініне сенім білдірді. Гуманитарлық көмек көрсетуге еліміздің Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігі қолдау көрсетті. «Сыртқы істер министрлігі Кореядағы біздің елшілігіміз арқылы Қазақстандағы корей компаниялары консорциумына гуманитарлық көмек көрсетті. Консорциум үш компаниядан тұрады. Гуманитарлық көмек жеке қорғаныс құралдары түрінде 40 қораппен келді. Бұл бірінші партия емес. Бұған дейін «MPK Clinic» корей компаниясынан Алматының медициналық мекемелеріне ПЦР-тесттер жеткізілген еді», – деді СІМ Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Ерлан Ысқақов.    width= Корей компанияларының өкілдері эпидемиологиялық жағдайдың тез арада тұрақтануына тілек білдірді. «Коронавируспен күресу үшін Алматы қаласы мен Қазақстанның барлық дәрігері бірігіп, күш-жігерін жұмсауы тиіс. Қазір бүкіл әлемдегі және Қазақстандағы жағдай қиын. Сондықтан біз осы мәселені бірге еңсере алатынымызға сенгім келеді. Коронавируспен күреске бөлінген бұл құралдар айтарлықтай көмегін береді деп үміттенемін», – деді Shinhan Bank Kazakhstan  басқарма төрағасы Ким Хенг Ван. «Біздің компания басқа әріптестермен бірлесіп медицина қызметкерлеріне қорғаныс киімдерін беруді шешті. Қаладағы жағдайдың тұрақталуын тілейміз», –  деді «Рахат» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Пак Гин Ен. «Қазақстан коронавируспен бетпе-бет келгенде біз де шет қалмай, өз тарапымыздан көмек көрсеткіміз келді. Аталған індетті жеңіп, қала мен алматылықтардың бұрынғы қалыпты өміріне оралуын тілеймін. Мен Қазақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынас жалғасын тауып, Қазақстанға инвестиция құятын корей компанияларының да көп болғанын қалаймын», – деп атап өтті SK E&C өкілі Джун Хун Ким.