Кәсіптің нәсібі қоғамға арналған
Кәсіптің нәсібі қоғамға арналған
211
оқылды

Елімізде өмірлік мақсатын жүзеге асыруды армандаған жандарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Ең бастысы, кәсібі арқылы өзіне де, қоғамға да пайдасын тигізетіндей іс атқарып, қайтарымсыз берілген гранттың өтеуін адал өтеп, өзгелердің де мемлекет қолдауын ұтымды пайдалануына үлгі болса болғаны. Бұл, әсіресе, кәсіпкерлік салада жетістікке жетуді мақсат еткендер үшін мол мүмкіндік.

Мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдауды нәсібіне айналдырған жандардың қатарының көрсеткіші Атырау өңірінде де артып келеді.

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының ха­лықпен етене тығыз жұмыс істеуінің нәти­же­сін­де, кәсібін ашуға ниетті жандар қатарында Мақат ауданының тұрғыны Жақсылық Жұма­ға­лиев та бар. Екі мамандықтың, атап айтқанда, денешынықтыру және психология маман­дық­тары бойынша білімі бар Жақсылық Аман­гел­ді­ұлы Мақат аудандық емханасында жұмыс істейді. Атырау облысындағы қимыл-тірек ап­па­раты зақымданған, зейін тапшылығы син­дро­мы, Даун синдромы секілді түрлі ақауы бар балаларға арналған оңалту орталығы, сондай-ақ ересектерге арналған инсульттан кейін оңалту бағдарламасымен жұмыс істейтін «Болашақ К» қоғамдық қорында екі жылдан аса емдік дене­шы­нықтыру нұсқаушысы болып қызмет еткен Жақсылық Жұмағалиев өз алдына кәсіп ашуды мақсат еткен.

– Психолог және денешынықтыру деген екі мамандығым бар. Бұл маман­дық­тар қазір сұранысқа ие, бастысы, маман­ды­ғыңды қоғамға пайдалы ететіндей жолдарды іздеу керек. Елімізде кәсіпкерлік саласына бері­ліп отырған мемлекеттік қолдаудан хабардар болып, кәсібімді ашуға ниет еттім. «Болашақ К» ҚҚ жанындағы оңалту орталығынан көп тәжірибе жинақтадым. Алыс-жақын шет елдер мен ТМД елдерінің оңалту саласы бойынша тә­жірибелі мамандардан дәріс алдым. Ауданы­мыз­да емделуге мұқтаж жанның көптігіне бай­ла­нысты «Ем болсын» жеке кәсібін ашып, емха­надағы жұмыс­тан тыс уақытымда, қимыл-тірек аппараты зақымданған, инсульттан кейін оңалтуды қажет ететін жандарға көмектесуді мақсат еттім. Дегенмен әр істің басында жет­кі­лік­ті қаражат болмауы қолбайлау болып тұра­ды. Ниетім болғанымен де қажетті құрал-жабдықты сатып алуға қаражатым бо­лмай, кәсіп ашуға ниетті жандарға арналған бағдарламаға қатысуға бел будым. Атырау облыстық Кәсіп­кер­лер палатасы жанынан «Бизнес кеңес­ші» курсына барып, қайтарымсыз грант алу­ға қол жеткіздім. Курсты оқу кезінде кәсіп­кер­лікке баулу, істі сауатты жүргізу, құжат­тарды заң шең­бе­рінде дайындау секілді әр адам білуі тиіс көптеген дүниелерді үйрендім. Атырау облысы Кәсіпкерлер пала­тасының маркетолог-кеңес­ші­сі тегін бизнес-жоспар жасақтап берді. Со­ның нәтижесінде, адамдарды сауықтыратын құрал-жабдықты алып, қазір адамдарды емдеп жүрмін, – дейді кәсіпкерлік саласына берілген қолдауды нәсібіне айнал­дыр­ған Жақсылық Амангелдіұлы.

Оның айтуынша, Мақат ауданында сырқат­танып қалушы көп. Әсіресе, инсульт­қа шалдығып, қимылсыз төсекке танылғандарға итальялық аппараттың көмегі бар. «Мүгедек болдым, енді ешкімге керек емеспін» деп өмірден баз кешкендей күйдегі адамдар, емдеу курстарынан соң, өмірге деген құлшынысы, еңбек етіп табыс табуға ниеті артып жатыр. Мен де науқасты емдеу кезінде психологиялық білі­мім­ді қолданып, жігерлен­ді­ретін сөздер айтып, үміттендіріп, жақсылыққа сендіріп, сауығып кетуіне жан-жақты ықпал етудемін» дейді аз қамтылған, жағдайы жоқ жандарды аз ғана ақшамен емдеуді қолға алған Ж.Жұмаға­лиев.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарла­ма­сының «Кәсіпкерлікті қаржылық емес қол­дау» төртінші бағытының операторы – «Атаме­кен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Бағдарлама шеңберінде «Бизнес мектеп» жобасы жүзеге асырылады. Міне, осы бағдарлама арқылы қара­жатқа ие болу, мақсаты айқын көп адамға көмек болып отыр.

– «Бизнес мектептің» мақсаты – кәсіпкерлік негіз­дері бойынша 3 бағытта дәріс беру. Бірінші сатыдағы оқулар екікүндік қысқамерзімді «Биз­нес кеңесші» курсы деп аталады. Бұл курс­ты оқытудың мақсаты – кәсіпкерлікпен айналысуға келген азамат кәсіпкерліктің, кәсіпкерлік қыз­мет­тің не екенін, оған қалай келу керек, қан­дай психологиялық дайындығы болу керек, қан­дай ұғымдарды білу керек, қай бағытта жыл­жу керек деген сияқты кәсіпкерліктің негізгі әліппесін білуі тиіс. Оны білмесе, ертеңгі күні жеке ісімен айналысамын деп несие алып, қай бағытта жұмыс жасарын білмей, тоқырауға ұшырауы мүмкін. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында «Бизнес кеңесші» курсы ұйым­дас­ты­рылады. «Бизнес кеңесші» курсына жұмысы бар азаматтар да, жұмыссыздар да қатыса алады. Шектеу қойылмаған. Осы курсты аяқтаған азаматтарға сертификат беріледі. Сертификат бизнес ашам деген адамдарға жеңіл несие алуға мүмкіндік береді, – дейді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы қаржылық емес қолдау бөлімінің басшысы Жанаргүл Жоламанова.

Айтарлығы «Бизнес кеңесші» курсын онлайн және оффлайн түрінде оқуға мүмкіндік бар. Жыл басынан бері Атырау облысы бойынша 327 адам оффлайн және 77 адам онлайн түрінде осы курсты оқып шыққан.

Сайып келгенде, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мақсаты айқын жандарды кәсіпке ынталандырып қана қоймай, оның кәсіп иесінің өзіне де қоғамға да орасан зор пайдасы болуын көздеген мақсаттарына жету жолында жұмысты жүйелі жолға қоя алып отыр. Ал оның тиімділігін білген азаматтар ел экономикасы мен әлеуеті үшін жұмыс істеп ілгерілетіп әкетсе, елімізде өз кәсібінің риыз­ды­ғын көргендер қатары толығары сөзсіз.

 

Атырау облысы