Меруерт ҚАЗЫБЕКҚЫЗЫ, диетолог:  Жаяу жүру – ең тиімді жаттығу
Меруерт ҚАЗЫБЕКҚЫЗЫ, диетолог:  Жаяу жүру – ең тиімді жаттығу
Арықтаудың оңай жолын іздейтіндер көп. Олар түрлі әдіс-тәсілді байқап көреді. Осы орайда Меруерт Қазыбекқызының айтуынша, диета мен спорт түрін таңдағанда аса сақтықпен қараған абзал. Маман кеңесіне жүгініп, дұрыс тамақтануға көшкен дұрыс. Диетолог ораза тұтқанның пайдасы мен арықтау жолы туралы ақыл-кеңесімен бөлісті.   –Ораза тұту – денсаулықты күтудің таптырмас мүмкіндігі. Осы орайда ағзадағы өзгерістер жайын айтсаңыз. –Қазір трендке айналған «құрғақ ашығу», интервалды ашығу, 16/8 және тағы басқа ашығу түрлері көп. Ғылыми тілмен айтсақ, ораза сол күрделі болып саналатын «құрғақ ашығуға» жатады. Енді оразаны тек физиологиялық тұрғысынан ғана қарастырсақ, сол ашығулардан әлдеқайда пайдалы әрі жеңіл өтеді. Оразада ағзада болатын өзгерістерге байланысты ғалымдар сараптама жасап, 4 кезеңге бөлген. Бірінші кезең – ең ауыр кезең.  Жүрек айну, бас айналу, әлсіздік тағы басқа осы сияқты симптомдар болуы мүмкін. Ағзаның тазалануға енді кірісіп жатқан кезеңі. Осы кезеңде қан қысымымен бірге қант төмендейді. Екінші кезең: ағза жаңа тәртіпке бейімделіп, асқорыту жүйесі барынша демалады. Ағза, бар күшін енді тазалануға, жаңару процесіне жібереді. Үшінші кезең: Ағзадағы тазалану процесі одан әрі күшейе түседі, энергия арта бастайды. Бауыр, бүйрек, жүрек, ішек, тері барлығында детоксикация жүреді. Осы кезеңде ағза зақымдалған жасушаларды қалыпқа келтіріп, өз-өзін жөндейді. Төртінші кезең: оразаның соңғы он күні, ағза барынша тазаланып, жаңарудың шырқау шегіне жетеді. Адамның күш-жігері тасып, ағза өз максимумында жұмыс істейді екен. Сондықтан оразада адам ағзасында әртүрлі өзгерістер болуы – заңдылық. – Оразаны арықтаудың жолы деп түсінетіндер бар. Диетолог ретінде бұған не дейсіз? Жалпы, арықтауға диетаның көбірек көмегі тие ме әлде спортпен шұғылданған дұрыс па? –Оразаны арықтау жолы деп түсіну – үлкен қателік. Ең бірінші, ол Алланың әмірін орындау, бойсұну. Ораза кезінде арықтамақ түгілі, салмақ қосатындар қаншама?! Оразадан басқа уақытта, арықтау үшін ең бірінші дұрыс тамақтану керек. Спорт – салмақ тастауда  тек қосымша құрал. Тіпті, спортсыз-ақ арықтауға болады. Бірақ спорт денсаулықты жақсартады, көңіл күйді көтереді, терінің тездетіп жиналуына әсер етеді. Жалпы, жақсы жақтары көп. –Тәттіге құмарлар көп. Ал ораза кезінде сәресінде тәтті жейтіндерге не дейсіз? Бұл  кейінірек ауызда сөл бөлінуіне әкелмей ме? –Тәттіқұмарлар ауыз ашқанда табиғи тәтті жегендері абзал. Мысалы, жеміс-жидек, мейіз, кепкен қара өрік және  т.б.  Ал басқа, денсаулыққа зиянды тәттілерді сирек жеген дұрыс. Ал сәресіне тәттілерден мүлдем бас тартқан абзал. Өйткені тәтті тамақ та, ащы тамақ сияқты шөлдетеді.   –Күннің қай бөлігінде дене белсенділігімен айналысуға кеңес бересіз? Арықтау үшін ең пайдалы спорт түрі қайсы? –Дене белсенділігі үйқыдан басқа уақыттың барлығында болады. Тек қандай спорт түрі, мәселе сонда жатыр. Қай уақыт ыңғайлы сол кезде спортпен айналыса аласыз. Бірақ түнде, ұйықтауға бірнеше сағат қалғанда сабыр сақтап, белсенді спорттан бас тартқан дұрыс. Әйтпесе, жүрек қағып, ұйқыға кері әсер етуі мүмкін.  Ал арықтау үшін кез келген кардио спорт түрі болады. Бірақ артық салмағы бар адам, денсаулығына кері әсері тимеу үшін спорт түрін таңдағанда аса талғаммен қарағаны дұрыс. Менің тәжірибемде жиі кездесетін қателік –  артық салмақтан арылам деп жүгіру немесе секіргішпен (скакалка) секіру. Адам жүгіргенде, секіргенде салмағы бірнеше есе ұлғаяды, сөйтіп бірінші орында тізе, омыртқа сүйектері біртіндеп талқандалады.  Әрдайым кез келген жастағы, кез келген жерде тұратын адамға ыңғайлысы, ең дұрысы, ең қолжетімдісі – жүру. –Дұрыс тамақтану – диета емес. Осы орайда дұрыс тамақтанудың пайдасы мен ережесі туралы айтсаңыз. –Дұрыс тамақтану мен диета бір-біріне қарама-қарсы ұғым. Бірақ біразы шатасып бір ұғым деп ойлайды. Диетада басты қағида – салмақ тастау үшін  белгілі бір тамақтан уақытша бас тарту. Дұрыс тамақтануда қағида керісінше, ештеңеден бас тартпай, тек талғаммен, дұрыс мөлшерде, дұрыс тәртіппен, диетадағыдай денсаулыққа ауыртпашылық түсірмей, әртүрлі тамақ түрін жеу. Сөйтіп, ағза алуан түрлі тамақтан қажетті қоректі заттарын алады. Қысқаша дұрыс тамақтану дегеніміз осы.                                                                                                                                                     Сұқбаттасқан                                                                                                                                            Айзат АЙДАРҚЫЗЫ