Республикада төтенше жағдай енгізілгеніне де екі айға жуық уақыт болды. Ертең төтенше жағдай режимі аяқталады. Соған байланысты карантин шаралары да босаңдатылуы мүмкін. Мұндай шешімді ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия қабылдайды, – деп хабарлайды Қазақпарат. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 4 мамыр күні Парламент Сенатының отырысында сөйлеген сөзінде «жағдай күрделеніп кетпесе, төтенше жағдай режимі он бірінші мамырда аяқталады» деген болатын. Бірақ бұл карантин шараларын да толық алып тастайынын білдірмейді. Қауіпсіздік шаралары алдағы уақытта да қатаң сақталуы шарт. Бұл ең алдымен еліміздің тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аса қажет. Өйткені, коронавирус індетінің таралуы бәсеңдегенімен күн сайын еліміздің әр жерінен вирус жұқтырып алғандардың тіркеліп жатқаны бар. Айталық, бүгіннің өзінде коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 81 адам Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Жамбыл, Маңғыстау, Ақмола, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау, және Қарағанды облыстарында анықталып, елімізде індетке шалдыққандардың саны 5000 адамнан асып отыр. Өкінішке қарай, 31 адам көз жұмды. Ал Қазақстан бойынша жазылған адамдар саны 1800-ден асып жығылады. Жалпы, карантин режимі осы уақытқа дейін бірнеше рет жеңілдетілді. Мәселен, ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен 4 мамырдан бастап өңірлерде аумағы 500 шаршы метрге дейін болатын азық-түліктік емес дүкендер сағат 17:00-ге дейін (барлық түрлері), фотосалондар, гүл сататын дүңгіршектер, шаштараздар (жазылу бойынша), медицина орталықтары (жазылу бойынша), стоматологиялық клиникалар (жазылу бойынша), жылжымайтын мүлікпен операцияларды жүзеге асыратын компаниялар, жарнама агенттіктері, адвокаттар, нотариустар, шағын қаржы ұйымдары, сақтандыру компаниялары, ломбардтар, айырбастау пункттері, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компаниялары жұмысқа кірісті. Бұл ретте аталған жұмысын жандандырған мекемелер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтап, қызметкерлерін, жұмысшыларын қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіп, ғимарат ішінде антисептиктер қоюы қажет Сонымен қатар, далада спортпен шұғылданып, жаттығу жасауға, балалардың аулада ойнауына рұқсат етілді. Мұнан бөлек, алдымен Нұр-Сұлтан мен Алматы арасында әуе қатынасы жанданды. Кейіннен Нұр-Сұлтан мен Алматыдан Қызылордаға, Петропавлға, Өскеменге және Семейге әуе қатынастарын қайта жандандыру туралы шешім қабылданды. Ал 11 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан Қарағанды, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Көкшетау, Тараз, Талдықорған қалаларына әуе қатынастары жанданады. Айта кетерлігі, ішкі әуе рейстерінде санитарлық карантиндік бақылауды күшейту туралы тиісті қаулы қабылданған болатын. Аталған қаулыға сәйкес, ішкі әуе рейстері қайта жанданғаннан кейін негізгі санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталуы тиіс.