COVID-19 вирусын жедел анықтайтын орталық ашылды
COVID-19 вирусын жедел анықтайтын  орталық ашылды
Фото: Интернеттен алынды
115
оқылды
Алматыда тұрғындарды коронавирус инфекциясын тестілейтін мобильді скринингтік орталықтың ашылу салтанаты өтті. Оңтүстіккореялық МPK Clinic медициналық ұйымының Covid-19-ға қарсы орталығының ашылуы Жеңіс күнінің 75 жылдығына арналды. Өндірушілер тестілеу жүйесінің аз уақыттың ішінде барынша көп адамды скринингтен өткізуге мүмкіндік беретінін, ең бастысы, көліктен шығуды қажет етпейтін қауіпсіз жүйе екенін атап өтті. «Алғашқы мобильді скринингтік орталық Оңтүстік Кореяда іске қосылды. Бүгінде бұл тәжірибе АҚШ-та кеңінен қолданылуда. Алматы қаласы да аталған тестілеу жүйесін алғашқылардың бірі болып енгізіп отыр. ДДҰ-мен ұсынылған мобильді скринингтік әдіс ең қауіпсіз саналады», – деп мәлімдеді MPK құрылтайшыларының бірі, профессор Мин Хисук. Мобильді орталықта күніне 100-ден астам тест жүргізуге мүмкіндік бар. Ұялы телефон қосымшасы арқылы алдын ала тіркелген жағдайда бір адамды тестілеуге шамамен 3-5 минут қажет. Бұл дәстүрлі скринингке кететін уақыттан үш есе кем көрсеткіш. Жұмыс легінің ұйымдастырылуына байланысты бұл іске шамамен төрт адамнан сегіз адамға дейін жұмылдырылады. Қызмет ақылы түрде өтеді. MPK құрылтайшыларының бірі, м.ғ.д., профессор Ғалымжан Тоғызбаевтың айтуынша, биологиялық материалды жинайтын зертхана Seegene технологиясы бойынша жұмыс істейді. Демек, бұл зертхана – инфекцияларды диагностикалау бойынша әлемдегі көшбасшы мекеме. Айта кететін жайт, Оңтүстік Корея аумағынан тыс жерде орналасқан осы жалғыз зертхана Алматы қаласында жұмыс істеуді бастады. Мобильді орталықтың жұмыс істеу кезеңдері төмендегі сызбаға сәйкес жүргізіледі: кіру – тіркелу – тексеру – үлгіні алу – нұсқаулық – шығу. Тестіленуші кіргеннен кейін жеке ақпарат, эпидемиологиялық факторлар мен қосалқы симптомдардан тұратын сауалнаманы толтырады. Кабинада дене қызуы байланыссыз термометр көмегімен өлшенеді. Осы кезеңде COVID-19 вирусына күдікті болған жағдайда тестіленуші мамандандырылған ауруханаға ауыстырылады. «Тестілеуден өтуге ниет білдірушілер мобильді қосымша және www.mpk.kz ресми сайты арқылы тіркеле алады», – деді MPK құрылтайшыларының бірі, стратегиялық директор Ким Квангбум. «Қазір коронавирусты анықтау үшін мобильді тестілеу пункттері дамуда. Олар жағдайды тұрақтандыру бойынша жұмыстарға үлкен септігін тигізіп, инфекцияның таралуына тосқауыл бола алады. Бұл пункттің ашылуы тұрғындар арасында бұған дейін белгісіз болған ауру ошақтарын табуға және вирусқа қарсы шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермек. Оңтүстік Кореяда осы іспеттес орталықтардың көбеюі арқасында ондағы жағдай тұрақталып, аурудың одан әрі таралу қарқыны бәсеңдеді. Жоспар бойынша Алматыда тағы осыған ұқсас бірнеше орталық ашылмақ. Бүгінге дейін қалада 80 мың адам тексеріліп үлгерді. Алматы тестілеу бойынша ел ішінде көшбасшы саналады», – деп атап өтті қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев. «Аталған мобильді пунктте үш ауысымда 18 адам жұмыс істейді. Біз 25 мың реагент әкелдік. Оның 15 мыңы қолданылды. Жақын арада тағы 50 мың реагент әкелуді жоспарлап отырмыз. Қосымша мамандардың да келуі күтілуде», – деді Seegene Clinical Laboratories директоры Ким Де Енг. Мобильді тест алудың бұл түрі COVID-19 вирусына скрининг жасауда қауіпсіз және тиімді. «Корея ойлап тапқан коронавируспен күресудің әлемдік моделінің құпиясы – диагностикалық тесттердің көп мөлшерде жасалуында және оның нәтижесінің тез шығарылып, жұқтырғандар мен жұқтырылуы мүмкін жағдайларды тез оқшаулау, сонымен бірге, алдағы жұқтыру жағдайларын есепке алу үшін вирустың орын ауыстыру бағыттарын қадағалау технологиясын қолдану. Коронавируспен күрестегі Кореяның жетістіктерінің бірі – жүріп бара жатқан кезде, көлікте жүргізілетін тексерулер. Біз кореялық ноу-хауды Қазақстанда таныстырып жатқанымызға қуаныштымыз және диагностикалық тексерістің жылдам әрі қауіпсіз шараларының арқасында коронавируспен байланысты бұл жағдайда тез арада тұрақтандыру мүмкін болады деп сенеміз», – деді KHIDI-дің ТМД елдері бойынша директоры Ким Ли Хе. Мобильді скрининг-орталық сағат 09:00-ден 16:00-ге дейін демалыссыз жұмыс істейді. Аталған орталық эпидемия аяқталғанға дейін қызмет көрсетеді. Таяу күндері Алматыда жаяу жүргіншілер үшін де COVID-19-ға тест жасалатын осы сынды пункттерді ашу қарастырылуда.  width= width=