Түркістан облысының Мақтаарал ауданында су деңгейі орташа 175 сантиметрге төмендеді. Бұл туралы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Мемлекеттік техникалық қызметі департаментінің бастығы Денис Коновалов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Д Денис Коноваловтың айтуынша, Өргебас ауылында үш тәулік ішінде су 167 см, Фирдоусиде 155 см төмендеген. Су сору үшін «Қазсушар» мекемесінің арнайы техникалары жұмылдырылған. Сондай-ақ, бұл жұмыстарға облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мен Қазақстанның өзге аймақтарынан келген мобильді топтар тартылды. Қазіргі таңда аталған ауылдарда қызу жұмыс жүріп, нәтижесінде су деңгейі орта есеппен 175 см азайған. ҚР ІІМ, «Қазсушар» РМК, Өзбекстанның ТЖМ қызметкерлері мен арнайы техникалары Мақтаарал ауданының басқа да елді мекендерінде құрғату жұмыстарын жүргізіп жатыр. «Жетісай ауданы, Қоғалы ауылының жанындағы автомобиль жолының бойында нығайту жұмыстары жүргізілді. Нұрлыжол, Фирдоуси, Өргебас, Ырысты, Жантақсай елді мекендерінің аумағында 85982 қап құм төселіп, ұзындығы 22 шақырымды құрайтын құм салынған уақытша бөгеттер салынды. 80 бірлік техника жұмылдырылып, 3 коллектор салынды. Авариялық-құтқару жұмыстарын барлығы 1635 адам жүргізіп, 297 бірлік техника, 17 қайық, 217 мотопомпа пайдаланылған»,- деді Денис Коновалов.