Қайырымды жандар баспана сыйлады
Қайырымды жандар баспана сыйлады
185
оқылды

Атырау қаласы маңындағы Еркінқала елдімекенінде қайырымды жандар көпбалалы отбасыға үй салып берді. Жаңа баспана үш ай ішінде салынып, қасиетті Рамазан айы­ның Қадір түнінде Мейрамгүл Әмірғалиева төрт бала­сы­мен өздеріне тиесілі шаңырақта алаңсыз өмірін бастады.

Жеке баспанасы болмай пәтер жалдап күн көріп жүрген отбасы саны біреуге кеміді. Атыраулық Мей­рамгүл Әмірғалиева осы күнге дейін балаларымен бірге жалда­малы шағын үйде тұрып келді. Үл­кен ұлының мүгедектігі анасы­нан көп күтімді қажет етсе, өзге ба­ла­лары да ана қамқорлығын көр­гісі келетін жаста.

«Мүгедек баламды қарап отыр­ғаным үшін мемлекеттен жәр­де­м­ақы аламын, сондай-ақ көп­ба­ла­лы ана ретінде алатын жәрдемақым бар, барлығын қосқанда жүз мыңға жет­пейді. Бұрынғы күйеуім денсау­лығына байланысты бізге еш көмек бере алмай отыр. Жағдайымызды көріп, қаржы жинап, жаңа үй тұр­ғызуға үлес қосқан барша жанға алғысым шексіз», – дейді Мейрам­гүл Әмірғалиева.

Жергілікті кәсіпкер Асхат Ба­қыттың айтуынша, баспананы тұрғызу ақпан айында басталған. Көп­балалы анаға көмек ретінде қаражат жинауға белсенділік та­нытқандардың дені жергілікті тұр­ғындар. Құрылыс материал­дарын алуға да жергілікті кәсіпкерлер кө­мектескен.

«Баспананың жалпы аумағы – 105 шаршы метр. Үй толығымен отандық құрылыс материал­да­рынан салынған. Үйдің іші кең, жы­лы, жарық, барлық инженерлік коммуникация желісі жеткізілген, құжаттары бар. Сонымен қатар қа­жетті жиһаз бен тұрмыстық техниканы да сатып әпердік. Енді тек үйдің айналасын қоршау ғана қалды. Қазір ақша жинауды тоқ­таттық», – дейді жергілікті кәсіпкер Асхат Бағыт.

Атырау қаласы әкімінің орын­басары Ұлықбек Тінәлиев: «Бүгінгі қуанышты жағдай, аймақта көп­балалы аналарға мемлекет қана емес, жалпы, қоғам өкілдері – меце­наттар, волонтерлер және кәсіп­керлер де ерекше көңіл бөліп отыр­ғанын айқындап отыр. Бұл – өңір халқының әлеуметтік жағ­дайының жақсаруына, атам заманнан келе жатқан қайырым­дылық қасиеттің үлгісіндей болып ұрпаққа жетіп отырған игі іс. Мың айданда қайырлы Қадір түні күні жаңа баспанада өмір бастай­тын отбасыға амандық тілейміз. Әр кез халықтың тұрмыстық жағ­дайын назарда ұстап, қолдауға әзір­міз» деп көпбалалы анаға үй са­лып берген азматтарға алғысын айт­ты.

Атырау облысы