«Адамдар қалаға кіруі үшін тест тапсыруы керек» – Бекшин зертхана тапшылығын айтты
«Адамдар қалаға кіруі үшін тест тапсыруы керек» – Бекшин зертхана тапшылығын айтты
Фото: Интернеттен алынды
5,154
оқылды
Бүгіннен бастап Алматы облысының тұрғындарына Алматы қаласына кіруге рұқсат беріледі. Олар коронавирусқа ПТР тест тапсыруы тиіс. Бірақ, зертханалардың көпшілігі қала аумағында орналасқан. Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин облыс тұрғындарының ПТР тест тапсыру тәртібін түсіндірді.
Ол: «Алматы облысында зертхана жоқ деп айтуға болмайды. Онда бір стационарлық және бір көшпелі зертхана бар. Бірақ, адам саны көп болғандықтан, ұзынсонар кезек пайда болуы мүмкін. Сондықтан фильтр, экспресс-диагностика сияқты одан да тиімді шаралар жасалуы тиіс. Әзірге блокпосттар мен қашықтан қызу өлшеу, сауалнама әдістері қарастырылған», – деді Жандарбек Бекшин.
Оның айтуынша, республиканың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысын күту қажет. «Қазір ешқандай өңірге, әсіресе Алматы мен Нұр-Сұлтанға кіруге рұқсат жоқ. Көптеген адам қалаға қайтып, жұмыс орындарына оралғысы келеді. Бірақ, зертханалар мұндай көп адамға 2-3 күнде нәтижесі шығатын тексеру жүргізе алмайды», – деді Бекшин Almaty.tv-ға берген сұхбатында. Сонымен қатар санитарлық дәрігер мобильді ПТР-зертханалар жұмысын жүйелеу керегін де атап өтті.