Отбасы өнегесін ұлықтағандар
Отбасы өнегесін  ұлықтағандар

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының алғаш аудандарда өткен іріктеу кезеңдерінде топ жарған үздіктер облыстық кезеңге жолдама алған болатын. Аудандарда өткен байқауларға өңірден 180 отбасы қатысып, оның 44-і жүл­дегер атанды. Іріктелгендері Тараз қаласындағы Ы.Дүкенұлы атын­дағы қалалық мәдениет үйінде өткен салтанатты шарада марапатталды. Облыстық сараптау комиссиясы осы үміткерлердің ішінен алты отбасын іріктеген екен.

Ал марапаттау рәсімінде об­лыс әкімінің орынбасары Сұлу­шаш Құрманбекова бұл бай­қау­дың қазіргі таңда жас отбасылар үшін өнеге мектебіне айналға­нын алға тартты. Өскелең ұр­пақ­қа көр­сетер үлгісі бар, берер ұла­ғаты мол ұлттық жоба­ның ав­торы елі­міздің Тұңғыш Пре­зи­денті еке­ніне тоқталды. Сұлушаш Сәт­бек­қызы осы бәсе­кеде топ жарып, бас жүлдені ием­денген Т. Рысқұлов ауданынан кел­ген Әлілер отбасын мара­пат­тап, 500 мың теңгенің ар­найы сер­тификатын тапсырды. Ен­ді олар республикалық «Ме­рейлі от­­басы – 2019» ұлт­тық бай­қауын­да бақ сынайтын болады.

Әлі Бекқұлы есімі жамбыл­дық­тарға жақсы таныс. Ол Ресей же­рінде қаза тапқан 500 жауын­гердің дерегін тауып, игілікті іс ат­қарып келеді. Өзі құрған «Па­рыз» қоғам­дық бірлестігін бас­қара жүріп, әлі күнге дейін осы сауапты жұмысты жал­ғас­тырып отыр. Жұ­байы Тұр­сынкүл Жа­зықбаева екеуі 8 ұл-қыз тәр­биелеп өсіріп, олар­­дан 29 немере, шөбере сүйіп отыр.

– Анам марқұм 13 құрсақ кө­тер­ген. Оның бесеуі саяси қуғын-сүр­гін кезеңінің құрбаны болып­ты. Әулетімізде дәстүрге айналған асарлап үй салу үрдісі бар. Сондай үлгімен балам­ның барлығы баспаналы болды. Сегізінің де баспанасы бар. Мұ­ның өзі ұл-қыздарымның ауыз­біршілігін көр­сетсе керек. Ал «Мерейлі от­ба­сы» бай­қауын­да жеңіске жет­ке­ні­мізге өте қуа­нышты­мын, – дейді Әлі Бек­құлы.

Ал байқаудың облыстық ке­зеңінде Байзақ ауданындағы Жан­сақаловтар отбасы жүлделі бірінші орынды иеленді. Ота­ға­сы Ілияс Жансақалов қол күре­сінен спорт шебері болса, ота­насы – Роза Сержанова ұлағатты ұстаз. Оларды спорт­шы­лар әу­леті деуге де болатын­дай. Бала­лары Ахмет пен Ақниет қол күре­сінен спорт шебері болса, Әділет – армрест­линг­тен төрт дүр­кін Азия чем­пионы. Жүлде­герлерді облыс­тық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев құттықтап, 400 мың тең­генің сертификатын тапсыр­ды. Сарысулық Жұма­таевтар о­т­ба­сына жүлделі екінші орын бұйыр­ды. Отағасы Сұлтан Жұ­матаев 51 жыл ауыл шаруа­шы­лығында жемісті еңбек еткен, Са­рысу ауданының Құрметті аза­маты. Жұбайы Төлеукүл Есмұра­това – «Алтын алқа» ие­гері. Екеуі тоғыз ұл-қыздан 29 не­мере, 19 шө­бере сүйіп отыр. Ал тараздық Зәуір­бековтер отбасы үздік үштіктің қатарынан көрінді. Ал­тын құрсақты ана Саракүл Зәуір­бекова түтікше шығаратын зауыт­та 40 жыл абыройлы еңбек еткен. Он ұл-қыз тәрбиелеп өсір­ген ба­тыр ананың 31 неме­ресі, 11 шө­бересі бар. Атал­ған екі әулетке 300 және 200 мың теңгенің арнайы сертификатын облыстық билер кеңесінің төрағасы Оң­ла­сын Есіркепов тапсырды. Сон­дай-ақ тараздық Жазыбаевтар – «Өнегелі отбасы», жуалылық Әбдірайы­­мов­тар – «Парасатты отбасы» аталымдарымен марапат­талып, әрқайсысы 100 мың теңге­нің сертификатына ие болды.

 

Жамбыл облысы