Қазақ-өзбек бірігіп, Мақтааралды судан құрғатып жатыр
Қазақ-өзбек бірігіп, Мақтааралды судан құрғатып жатыр
Фото: Интернеттен алынды
Мақтаарал ауданының су басқан аумақтарынан 6 млн текше метр суды сорып, батпақты тазалап жатыр. Нұрлыжол, Өргебас, Ырысты және Жантақсай ауылдарының аумағында ұзақтығы 22 шақырым уақытша бөгеттер салынды. Мырзакент ауылына қарай үш коллектор орнатылған, құм салынған 86 мың қап қойылды. Нұрлыжол, Жаңатұрмыс, Фирдоуси, Өргебас, Достық және Жеңіс ауылдарында су сору жұмыстары жалғасуда, су басқан аумақтардан барлығы 6,1 текше метр су сорғызылған. ІІМ ТЖК баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жеңіс және Фирдоуси ауылдарында Түркістан облысы ТЖД мен Апаттар медицинасы орталығының психологтары зардап шеккен тұрғындарға психологиялық көмек көрсетуде. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін Жаңатұрмыс, Фирдоуси, Өргебас және Жантақсай ауылдарында төрт блокбекет қойылған. Түркістан облысының апат орнында Өзбекстан Республикасы ІІМ, ҚМ, жергілікті атқарушы органдар, ТЖМ-нен жалпы 1626 адам, 324 техника бірлігі, 17 жүзу құралы, 216 су сорғызу техникасы жұмылдырылған. Көмекке келген қарағандылық құтқарушылар Мақтаарал ауданының Фирдоуси ауылында апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізіп, мотосорғылардың көмегімен суды тартып алуда. Қарағандылық құтқарушылар апат орнына келгелі 70 мың текше метр суды сорып, жерді құрғатқан. Еске сала кетсек, Мақтаарал ауданындағы бес елді мекенінде (Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдары) 1030 тұрғын үйді су басып отыр. Олардың тұрғындары туыстарының үйін және Мақтаарал ауданында құрылған 10 эвакуациялық пункте (Атакент-3 кенті, Өркениет-1 ауылы, Есентай-1 ауылы, Игілік-1 ауылы, Қырықжылдық-2 ауылы, Көкарал-1 ауылы, Жетісай-1 ауылы) паналауда, оларда 3252 адам орналастырылған.