Қазақстан шекарасынан өткендер 2 тәулікке дейін карантиндік стационарда оқшауланады. Бұл туралы Бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова қол қойған ел халқын коронавирус инфекциясынан қорғау шараларын одан ары күшейту туралы қаулысында жазылған. «Облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдері, денсаулық сақтау басқармаларының басшылары: Біріншіден, Қазақстан Республикасының үкіметтік делегацияларын, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шақыруы бойынша Қазақстан Республикасына келетін шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың ресми делегацияларының мүшелерін; Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің және халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің қызметкерлерін және олардың отбасы мүшелерін; авиакомпаниялар ұшқыштарын және локомотив бригадаларының мүшелерін қоспағанда, Қазақстан Республикасына шетелден келген барлық адамдарды, сондай-ақ ЕАЭО елдерінен және Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы теміржол көлігінде және автоөтпе жолдарында өткізу пункттері арқылы келген адамдарды COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу үшін карантиндік стационарда 2 тәулікке дейін оқшаулауды қамтамасыз етсін» делінген қаулыда. Сонымен қатар COVID-19 ауруы анықталған белгілері бар адамдар карантиндік стационарға емес, провизорлық стационарға емдеуге жатқызылады. COVID-19-ға зертханалық тексеру нәтижелерін алғаннан кейін оң нәтижелі адамдар емдеу үшін инфекциялық стационарға ауыстырылады. COVID-19-ға теріс нәтижелі адамдар 12 тәулік бойы үйде (үй карантині) оқшауланады. Үйде оқшаулау үшін жағдай болмаған кезде осы қаулыға 1 және 2-қосымшаларға сәйкес карантиндік стацонарда оқшаулау ұсынылады. «Екіншіден, Қазақстан Республикасына шетелден келген Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің және халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері COVID-19-ға зертханалық тексеруге және 14 тәулік бойы үйде өзін-өзі оқшаулауға (үй карантині) жатады» делінген құжатта. Мұнан бөлек, авиакомпаниялардың ұшқыштары, локомотив бригадаларының мүшелері қоңырау шалу арқылы (мүмкіндігінше бейнеқоңырау шалу) тұрғылықты (келген) жері бойынша медициналық бақылауға алынады. ЕАЭО елдерінен және Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы теміржол көлігінде және автоөтпе жолдарында өткізу пункттері арқылы келген адамдар COVID-19-ға зертханалық тексеруге және 12 тәулік бойы үйде өзін-өзі оқшаулауға (үй карантині); теміржол, теңіз көлігіндегі тасымалдау қызметімен байланысты адамдар және жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілер, сондай-ақ транзиттік жүргізушілер шекараны кесіп өткен орындарында COVID-19-ға зертханалық тексеруге жатады. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін, «Теңізшевройл» ЖШС объектілерінен демобилизацияланған адамдар COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу үшін келген орны бойынша карантиндік стационарда 2 тәулікке дейін оқшаулауға жатады, оң нәтижелі адамдар емдеу үшін инфекциялық стационарға ауыстырылады, COVID-19-ға теріс нәтижелі адамдар 12 тәулік бойы үйде (үй карантині) оқшауланады. Үйде оқшаулау үшін жағдай болмаған кезде карантиндік стационарда оқшаулау ұсынылады. «Үшіншіден, тиісті аумақтың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері өңірдегі және әлемдегі қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, шет елдерден келген жолаушыларды карантиндеу туралы шешім қабылдауға құқылы» делінген қаулыда.