Лекция оқыды

Лекция оқыды

«Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан Қазақстан президенттігіне үміткер Әміржан Қосанов кеше Батыс Қазақстан облысында орналасқан «Орал ауыл­шаруашылық тәжірибелік стансасы» ЖШС жұмыс­шыларымен кездесті.

Облыстық сайлауалды штабтың жетекшісі Мұхтар Өтесов жүргізген кездесуге келгендерге кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Сондай-ақ «Ұлттық құндылық­тарды дамыту және ұлттық дәстүрлерді қолдау» тақырыбы бойынша лекция оқыды.

Үміткер Әміржан Қосановтың Шығыс Қазақстан облыстық сайлауалды штабында сайлау күні учаскелерде дауыс беру процесін қадағалайтын бақылаушылар үшін семинар өткізілді. Іс-шараның модераторы және тре­нері Дос Көшім бақылаушылардың құқықтары мен міндеттері, сайлау кезінде болуы ықтимал түрлі жағдайлардағы әрекеттері жайлы түсін­дірді.

Дос Көшім әуелі сайлау бақылаушысына қатысты бірқатар маңызды заңдылықтарға тоқталды. Сайлау барысын бақылаудың басты мақсаты – дауыс берудің әділ де адал өтуіне атсалысу. Бақылаушылар дауыс беру процесін жүзеге асыратын сайлау комиссияларының әдейі жасаған не білмегендіктен жіберген қателіктеріне дер кезінде тосқауыл қойып, азаматтардың саяси өмірге қатысу құқының сақталуын қамтамасыз етеді.

«Сайлау барысын бақылау – қоғамдағы сайлауға деген сенімді арттыруға, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуге, сай­лауды өткізу кезінде көзге түскен заңбұзушы­лық деректерін нақтылауға, сайлауды баға­лау­ға, келешекте сайлау туралы заңнаманы жақ­сартуға қажетті ақпарат беруге бағыт­та­лады», – деді ол.

Оның айтуынша, бақылаушыға сайлау барысына және сайлау комиссиясының жұмысына килігуге, сайлаушыларға, олардың дауыс беруіне (бюллетень толтыруына) көмектесуге, дауыс беру кабиналарының ішіндегі сайлаушылардың әрекеттерін бақылауға, дауыс беру құпиялығын бұзуы мүмкін басқа да әрекеттерге тыйым салынады.

Сонымен қатар ол Семей қаласының жергілікті тұрғындарымен кездесті.


Айдана БЕГІМ