Карантин күшінде қалған елордада тұрғындар саябаққа шығып, қыдырып, серуендей ала ма? Бұл сұраққа Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен жауап берді. «ҚР Президентінің төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның 20 сәуірінде өткен тапсырмасын жүзеге асыру аясында 250 мыңға жуық адам жұмысын қайта бастап кетті. Мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес азаматтар тұрған жерінне міндетті түрде маска тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, сыртқа шыға алады», - деді Бақтияр Мәкен ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. Қала әкімінің орынбасарының айтуынша қазіргі таңда шаһардағы саябақтардың бәрі де ашық. «Парктерге, аумақтарға, бақтарға баруға болады. Өзен жағасымен де қыдыруға рұқсат. Бірақ үш адамнан артық жүрмеу керек. Маска тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтаған абзал. Санитарлық нормаларды сақтай отырып, саябақта қыдыруға болады», - деді Бақтияр Мәкен.