Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанда қанша киік бар екенін айтты
Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанда қанша киік бар екенін айтты
© сурет интернеттен алынды
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстандағы киік санын айтты. «Табиғат заңы ешқашан өз дəстүрінен жаңылған емес. Дəл осы кезең киік төлдеп, құралайын өргізетін сəт. Мамырдың басында басталып, бірнеше аптаға созылатын қазақ айтатын «құралайдың салқыны» келіп жетті. Өткен жылы сайын даламызда 335 мың киік есепке алынды. Өкінішке қарай, биыл киік санын əуеден көктемгі санау төтенше жағдай режіміне байланысты кейінге шегерілді. Бұл жұмыс күзде жалғасады», - деп жазады Мағзұм Мырзағалиев Twitter парақшасында. Оның айтуынша, қазір инспекторлар киік төлін өргізетін жерлерді айрықша қорғауға кіріскен. «Күш құрылымдармен бірге браконьерлікті болдырмау мақсатындағы «Киік» кең ауқымды акциясы іске асырылуда. Мамандар да ақбөкендердің хал-ахуалын жіті қадағалап отыр. Табиғат өз перзентіне мейірімін төгіп, маң даладағы киік саны көбейе түседі деп үміттенемін», - дейді министр.