Түркістан облысының Мақтаарал ауданында гуманитарлық жүк сақталған азық-түлік қоймасына бейнебақылау камералары орнатылды. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевтың айтуынша, қоймада орнатылған 4 бейнекамера жүк қабылданатын 2 есік пен ішкі шығаберіс жағына орнатылған. Яғни, қоймаға келген және кеткен әрбір жүк көліктері таспаланатын болады. Бейнекамералар орталықтандырылған компьютерге жалғанып, басқарылады.
«Камера орнатудағы мақсатымыз – ел аманатына қиянат жасау жайттарын болдырмау. Сонымен қатар, азық-түліктің ысырапсыз үлестірілуіне жол бермеу. Оның үстіне, қоймада сақталған заттардың кімге, қашан берілгенін нақтылап отыру үшін жасалып отыр. Алдағы уақытта мұнда жиналған азық-түліктер топан судан зардап шеккен тұрғындарға есепсіз, ысырапсыз жетуіне баса назар аударылатын болады», - дейді Бейсен Тәжібаев.Айта кетейік, тасқыннан зардап шеккен аймаққа гуманитарлық көмек толассыз келіп жатыр. Күні кеше қоймаға Павлодар облысынан 20 тонна азық түлік пен 15 тонна киім-кешек және гигиеналық заттар жеткізілді. Мұнда соңғы бір аптада 408 тоннадан астам көмек жиналған. Онда ұн, ет, көкөніс, консервілік заттар, сұйық май, арнайы дайындалған азық-түлік себеттері мен киім-кешектер, гигиеналық заттар бар. Соның бүгінде 100 тоннаға жуығы Мақтаарал ауданындағы 11 эвакуациялық орталықтағы тұрғындарға үлестіріліп берілген. Сондай-ақ, туған-туыстарының үйін уақытша паналап жүрген азаматтарға азық-түліктер жүйеленген тәртіппен таратылуда.