Дағдарыс алдындағы Қазақстан
Дағдарыс алдындағы Қазақстан
Сарапшылардың байламынша, ел Президентінің төтенше жағ­дайға қатысты бұл шешімі биліктің батыл ерік-жігерін, қа­лың елдің тілегін, экономиканың мүддесін білдіретін күрделі, бі­рақ көкейкесті мәнісі бар сарабдал шешім болды. Мемлекет эко­номиканы қайта жандандырмаса, карантин пандемиядан да зор зардап әкелмек. Оның үстіне, COVID-19 теріс салдары КСРО ыды­раған кездегідей ауыр дағдарыс тудыруға қабілетті көрінеді. Бір ғаламшарда орналас­қан­дық­тан әлемде жүріп жатқан про­­­цестер мен өзгерістер барлық мем­­лекетке әсер етеді. Тиісінше, оның кері ықпалын Қазақстан да се­­зініп отыр. Мысалы, еліміздің бас­­ты инвесторы әрі ірі сауда се­рік­­тесі саналатын Еуропада күй­зе­­ліс күшейіп барады. Еу­ро­ко­мис­сия басшысы Урсула фон дер Ляйен Еуропаны бұрын-соңды бол­маған экономикалық дағ­да­рыс күтіп тұрғанын мә­лім­деді. Бұл тұжырымның негізді еке­нін растаған Еуропа орталық бан­кінің (ЕОБ) бас экономисі Фи­лип Лейн «коронавирус пан­демиясы тудырған теңдессіз жә­не ауыр есеңгіреуден кейін то­лық қал­пына келу үшін еуроай­мақ­қа 3 жыл қажет болуы мүм­кін», – де­ді.  

АЛДЫҢҒЫ ДАҒДАРЫСТАН ДА АУЫР

Таяуда ғана жария етілген ЕОБ ресми болжамына сәйкес, eurozone іжө-сі 2020 жылы -5,5%-ға тө­мендейді деп күтілуде. Бірақ нақ­ты көрсеткіш одан да нашар болуы ғажап емес. Еуропа ор­та­лық банкінің төрағасы Кристин Ла­гард 30 сәуірдегі отырыс қо­ры­тындысы бойынша өткен бас­па­сөз мәслихатында биыл еуроай­мақ іжө-нің құлдырауы 5-тен 12%-ға дейін баруы мүмкін екенін ха­барлады. Егер экономиканың 12 пайыз­­­ға кері кетуін қарастыратын ең қатал сценарий жүзеге асса, он­да ұжым­дық Еуропа 2019 жыл­ғы іжө деңгейіне 2023 жылдан ер­те орала алмайды. Ұстамды сце­на­рий де осыны тұспалдайды: оған сай жалпы ішкі өнім -8% ке­миді. Тек оқиғаның өрбу ба­ры­сы жұмсақ сценарий негізінде да­мыса ғана еуропалық іжө 5% азая­ды және 2021 жылдың орта­сына қарай толыққанды қалпына келмек. «Еуропа Одағы бейбіт уа­қыт­та бұрын ешқашан болмаған эко­номикалық құлдырауға кезігіп отыр» деп түйді Кристин Лагард. ЕОБ наурыз айында Pandemic Emergency Purchase Programme (PEPP) атты құнды қағаздарды ке­рі сатып алу бағдарламасын жа­­­риялап, оған 750 миллиард еу­ро құйған болатын. Алайда енді одан әлдеқайда көп қаражат та­лап етілетіні анықталуда. Осы жы­лы Испания (-9,4%), Италия (-9,5%) және Грекия (-9,7%) бәрі­нен көп зардап шегеді деген қауіп ай­тылды. Континенттегі көш­бас­шылар болып есептелетін Гер­ма­ния­ның экономикасы -6,5%, Фран­цияныкі -8,2%-ға құлайын деп тұр. Еуроодақ елдерін қолдау шы­ғыны қазірдің өзінде 3,3 трил­лион еуроны құрады. Ресей іжө-сіне қатысты 2020 жыл­ғы болжам да бұрын күтілген «1,4% өседі» орнына «-5% құл­ды­рауы ықтимал» деп өзгертіліп, те­ріс сипатқа ие болды. Өйткені ал­дыңғы болжам вирус жаһанды жай­лағанға дейін, яғни 2019 жыл­ғы қарашада әзірленген көрінеді. АҚШ-та құлдырау шамасы 6,5%-ға, ал Ұлыбританияда 8,3%-ға тең болуы мүмкін. Тек Қытайда ға­на 1% өсім болады деген жора­мал бар. Жалпы алғанда, эконо­ми­­ка­лық болжамдар бойынша, әлем­дік экономика рецессияға ұшы­рап, 3% төмендеуі мүмкін. Бұл 2008-2009 жылдардағы жаһандық дағ­дарыс залалынан да ауыр.  

ҚАЗАҚСТАН ЛАЙЫҚТЫ ҮН ҚАТТЫ 

Төрткүл дүниедегі алпауыт ау­диторлық компаниялардың «Үл­кен төрттігіне» кіретін, кеңес беру және кәсіби сарапшылық қыз­мет көрсететін ең ірі желінің бірі – KPMG коронавирус тара­луы­ның Қазақстанға ықпалына ар­найы зерттеу жүргізді. – Экономистердің алдын ала ба­ғалауынша, осы дағдарыс ІІ дү­ниежүзілік соғыс кезінен бергі ең терең күйзеліске соқтыруы мүм­кін. Өнім өткізу нарығының жа­былуы, жеткізу тізбегінің үзілуі, авиарейстердің жаппай тоқ­татылуы, адамдардың оқ­шау­лану режиміне көшірілуі әртүрлі са­лаларда бизнесті тоқыратты. Бұған OПEК+ аясындағы келіс­сөз­дердің сәтсіздікке ұшырауы жә­не сұраныстың айтарлықтай азаюы кесірінен мұнай бағасының шек­тен тыс арзандап кетуі де қо­сы­лып отыр. Бүгінде «қара алтын» қой­малары мелдектей толып қал­ды. Мұнай өндіру болса, жалғасып жа­тыр. Бұл арзандау үрдісіне әрі қа­рай түрткі болады, – деп тү­сін­дірді KPMG-дің Қазақстан және Орталық Азиядағы инвес­ти­ция­лар және капитал нарығы де­пар­таментінің басшысы Василий Савин.    width= Оның мәліметінше, Қытай, Оң­т­үстік Корея секілді санаулы ел­дер карантин және үйде оқ­шау­лану, яғни lockdown кезеңін артқа тас­тап, бірқатар сектордағы зауыт-кәсіпорындарының қуа­тын дағдарысқа дейінгі көлемде жүк­теп үлгерді. Бірақ әлемнің көп­­теген өңірлерінде корона­ви­рус одан әрі таралып жатыр. – Салдарынан сұраныс тө­мен­­дей бермек. Сонымен қатар ға­лам­шар тұрғындарының жүріс-тұ­рысының шектелуі, адам­да­р­дың күнделікті әдет-дағдыларын өзгертуге мәжбүрленуі бүкіл әлем­нің дағдарысқа дейінгі дең­гейге оралу траекториясын тым ұзар­тып жібереді. Мұны Қазақ­стан басшылығы да ескеріп отыр. Мұнай, металл секілді елдің бас­ты экспорттық тауарлары баға­сы­ның арзандауы, әуетасымалының тыйылуы, lockdown кезеңінде ша­ғын және орта кәсіпкерліктің жұ­мысын тоқтатуы дағдарысты кү­шейтіп, Қазақстан іжө-сін елеу­лі құлдыратуға қауқарлы. Тең­генің құнсыздануы халықтың тө­лем қабілетін төмендетеді. Де­ген­мен бұл экспортқа бағдар­лан­ған жергілікті кәсіпорындардың бә­секеге қабілетін арттырады, – де­ді В.Савин.  

ДАҒДАРЫС СЕБЕПТЕРІ

KPMG зерттеуінде атап өтіл­ген­дей, COVID-19 теріс салдары Қа­зақстан экономикасын Кеңес Ода­ғы күйреген кезден бергі ең ауыр жағдайға соқтыруы ықти­мал. Неге? Біріншіден, 1998 жылдан бері ал­ғаш рет Қазақстанның нақты іжө-сі өсу орнына құлдырайды деп жорамалданды. Халықаралық валю­та қорының болжамынша, рес­публиканың іжө-нің  тө­мен­­деуі шамамен -2,5%-ды құ­рай­ды. Рас, Ұлттық экономика ми­нистрі Руслан Дәленов 2020 жыл қорытындысында іжө өсімі 0,9 пайыздай болады деген оп­тимистік болжам айтты. Былтыр­ғы 2019 жылы ел экономикасы 4,5% өскен еді. Егер рецессия шын­­­дық­қа ай­налса, ХХ ғасыр соңында КСРО ыдырап, посткеңестік кеңіс­тікте шаруашылық байла­ныс­тар үзілуі кесірінен туындаған 1991-1996 жылдардағы дағдарыс көріністері қайталанбақ. Екіншіден, ОПЕК+ мәміле­сіне қосылған барлық елдер «қара ал­тын» өндірісін қысқарт­қаны­мен, мұнай қымбаттар емес. 11 мамырда оның бағасы әр баррель үшін 30-31 доллар арасында ғана құ­былды. Бұл ретте мұнайды тәу­ліктік тұтыну көлемі биылғы сәуір­де 1995 жылғы деңгейге – 29 мил­лион баррельге дейін түсіп кет­ті. Халықаралық энергетика агент­тігінің болжамынша, COVID-19 салдарынан 2020 жылы мұ­­­найға деген сұраныс тәулігіне 9,3 мил­лион баррельге дейін ке­миді. Үшіншіден, сарапшылар Қа­зақстанның қысқа мерзім ішінде Ұлт­тық қор қазынасының 20 пайыз­­­дайын «жеп» қойғалы тұр­ға­нына назар аудартты. Қаржы ми­нистрлігі мемлекеттік бюджет тап­шылығы бұрынғы 1,2 трил­лион­нан 2,4 триллион теңгеге дейін өскенін мәлім етті. Яғни, мем­лекеттің тапқан табысы оның шығаратын шығынына жетпейді. Бұдан бөлек, ведомство дерегін­ше, Ұлттық қордан бюджетке әке­тілетін трансферт сомасы биыл­ға көз­делген 2,7 триллион­нан 4,77 трил­лион теңгеге дейін ұлғайтыл­ды. Сарапшылардың пайым­дауын­ша, салықтық жеңілдіктер, им­порт алмастыру, арзан несие се­­кілді мемлекеттің бизнеске кө­ме­гі дағдарыстың қарқынын баяу­­лата алады. Алайда төтенше жағ­дай және кәсіпкерлік қызмет алдындағы кедергілер жойылма­са, елдегі және әлемдегі макроэ­ко­номикалық теріс фактор эко­но­миканы қаусатып кетпек. «Бұл рецессияға, сондай-ақ әр са­ладағы кәсіпорындардың қа­лып­қа келуі кезеңінің тым ұза­руы­­на соқтырар еді. Бүгінде Үкі­мет ша­ғын және орта бизнесті, эко­но­ми­каның базалық секторын қол­дау бойынша бірқатар шаралар қа­был­дады. Әйтсе де, каран­тин­нің көпке созылуын тіпті ірі биз­нес те көтере алмайды. Қазақстан кә­сі­порындары өзгерген өмір шы­найылығына жедел әрі лайық­ты үн қатты. Олардың басым көп­­­шілігі төл инвестициялық бағ­дарламаларын қайта қарауда. Айналымдық капиталын оңтай­лан­дырып, дағдарысқа қарсы жос­пар әзірлеуге кірісіп жатыр. Олар даму стратегияларын да өз­гертетін болады», – дейді KPMG-дің Қазақстандағы өкілі Василий Савин. EXANTE халықаралық инвес­тициялық компаниясының Қа­зақ­стандағы сарапшысы Андрей Че­ботарев еліміздің постпанде­мия­лық экономикалық жаңа тәр­тіпке даярланып жатқанын біл­дірді. «Шы­нын­­да, Қа­зақ­стан би­лігінің қолға ал­ған ша­ралары өзін-өзі ақтады. Се­бебі кейбір елде корона­вирус­тың өлім-жітімі 7-14 пайызға дейін өр­шіді. Бұл қатаң каран­тин­ді жақ­тамайтын, кейбір жан са­лыс­тырып жүрген тұмаудан әл­­деқайда жоғары. Мы­салы, тө­тен­ше жағ­дай енгізуден ат-тонын ала қаш­қан Беларусь елінде 22 973 адам сыр­қат­танып, 131-і қай­тыс болды. Қа­­зақстанда 5 126 адам ін­детке шал­­дығып, 31-і өмір­ден өтті. Ал Қа­­зақстан халқының са­ны Бе­ла­русь­тан екі есе көп! Ко­ро­навирус бар­­лық мемлекеттің бас­ты сала­ла­рын жайпап кетті. Мы­салы, ең ірі кен орны – Теңізде жұ­мыстың кө­­­бі тоқтады. Мұндай мы­сал өзге ел­­­дерде де бар», – дейді са­рап­шы. Ол Қазақстанның импорт ал­мастыруға екпін түсіре отырып, жергілікті кәсіпорындарды және на­рықтарды қайта жандандыруға күш салуын құптайды. Отандық өн­дірушіні қолдау экономиканың өрлеуіне және жаңа экспорт­тау­шы­лардың пайда болуына жол аша­ды. Сонымен бірге Президент айт­қандай, өңдеу өнеркәсібіне иек артатын диверсификациялы эко­номика құру басты басымдық­қа айналуы тиіс. Қалай болғанда, қазіргі дағ­дарыс пен пандемия Қазақстанға бұрынғыдай тек мұнайға ғана иек артудан іс жүзінде бас тартып, эко­номиканың жаңа қыры мен жаңа мүмкіндігіне басымдық бер­гені дұрыс екенін көрсетті. Бұл заманда құрғақ сөз, жайдақ ұран емес, халық игілігін көретін нақ­ты іс керек.  

 width=  Айхан ШӘРІП