Мыңдаған мұнайшы жұмыссыз қала ма?
Мыңдаған мұнайшы жұмыссыз қала ма?
Наурыздағы мұнай бағасының күрт құлдырауы ко­ро­навирус инфекциясының зардабын тартып жатқан елдерге соқ­қы болып тиді. Бұл проблема экономикасы мұнайға тәуел­ді Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Сәуірдің 11-де  ОПЕК+ отырысы өтіп, тараптар мәселені мұнай өндіруді шектеу арқылы шешу туралы келісімге келді. Алайда  Мек­сиканың мінез көрсетіп, бүйректен сирақ шығаруы мұнай ба­ғасының тұрақтануын әжептәуір қиындатты. Содан бері өт­кен 1 айда мұнай бағасында  қандай өзгеріс болды?   

ҚАЗАҚ МҰНАЙЫНЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?

ОПЕК+ отырысынан соң мұнай бағасы өсіп кетпейді де­ген­дердің болжамы тура келді. Мұнай бағасының тұрақтануы үшін 1 ай кетті. Бастысы, нәтиже байқалып отыр. Мысалы,  өткен апта мұнай өндіруші елдер үшін оң нәтижемен есте қалды. АҚШ Энер­гетика министрлігінің есебі солай дейді. Жағымды жаңалық өзге елдерде де байқалады: Қытайда жиналып қалған мұнай қоры соңғы  ай­ларда қатты азайған. Ал әлемдегі мұнай қорының өсімі күніне 4 млн баррельді ғана көрсетіп тұр. Сәуірде бұл көрсеткіш 10 млн бар­рельге жеткен еді. Осы аптада да қоймаларда сақтаулы мұнай азая­ды деген болжам бар. Бұл – мұнай өндіруді азайту туралы келі­сімнің нәтижесі. Лондондағы IHS Markit зерттеу институтының сарапшылары Азия­дағы жағдайдың қалпына келе бастағанын, бірақ мұнайдың негізгі тұтынушысы саналатын елдерде әлі де карантин жалғасып жат­қа­нын айтады. Мысалы, Үндістанда карантин 17 мамырда аяқтал­ға­нымен, жекелеген аймақтарда ай соңына дейін жалғасады. Сон­дықтан IHS екінші тоқсанда мұ­найға сұраныс өткен жылмен салыстырғанда 22 млн баррельге аз болады деп санайды. Өткен апта мұнай бағасының өсуімен де есте қалды. Лондонның ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың шілде айындағы фью­черсі 7,1 пайызға өсіп, баррелі 31,82 доллар болды. Ал Brent мар­калы мұнай бағасының баррелі 31,69 доллардан (+6,6%) сатылды. WTI маркалы мұнай бағасы 6,8 пайызға өсіп, 27,35 доллардан са­тылды. Ал Қазақстанда өндірілетін мұнай қаншадан сатылып жатыр? «ҚазМұнайГаз» ұлттық компа­ниясы басқарма төрағасының орынбасары – қаржы директоры Дәурен Қарабаевтың айтуынша, мамыр айының басында Brent мұнайы 19 доллардан, Urals мар­калы мұнай Қара теңізде 17 доллар­дан бастап жеңілдікпен сатылған. CPC Blend маркалы мұнай 12-14 доллар шамасында, Қытаймен шекарадағы баға – 14 доллар, бірақ бұл толық баға емес. Оған салық салу, көлік шығыны қосылады. «ҚазМұнайГаз» ірі кен орында­рында мұнай өндіру құны кен орын­дарының күрделілігіне, мер­зіміне және әлеуметтік жүктемесіне бай­ла­нысты 10-36 долларға дейін өз­ге­реді. Мысалы, «Өзенмұнай­да­ғы» мұ­най­дың бір баррелі 29 дол­лар­ды құра­са, «Ембімұнайгазда» ол әлде­қайда төмен», – дейді Дәурен Қарабаев.  

МҰНАЙШЫЛАР ҚЫСҚАРА МА?  

Мұнай бағасы құлдыраған кез­де мұнай өндіруді қысқартпаймыз деген Қазақстан 11 сәуірдегі ОПЕК+ келісімінен соң бұл ұста­ны­мын өзгертті. Сөйтіп, мұнай өн­діруді тәулігіне 390 мың баррель­ге азайтуға міндеттеме алды. Олай етпеске шара да қалмаған еді: сұ­раныстың төмендеуі мұнай қор­ы­ның профицитін қалыптас­тырды. Мұнай сақтау орындары толып кетті. Бұл мұнай кен орын­дарының тоқтауына алып келер еді. Соған байланысты мамыр-маусым ай­ларында мұнай өндіруді шектеу туралы Үкімет қаулысы шықты. Аталған құжатқа сәйкес өндірісті шектеу орташа, ірі және алып кен орындары санатына жататын кен орындарына қолданылады. Мы­са­лы, елімізде ірі мұнай өндіруші – «ҚазМұнайгаз» компаниясы ма­мыр-маусым айларында мұнай өндіруді 164 тоннаға азайтады. «Қоршаған ортаны қорғауға жұмсалатын шығындар қысқар­май­ды. Ал геологиялық барлау жұ­мыстарына құйылатын инвести­ция кейінге қалдырылады. Себебі бұл бағыттағы шығын қазіргі баға­мен біз үшін тиімсіз. Сонымен қа­тар өңірлерде штат санын қыс­қарту туралы мәселе қаралмайды. Қысқартуды компанияның кор­поративті орталығынан бастадық. «ҚазМұнайГаздың» қазіргі кездегі басты мақсаты шығындарды кіріс деңгейіне сәйкестендіру», – дейді Дәурен Қарабаев.    width= Оның айтуынша, компания қыс­қартуды өңірлерде емес, орта­лық аппаратта жасамақ. Компа­ния­ның баспасөз қызметінің дере­гіне сүйенсек, орталық аппараттағы қыз­меткерлердің штат санын 34 па­йызға, яғни 729-дан 480 адамға дейін азайту туралы шешім қабыл­данған. Негізі, биыл аталған компания IPO өткізетін болған, мұнай нары­ғындағы және әлемдік қаржы на­ры­ғындағы жағдайдың өзгеруіне бай­ланысты IPO да өтпейтін болды.  

170 МЫҢ АДАМНЫҢ ТАҒДЫРЫ 

Мұнай арзандап кеткенде, мұ­найсервис компаниялары жағда­йымыз мүшкіл деп дабыл қаққан болатын. Енді мұнай өндірудің қыс­қаруы бұл сала үшін жығыл­ғанға жұдырық болып тиді. Қазір­дің өзінде қазақстандық 100 ком­пания тапсырыссыз қалған. Қазақ­стандағы мұнайсервис компания­лары одағының басшысы Рашид Жақсылықов бұл мәселені шешу үшін еліміздегі мұнай кен орын­дарындағы шарттарда қазақстан­дық компаниялар үлесін арттыруды ұсынып отыр. Өйтпеген жағдайда 170 мың адам жұмыссыз қалып, мемлекеттен көмек сұрауға мәжбүр болады дейді. Оның айтуынша, мұнайсервис саласында 2 мыңнан аса компания бар, онда 200 мың адам жұмыс істейді. «Қазақстандағы келісімшарт­тарда шетелдік компаниялардың үлесі көп. Осы шарттарды қайта қарап, қазақстандық мұнайсервис компанияларына беру керек. Италия, Қытай және басқа да елдер өз шекараларын жауып тастаған­дықтан, шетелдік компаниялар Қазақстанда жұмыс істей алмай отыр. Осы бос кеңістікті қазақ­стан­дық мамандар есебінен тол­тыру қажет. Отандық компаниялар ставканы төмендетіп, салық тө­леуді жалғастыруға дайын. Біздің сала 2018-2019 жылдар аралығында 1 триллион теңгеден астам салық төледі», – дейді ол. Оның болжамынша, 2021 жыл­дың төртінші тоқсанында мұнай бағасы барреліне 60 доллардан, ал 2022 жылы бір баррель үшін 100 долларға дейін көтеріледі. Сол кезде жұмыс тәжірибесі бар жергілікті кадрлар керек болады. «Әйтпесе, біздің барлық жұмысы­мызды тағы да қытай немесе ре­сейлік мұнай компаниялары алып алады», – дейді ол. Өзге мемлекеттер корона­ви­русқа байланысты жариялаған төтенше жағдайды алып, карантин талабын жұмсартып жатыр. Бұл экономиканы көтерудің амалы екені белгілі. Бірақ одан мұнайға деген сұраныс күрт артып кеткен жоқ. Әлі де болса, мұнай сақтау орындары, тіпті танкерлер де мұнайға толып тұр. Сондықтан кей елдер мұнай жағуды жоспарлап жатыр. Мұның экологиялық зарда­бы бар. Бірақ амал жоқ. Мұнай өндіру жобаларына инвести­ция салу тоқтап тұр. Инвесторлар тә­уекелге бара алмай отыр. 38 мил­лиард доллар инвестиция салынған Теңіз мұнай-газ кен орнын кеңейту жобасы тоқ­татылды. Рашид Жақсылықов­тың айтуынша, өткен жылдың соңында бұл жобаға салынатын инвестиция көлемін 40 миллиард долларға жеткізу жос­парланған екен. Алайда инвес­торлар жағдай­дың жақсарғанын күтіп отыр. Оның пікірінше, мұнай бағасы 30-35 доллар аралығында болса да, бұл кенішті ешкім дамытуға ты­рыспайды. Ол үшін мұнай бағасы 45 доллардан асуы керек. Сон­дықтан мұнай бағасы­ның әлі де өсуін күтуге тура келеді. Айтқандай, Rystad Energy сараптау агенттігі мұнай-газ сала­сы­на инвестицияның бәсеңдеуі ал­­дағы уақытта мұнай тапшылы­ғы­на әкелетінін болжады. Егер атал­ған салаға инвестиция құю жал­ғас­паса, онда 2025 жылы мұнай тап­шы­лығы тәулігіне 5 миллион бар­рельге жетеді екен. Демек, мұ­най-газ саласына инвестор тарту саяса­тын жалғастыра беру қажет-ақ.  

 width=  Халима БҰҚАРҚЫЗЫ