Наурыздағы мұнай бағасының күрт құлдырауы коронавирус инфекциясының зардабын тартып жатқан елдерге соққы болып тиді. Бұл проблема экономикасы мұнайға тәуелді Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Сәуірдің 11-де ОПЕК+ отырысы өтіп, тараптар мәселені мұнай өндіруді шектеу арқылы шешу туралы келісімге келді. Алайда Мексиканың мінез көрсетіп, бүйректен сирақ шығаруы мұнай бағасының тұрақтануын әжептәуір қиындатты. Содан бері өткен 1 айда мұнай бағасында қандай өзгеріс болды?
ҚАЗАҚ МҰНАЙЫНЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?
ОПЕК+ отырысынан соң мұнай бағасы өсіп кетпейді дегендердің болжамы тура келді. Мұнай бағасының тұрақтануы үшін 1 ай кетті. Бастысы, нәтиже байқалып отыр. Мысалы, өткен апта мұнай өндіруші елдер үшін оң нәтижемен есте қалды. АҚШ Энергетика министрлігінің есебі солай дейді. Жағымды жаңалық өзге елдерде де байқалады: Қытайда жиналып қалған мұнай қоры соңғы айларда қатты азайған. Ал әлемдегі мұнай қорының өсімі күніне 4 млн баррельді ғана көрсетіп тұр. Сәуірде бұл көрсеткіш 10 млн баррельге жеткен еді. Осы аптада да қоймаларда сақтаулы мұнай азаяды деген болжам бар. Бұл – мұнай өндіруді азайту туралы келісімнің нәтижесі. Лондондағы IHS Markit зерттеу институтының сарапшылары Азиядағы жағдайдың қалпына келе бастағанын, бірақ мұнайдың негізгі тұтынушысы саналатын елдерде әлі де карантин жалғасып жатқанын айтады. Мысалы, Үндістанда карантин 17 мамырда аяқталғанымен, жекелеген аймақтарда ай соңына дейін жалғасады. Сондықтан IHS екінші тоқсанда мұнайға сұраныс өткен жылмен салыстырғанда 22 млн баррельге аз болады деп санайды. Өткен апта мұнай бағасының өсуімен де есте қалды. Лондонның ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың шілде айындағы фьючерсі 7,1 пайызға өсіп, баррелі 31,82 доллар болды. Ал Brent маркалы мұнай бағасының баррелі 31,69 доллардан (+6,6%) сатылды. WTI маркалы мұнай бағасы 6,8 пайызға өсіп, 27,35 доллардан сатылды. Ал Қазақстанда өндірілетін мұнай қаншадан сатылып жатыр? «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары – қаржы директоры Дәурен Қарабаевтың айтуынша, мамыр айының басында Brent мұнайы 19 доллардан, Urals маркалы мұнай Қара теңізде 17 доллардан бастап жеңілдікпен сатылған. CPC Blend маркалы мұнай 12-14 доллар шамасында, Қытаймен шекарадағы баға – 14 доллар, бірақ бұл толық баға емес. Оған салық салу, көлік шығыны қосылады. «ҚазМұнайГаз» ірі кен орындарында мұнай өндіру құны кен орындарының күрделілігіне, мерзіміне және әлеуметтік жүктемесіне байланысты 10-36 долларға дейін өзгереді. Мысалы, «Өзенмұнайдағы» мұнайдың бір баррелі 29 долларды құраса, «Ембімұнайгазда» ол әлдеқайда төмен», – дейді Дәурен Қарабаев.МҰНАЙШЫЛАР ҚЫСҚАРА МА?
Мұнай бағасы құлдыраған кезде мұнай өндіруді қысқартпаймыз деген Қазақстан 11 сәуірдегі ОПЕК+ келісімінен соң бұл ұстанымын өзгертті. Сөйтіп, мұнай өндіруді тәулігіне 390 мың баррельге азайтуға міндеттеме алды. Олай етпеске шара да қалмаған еді: сұраныстың төмендеуі мұнай қорының профицитін қалыптастырды. Мұнай сақтау орындары толып кетті. Бұл мұнай кен орындарының тоқтауына алып келер еді. Соған байланысты мамыр-маусым айларында мұнай өндіруді шектеу туралы Үкімет қаулысы шықты. Аталған құжатқа сәйкес өндірісті шектеу орташа, ірі және алып кен орындары санатына жататын кен орындарына қолданылады. Мысалы, елімізде ірі мұнай өндіруші – «ҚазМұнайгаз» компаниясы мамыр-маусым айларында мұнай өндіруді 164 тоннаға азайтады. «Қоршаған ортаны қорғауға жұмсалатын шығындар қысқармайды. Ал геологиялық барлау жұмыстарына құйылатын инвестиция кейінге қалдырылады. Себебі бұл бағыттағы шығын қазіргі бағамен біз үшін тиімсіз. Сонымен қатар өңірлерде штат санын қысқарту туралы мәселе қаралмайды. Қысқартуды компанияның корпоративті орталығынан бастадық. «ҚазМұнайГаздың» қазіргі кездегі басты мақсаты шығындарды кіріс деңгейіне сәйкестендіру», – дейді Дәурен Қарабаев.170 МЫҢ АДАМНЫҢ ТАҒДЫРЫ
Мұнай арзандап кеткенде, мұнайсервис компаниялары жағдайымыз мүшкіл деп дабыл қаққан болатын. Енді мұнай өндірудің қысқаруы бұл сала үшін жығылғанға жұдырық болып тиді. Қазірдің өзінде қазақстандық 100 компания тапсырыссыз қалған. Қазақстандағы мұнайсервис компаниялары одағының басшысы Рашид Жақсылықов бұл мәселені шешу үшін еліміздегі мұнай кен орындарындағы шарттарда қазақстандық компаниялар үлесін арттыруды ұсынып отыр. Өйтпеген жағдайда 170 мың адам жұмыссыз қалып, мемлекеттен көмек сұрауға мәжбүр болады дейді. Оның айтуынша, мұнайсервис саласында 2 мыңнан аса компания бар, онда 200 мың адам жұмыс істейді. «Қазақстандағы келісімшарттарда шетелдік компаниялардың үлесі көп. Осы шарттарды қайта қарап, қазақстандық мұнайсервис компанияларына беру керек. Италия, Қытай және басқа да елдер өз шекараларын жауып тастағандықтан, шетелдік компаниялар Қазақстанда жұмыс істей алмай отыр. Осы бос кеңістікті қазақстандық мамандар есебінен толтыру қажет. Отандық компаниялар ставканы төмендетіп, салық төлеуді жалғастыруға дайын. Біздің сала 2018-2019 жылдар аралығында 1 триллион теңгеден астам салық төледі», – дейді ол. Оның болжамынша, 2021 жылдың төртінші тоқсанында мұнай бағасы барреліне 60 доллардан, ал 2022 жылы бір баррель үшін 100 долларға дейін көтеріледі. Сол кезде жұмыс тәжірибесі бар жергілікті кадрлар керек болады. «Әйтпесе, біздің барлық жұмысымызды тағы да қытай немесе ресейлік мұнай компаниялары алып алады», – дейді ол. Өзге мемлекеттер коронавирусқа байланысты жариялаған төтенше жағдайды алып, карантин талабын жұмсартып жатыр. Бұл экономиканы көтерудің амалы екені белгілі. Бірақ одан мұнайға деген сұраныс күрт артып кеткен жоқ. Әлі де болса, мұнай сақтау орындары, тіпті танкерлер де мұнайға толып тұр. Сондықтан кей елдер мұнай жағуды жоспарлап жатыр. Мұның экологиялық зардабы бар. Бірақ амал жоқ. Мұнай өндіру жобаларына инвестиция салу тоқтап тұр. Инвесторлар тәуекелге бара алмай отыр. 38 миллиард доллар инвестиция салынған Теңіз мұнай-газ кен орнын кеңейту жобасы тоқтатылды. Рашид Жақсылықовтың айтуынша, өткен жылдың соңында бұл жобаға салынатын инвестиция көлемін 40 миллиард долларға жеткізу жоспарланған екен. Алайда инвесторлар жағдайдың жақсарғанын күтіп отыр. Оның пікірінше, мұнай бағасы 30-35 доллар аралығында болса да, бұл кенішті ешкім дамытуға тырыспайды. Ол үшін мұнай бағасы 45 доллардан асуы керек. Сондықтан мұнай бағасының әлі де өсуін күтуге тура келеді. Айтқандай, Rystad Energy сараптау агенттігі мұнай-газ саласына инвестицияның бәсеңдеуі алдағы уақытта мұнай тапшылығына әкелетінін болжады. Егер аталған салаға инвестиция құю жалғаспаса, онда 2025 жылы мұнай тапшылығы тәулігіне 5 миллион баррельге жетеді екен. Демек, мұнай-газ саласына инвестор тарту саясатын жалғастыра беру қажет-ақ.