Сырбаз Сұлтанов
Сырбаз Сұлтанов
269
оқылды
Қуаныш Сұлтанов – қалың қазаққа аты белгілі, көрнекті мемлекет және қоғам қай­рат­кері. Тұғырлы тұлға. Мен Қуаныш Сұлтановтың есімін жастайымнан естіп өстім. Республика комсомол ұйымын басқарған азаматтың атын жастардың бәрі білетін. Бетпе-бет көргенім – 1992 жылы. Ол кезде «Егемен Қазақстан» газетінде еңбек етіп жүрген едім. Редакцияға тәуелсіз қазақ елінің Премьер-министрі Сергей Терещенко келетін болды. Алдын ала әзірлік жұмыстары басталып кетті. Бас редакторымыз Шерхан Мұртаза газет редакциясына қатысты проблемалық мәселенің бәрін Үкімет басшысына ашық жеткізейік деп тапсырма бер­ді. Соған байланысты Бас редак­­тордың орынбасары Ержұман Смайыл ағамыз бас болып, күрделі мәселенің бәрін жинақтап, жүйелей бастадық. Айтылған күні Премьер де кел­ді. Қасында жайдары жүз­ді, шашын артқа қайырған, қағылез кісі. «Қуаныш Сұлтанов» деп жатты әріптестер. Бірден жазбай танитын да жөніміз бар. Ол кісі Қазақстанның Ақпарат министрі. Кездесу ойдағыдай өтті. Шерағаң баспахана жұмы­сының нашарлап кеткенін айтты. «Кім бар лайықты?» – деді Қуаныш Сұлтанов. Шерағаң «Бұрын Тілеулесов деген мықты қазақ басқарғанда «Дәуірде» проблема болмайтын еді», – деді. Ақпарат министрі мәселені шешуге уәде берді, Премьер-министр де өз тарапынан қажетті жағдайдың жасалатынын айтты. Ертесіне «Дәуір» баспасының директорлығына Әнуарбек Тілеулесовті тағайындады. Сонда Қуаныш Сұлтановтың мәселені «қарастырып көрейік», «ойланайық», «көрерміз» деген сөздердің бірін де айтпастан дереу шешім қабылдағанына куә болған едік. Сол уақыттан бері Қуаныш ағаның бір сөзін екі айтып, болмайтын мәймөңкеге бармайтынын талай рет көрдім. Ақпарат саласының тұңғыш министрі ретінде де Сұлтанов атқа қамшы салдырған жоқ. Ең қиын да жауапты саланы жақсы басқарды. Еліміз тәуел­сіздікті енді ғана алып, нарық­тық экономиканың негізі қала­нып жатқан тұста қазақ журна­лис­тикасының кеуде көтеруіне бар күш-жігерін салып жұмыс істеді. Өйткені бұл өз саласы. Қалам қуатының қандай күші бар екенін жақсы білетін. Жабыққан жұртқа жұбаныш сөз айтуды, өтпелі кезең қиындықтарынан сүрінбей өтуді жақсы білді. Республикада жаңадан ашылған қаншама газет-журналдың шынайы тілеуқоры болды. Ол – ең алдымен журналист. Еңбек жолын Сарыөзек ауда­наралық баспаханасының жұмысшы-баспагері болып бас­таған қайраткер Талдықорған және Алматы облыстарының аудандық газетінде корректор, әдеби қызметкер, бөлім мең­герушісі болып еңбек етті. Одақтан өз еншісін алып, жеке мемлекет болып шыққан Қазақстанның ақпарат саласына білікті басшы керек болғанда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың таң­дауы Қуаныш Сұлтановтың кандидатурасына бекерден-бекер түспесе керек. Қазақстан тәуелсіздік алған тұста 1991-1993 жылдары тұңғыш Үкімет құрамында Баспасөз және бұ­қаралық ақпарат министрі қызметін атқарды. Аса жауапты саланың шешімі табылмаған, қордаланған қаншама мәселесін сабырлы да салмақты қалпымен оңды шеше білді. «1991 жылы 31 тамызда Президент жарлығымен Бұқа­ралық ақпарат құралдары және баспасөз министрлігі құрылды. Баспа, газеттер, телеарнаның бәрінің басын біріктіріп, бір министрлік жасап, соны маған басқартты. Екі жылдан соң 1993 жылы 18 қаңтар күні Президент мені Премьердің орынбасары етіп бекітті. Басында идеология қажет емес дедік, сосын идеология керек болды. Өйткені жұртпен жұмыс істеу, сөйлесу, орыс, қа­зақ тілдерінде елге жағдайды, қабылданып жатқан шешімдерді түсіндіру жұмыстары көп қажет болды. Премьер-министрдің кабинеті құрылымында, об­лыс­тардағы әкімшіліктерде орын­басарлар құрып, олардың ішкі саясат бөлімдерін құрғызып, елмен жұмыс жүргіздік. 1994 жылы сәуірде Жоғарғы Кеңес Төрағасының орынбасары бол­дым. Астананы көшіру идея­сын айтылған сәттен қолдадым, өйткені менің ол кездегі ең бі­рінші көзім жетіп тұрғаны демо­графиялық жағдай әрі Президенттің ойланып-тол­ғанып жүргенін жанында жүріп көрдім. Осы жерден біздің не­гізгі ұлтымыздың көшіп жат­қаны жүрекке ауыр тиді. Ал Ас­тананың осында келуі ар­қылы демографиямыздың түзе­летініне кәміл сендім. Бірақ экономикалық жағдайға күмә­німіз болды. Қаржы қайдан ке­леді, тұрмысымызды қалай көтереміз деген күдік болғаны рас. Ал идеяға күмән жоқ. Ал­маты географиялық жағынан оңтүстік, оңтүстік-шығыс жақ қой. Қаншама жер мына жақ­та қалып отыр. Бұл жер – геогра­фиялық орталық. Ұлттың қамы» деп сол кезеңді еске алады. Ақпарат министрі қызме­тінен басталған жол заң шы­ғарушы орган Парламентке дейін ұласты. Ел игілігі үшін тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолында аянбай еңбек етті. Жалпы, Қуаныш Сұлтановтың қызметін екіге бөліп қарауға болады: тәуелсіздікке дейін және тәуелсіздіктен кейін деп. Сұлтановтың жастық кезеңі өткен ғасырдың 60-жылдарына сәйкес келді. Ол кезде тың игеру жаңа басталып жатқан кез. Алып империяның құрамындағы шағын мемлекеттің бәрі бір ғана жерден басқарылатын. Барлық адам сол заңдылыққа бағынды. Одан шығып кету мүмкін емес еді. Сол кездегі өмірі туралы қайраткер былай деп сыр шертеді: «Біз орта мектепті бітірген 1961 жылы Мәскеуден мектеп бітірушілер жоғарғы оқу орнына түсу үшін кем дегенде екі жыл өндірісте еңбек етсін немесе әскери борышын өтеп келсін деген тапсырма болды. Бір жағынан біз оны дұрыс қа­былдап, сыныбымызбен шаруа­шылық бригадасын құрып, колхоз шаруашылығына кеттік. Жүгері өсірдік. Жер жырттық. Егістікке жүк тиеуші болып, қи тасып төктік. Оқуға түсу үшін екі жыл жұмыс істеу ке­рек болды. Біз сол жолдардан өттік», – дейді. Ол жастайынан еңбек дегеннің не екенін біліп өсті. Ащы тірліктің дәмін ерте татты. Мемлекет ісіне жоғары парасатпен, өмірлік мектептен өтіп, барынша даярлықпен келді. Оның бұл тәжірибесі қызмет баспалдақтарында сүрін­беуіне ерекше әсер етті. Жас болса да, бас бола білді. 36 жасында Орталық партия комитетінің әуелі мәдениет, одан кейін ұйымдастыру бөлімдерін басқаруы – осының дәлелі. Қазақстан комсомол комитеті, Орталық партия комитетіндегі қызметтер – Қуаныш Сұлтанов­тың елге қызмет ету жолындағы алғашқы баспалдағы еді. Ол Өзбекәлі Жәнібековтей дана саясаткердің мектебінде шың­далды. Тәуелсіздік елге оңай келмегенін жан-тәнімен сезінді. Әлі күнге қоғам қауіпсіздігіміз үшін қалғымауы керек екенін жиі айтып отыратыны да сондықтан. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін жастық жалынын жастар ұйымын басқаруға жұмсаса, азаттық лебі ескеннен кейін Қуаныш Сұлтановтың нағыз қайраткерлік кезеңі басталды. «Елдестірмек – елшіден» дегендей, дипломатиялық қыз­метті де абыроймен атқар­ды. Соның бәрінде Қазақ мем­лекеттілігін қорғау, орнықтыру, тұғырлы ету жолында адалдық танытты. «Жаңа дәуірде жаңа өріс, жаңа өркендеу, халықтың шоғырлануы, тұрақталу, демографиялық ахуал­ды оңалдыру қажет бол­ды. 90-жылдарда солтүстік көр­шілерден мемлекетіміз туралы оғаш әңгімелер көп есті­летін. Соның бірі 1990 жылы Солженицын деген орыс әлемінің құрметтейтін беделді жазушысы «Как обустроить Россию?» деген мақаласында Қазақстанның мемлекеттілігіне күмән келтірді. Ондай көзқарасты осы уақытқа дейін қоректеніп жүрген әртүрлі күш бар. Қауіпсіздік – үнемі қалғымай, қадағалап отыратын мәселе», – дейді қайраткер. Елбасының үзеңгілес серік­терінің бірі ретінде Қуаныш Сұлтанов мемлекеттілікті ор­нық­­тыруға, тәуелсіздік талап­тарын жүзеге асыруға, елдік мә­се­лелердің оңтайлы шешілуіне бар­лық күшін сарқа жұмса­ды. Соның арқасында қазақ қоға­мында атына кір жұқпаған, лас істерден бойын аулақ салған, үнемі тазалық пен адалдық жо­лын­­да жүрген кемел тұлға болды. Бұл күнде талай нәрсе тарихқа айналды. Астанамыздың сәнді де сәулетті қалаға айналғанын елдің бәрі біледі. Бір естелігінде Қуаныш Сұлтанов «Нұрсұлтан Назарбаев 2002 жылы «Бәйтерек» монументін көтерді. Мен ол кезде Сенат депутаты едім. Президент Сенаттың, Мәжілістің Комитет төрағаларын, біраз депутатты шақырып, «Бәйтеректің» төбесіне шықтық. Жан-жағымыз, айналаның бәрі дала. Бірақ «Бәйтеректің» басында жоба тұр. Сонымен 2005 жылы Ақорда жарқ ете түсті. Ақордамен ілесе Үкімет, Парламент ғимараттары бой түзеді. 2005 жылы осы ғимаратқа ескі қаладан көшіп келдік. Соның өзінде жел азынап тұратын. «Нұрсая» тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында бүгінгідей қаптап тұрған кафе, мейрамхана, дүкендердің бірі жоқ. Қысқа мерзімде Астана өзі ғана көтерілген жоқ. Астана бүкіл қазақтың жерін, мәртебесін, өнеркәсіпті, шаруашылықты, экономикамызды көтерді. Сондықтан Астананың жетек­шілік атқаратын орны ерекше. Біздің ұлтымыздың мәртебесін көтерген, солтүстік өңірлерінде тұрақтануына шешуші ықпал еткен де осы Астана» деп терең­нен ой толғайды.  

Өз алдымызға мемлекет болып, өз тілімізге мемлекеттік тіл деп мәртебе беріп, қазақ мектептерін көбейтіп, ЖОО қазақ тіліндегі пәндерді тиімді етуге пәрмен беріп тұрған дәуірде үлкені бар, кішісі бар әлі күнге көп отан­дасымыздың қазақ тілінде сөйлемей, сөйлегісі келмей жүргені ұлттық сананың төмендігі дер едім. Кейде тіл мәселесіне біреу кінәлі, билік пен Үкімет кінәлі деп жатады. Бұған әрбір азаматтың өзі жауапты екенін түсінер жағдайға жете алғанымыз жоқ.

  Біз бүгін Сұлтановтың қай­рат­керлік қырына тоқтал­мақпыз. Бұл кезең оның Парламент мінберінде көтерілген уағы. Кейіпкеріміз – 2001 жылдың 21 мамырында Президент пәрменімен Парламент Сена­тының депутаты болды. 2001-2007 жылдар аралығында Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетін басқарды. Сарабдал шешімдер қабылдады. Сындарлы ұсыныстар жасады. 2007-2011 жылдар аралығында Халықаралық қатынастар, қор­­­ғаныс және қауіпсіздік ко­митетіне төраға болды. Сенат қа­­бырғасында жүргенде Сұлтанов­­тың беделі көзге ұрып тұ­ра­­тын. Айтқан сөздері уәжді. Бай­ламы пәтуалы. Күлбілтеге салмайды. Қашанда орнықты қал­пынан жаңылмайды. Мем­лекеттік мәселелерді майшаммен қарайды. Көзінің нұрын кемітіп, қаншама құжатты мұқият оқиды. Өзі басқарған екі комитетте де өте беделді болды. Сенатқа сал­мақ берген, сән берген саясаткер ұстамды табиғатынан жаңылған жоқ. 2012 жылдың 20 қаңтарынан бастап «Нұр Отан» ХДП-дан Парламент Мәжілісінің депу­таты. 2012 жылғы қаңтардан бері Парламент Мәжілісі Төраға­сының жанынан құрылған Депу­таттық әдеп кеңесінің төра­ғасы. Халықаралық істер, қор­ғаныс және қауіпсіздік коми­тетінің мүшесі. 2005 жылы – ЕҚЫҰ реформалау жөніндегі көр­некті саясат қайраткерлері кеңесінің мүшесі болды. Қуаныш Сұлтанов ұлттық мәселелердің қай-қайсысынан да бойын аулақ салған емес. Мемлекеттік тіліміздің лайықты тұғырға қонуы үшін қолдан келе­тіннің бәрін істеп бақты. Азаматтық ұстанымы айқын. Елдікке берік. Мемлекеттілік жолында табанды. Тіл – ұлттың жаны. Мем­лекеттік тілдің мәселесі де Қуаныш Сұлтановтың жанын ауыртпай қоймайды. Оның «Өз алдымызға мемлекет болып, өз тілімізге мемлекеттік тіл деп мәртебе беріп, қазақ мектептерін көбейтіп, ЖОО қазақ тіліндегі пәндерді тиімді етуге пәрмен беріп тұрған дәуірде үлкені бар, кішісі бар әлі күнге көп отан­дасымыздың қазақ тілінде сөйлемей, сөйлегісі келмей жүргені ұлттық сананың төмендігі дер едім. Кейде тіл мәселесіне біреу кінәлі, билік пен Үкімет кінәлі деп жатады. Бұған әрбір азаматтың өзі жауапты екенін түсінер жағдайға жете алғанымыз жоқ. Алаш идеясын зерттеуде алаштанушылар мен ғалымдар, бүкіл қоғам болып ұлттық тілі­міз­дің мәртебесін көтеруіміз керек» деп шырылдауы да бекер емес. Рухани салада көзге көрінетін, көрінбейтін қаншама жұмыс бар. Қоғамның бел ортасында, идеология майданының алғы шебінде жүрген азамат ұлты­мыздың еңсе тіктеуіне өз үлесін қосты. Алаштану саласының жан­данғаны – тәуелсіздіктің жемісі деп түсінеді. «Осы 29 жылда алаштану саласы құрылды. Алаш тарихына байланысты мыңдаған мақала, зерттеу жарық көрді. Бұл да тәуелсіздіктің жар­қыраған көрінісі. Тәуелсіздік, бостандық, тең құқықтық, жа­сампаздық – біздің заманнан ұрпаққа қалдырар асыл мұра, аманат. Өкінішке қарай, біз әлі күнге мемлекеттің тәуелсіздік идеясын жарнама деңгейінде ғана пайдаланып, оның ішкі мазмұнына терең бойлай алмай жүрміз. Бейқамдығымыз басым. Тәуелсіздік алдық, ендігәрі осылай тұра береді деген ой көп. Осы мәселелерді қозғап, Елбасы халықтың санасына қоз­ғау түсірген «Рухани жаң­ғыру» мақаласының негізгі мақсаты – осыны ескерту, әр қазақтың санасына жеткізу. Жас ұрпақты елін, ұлтын, ана тілін, Отанын сүюге тәрбиелеуді саяси насихат деп түсінеміз. Отаншылдық туралы әңгімені саясат деп қабылдаймыз», – дейді қайраткер. Қуаныш ағамен Nur Otan партиясы партиялық бақылау комитетінің төрағасы міндетін атқарып жүрген кезде жиі ұшырасып жүрдім. Еліміздің жетекші партиясының жауапты бір буынына жетекшілік еткен тұста сабырлы қалпынан жа­ңыл­май, кез келген мәселеге жауап­кершілік тұрғысынан қарайтынын байқадым. Бірде бір өңірдің партиялық бақылау комитетінің басшысы есеп берді. Ол ә дегеннен сасқалақтап, аузынан сөзі, қолынан бөзі түсіп, біраз қиналды. Жұмысы дұрыс. Бірақ жоғары мәртебелі жиынға тұңғыш рет шыққан болуы керек, әбден састы. Оның әбіржіген түрін көрген Қуаныш аға «Айналайын, бұл жерде еш­кім ешкімнің басын алайын деп отырған жоқ, жұмысың дұрыс екен, өзің жақында ғана тағайын­далыпсың, біріншіден, асып-саспа, екіншіден, бұл жер жазалаушы орган емес, біз саған көмектесеміз» деп жігерін шыңдады. Жақсы сөзге қанаттанған азаматтың қуанышы бетке ұрып, дереу өзін де, сөзін де түзеді. Ағалық ақыл дегенді осы күні екінің бірі айта бермейді. Жанашырлық дегенді кез келген таныта бермейді. Жаңағы жерде сәл әңгіртаяқ ойнатып, жағдайды пайдаланып, есеп берген басшыны тықыртып, тұқыртып алатындар болуы мүмкін еді. Қуаныш аға қазақтың «Кең болсаң, кем болмайсың» деген даналығын өзіне өмірлік ұстаным етіп алғанын көрсетті. Жастар ұйымын басқарған тұста да, кейінгі қоғамдық, мемлекеттік қызметтерінде жүр­ген кезде де Қуаныш Сұлтанов қаншама өнер адамының өрге шығуына қолдау көрсетті. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, жас таланттардың тұсауын кесіп, үлкен айдынға шығарды. Оның бәрін бұл мақалада тізіп жату артық шығар. Әйтсе де, талай өнерпаздың Сұлтанов есіміне аса үлкен құрметпен қарайтыны анық. Сыйласқанмен сыйласу, сырласқанмен сырласу – Қуаныш ағаның тағы бір қыры. «Адамның күні – адаммен» деген. Осы халық қағидасы бұл кісінің күндіз-түні жадында тұратын болса керек. Өзі араласқан, құраласқан талай адамның атына жылы лебізін білдіріп, жүрек төрінен орын ұсынатын жақсы қалпына қалайша риза болмайсың. Қуаныш Сұлтанов әріптестер әлемі жайлы әдемі естеліктер топтамасын жазды. Соның бірі – Әбіш Кекілбаев туралы. Әбекең туралы: «Әбіш Кекілбаев – заманымыздың заңғар тұлғасы. Кекілбаев туралы сөз айту кімге болса да оңайға түсе қоймас. Өйткені Кекілбаевтың өзі – бір әлем. Шүкір, қазір сол ға­жайып әлемді зерттеп, оның ерекшеліктеріне шұқшия үңіліп, Кекілбаевтың шығармашылық өнері туралы жазылған мақалалар да бірнеше томға жетерлік. Әбекеңнің шығармашылық еңбегі туралы пікір білдіріп, еңбек жазғысы келген әрбір адам бұрынғы айтылған сөз, жазылған дүниелерді қайталағысы келмей, тың жол тапқысы келетіні табиғилық. Кекілбаевтай ше­шендікпен сөйлеп, Кекілбаевтың шеберлігіндей жазу – тек сол Әбекеңнің үлесіне тиген жеке тұлғалық ерекше қасиет» деп жазады. Ер азамат еліне адал болса, абырой да алыс кетпейді. «Еңбек Қызыл Ту», «Парасат», ІІ дәрежелі «Барыс» орден­дерімен, 12 медальмен мара­патталған Қуаныш Сұлтановқа 2008 жылы Прези­дент жар­лығымен «Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері» құр­метті атағы берілді. «Қазақстан Рес­публикасы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қай­раткері» атағы, отандық жур­налистиканың дамуына қосқан зор үлесі үшін Қазақстан жур­налистика академиясы тағайын­даған «Алтын самұрық» жүлдесіне ие болғаны тағы бар. Қазақстан журналистикасын дамытуға сіңірген көрнекті еңбегі және айтулы үлесі үшін «Қазақстанның құрметті журналисі» белгісі лайықты марапат. Қаламгерлік қабілетін жыл өткен сайын ұштай түскенін ел-жұрт жақсы біледі. Қуаныш ағаның қаламынан «Қар­лы­ғаштар», «Жастар екпіні», «Қа­зақстан комсомолы», «Та­ныс, бейтаныс – Тәуелсіздік», «Қа­зақстан – Қытай: тарих және бүгінгі күн», «Қазақстан – Қытай – құжаттар мен ма­териал­дар», «Алыптың оянуы» (Қытай реформалары туралы очерктер, телавтормен), «Қа­зақстандағы және Қытайдағы ре­формалар», «Мүдделер тоғысы. Перекресток интересов», «Қа­зіргі заманғы саяси процесс», «Серпінді кезең», «Заман және замандастар», «Қазақтың жаңа дәуірі», «Елбасы және қазақ мемлекеттігі» кітаптары өмірге келді. Халықтың қазынасына айналды. Кісінің есімі текке қойыл­майды. Жеңіс салтанатына ел болып қуанып жатқанда дүниеге келген сәбиге «Қуаныш» деген ат қойылған. Біз Қуаныш Сұлтановтай сырбаз ағамыздың барына қуа­намыз.  

Нұртөре ЖҮСІП, ҚР Парламент Сенатының депутаты