Дубайда қайтыс болған спортшы қыздың мәйітін елге әкелуге туыстары қаржы таппай отыр
Дубайда қайтыс болған спортшы қыздың мәйітін елге әкелуге туыстары қаржы таппай отыр
Фото: КТК-дан скриншот
Дубайда көз жұмған қызының сүйегін еліне жеткізе алмай отырған алматылық отбасы Сыртқы істер министрлігінен көмек сұрап отыр, – деп хабарлайды КТК. Телеарнаның хабарлауынша, Умида Сабирова бір апта бұрын Дубайда көз жұмған. Болжам бойынша, Умида Сабирова өз-өзіне қол жұмсаған. Бірақ туыстары бұған сенбейді. Өйткені 20 жастағы бойжеткеннің қазасына қатысты «жұмбақ тұстары көп» дейді. Марқұм Дубайдағы қонақүйде жұмыс істеген екен. Қазір адам өліміне қатысты тергеуді жергілікті полиция жүргізіп жатыр. Қыздың анасы Мехриай Сабирова: «Қызымның қайтқанына 7 күн болды. Біріккен Араб Әмірліктерінен оның денесін қайтарсыншы. Басқа ештеңе сұрамаймын. Ешкімді айыптамаймыз. Ата-әжесінің жанынан мұсылманша жерлегіміз келеді», - дейді. Умида Сабирова былтыр тамызда Біріккен Араб әмірліктеріне жұмысқа кеткен. Дубайда хостес қызметіне орналасқан. Жалақысын үйіне жіберіп көмектесіпті. Ең басты мақсаты – университетке түсуге ақша жинау еді. Әпкесі Манзураның айтуынша, соңғы кезде оның ізіне белгісіз біреулер түсіп аңдыған. Сіңлісінің жұмбақ өлімін сонымен байланыстырады. Марқұмның әпкесі Манзура Сабирова: «Умидаға соңғы кезде бірдеңе болғаны анық. Біреу оны қатты қорқытып,  аңдыған. Сондықтан үйге қайтқысы келетінін айтты. Қазір бәрін суицидке ысыра салып жатыр. Бізге өлімге қатысты шындық керек емес. Бауырымның денесін жүк таситын ұшақпен болса да, қайтарсыншы. Не болса да, олар өздерін ақтап, шындықты жасыратыны анық». Умида ағылшын және француз тілдерін жетік меңгерген. Мектеп жасынан бастап жеңіл атлетикамен айналысып, Алматы қаласының намысын қорғаған екен. Жастар арасында ел чемпионы деген атағы бар. Жеке бапкері Светланамен соңғы рет 21 сәуірде сөйлескен. Жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың жаттықтырушысы Светлана Бодрицкая: «Өте еңбекқор қыз. Соңғы жарты жылдай менің қол астымда жаттықты. Барлық тапсырманы бұлжытпай орындайтын. Колледждегі оқуы мен спортты қатар алып жүрді. Былтыр шілде айында Қазақстан кубогына қатысып, артынша Дубайға кететінін айтты. Болған жайтқа сене алар емеспін», – дейді. Ал еліміздің Сыртқы істер министрлігі Умида Сабированың өліміне қатысты істі бақылауға алғанын мәлімдеді. Тергеу жұмыстары екі-үш аптаға созылуы мүмкін. Ал марқұмның туыстары карантинге байланысты Дубайға ұша алмай отыр. Оған қоса, мәйітті елге жеткізуге қыруар ақша қажет. Ондай соманы табысы аз отбасының қалтасы көтермейді.